20170729115650

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өскеменде ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 және 6699 әскери бөлімдеріндегі бес жүзге жуық жас сарбаз бүгін әскери ант қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдінің хабарлауынша, Өскемендегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына биылғы көктемде Алматы қаласынан, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан шақырылған және жас сарбаз курсынан өткен 450 жауынгер келген. Бүгін олар Отанға және халыққа әрқашан адал болуға ант етіп, Ұлттық ұланның толыққанды жауынгері атанды. Айта кетерлігі, биылғы жылы Ұлттық ұлан қатарына қосылғалы отырған жас сарбаздар үшін ант қабылдау Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің және Ұлттық ұланның 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Салтанатты шараға Өскемен қаласының әкімі және де облыстық, қалалық мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» ХДП филиалының басшылары, діни ұйым өкілдері мен Ішкі әскер ардагерлері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген сарбаздардың туған-туыстары мен оқушылар қатысты. Ант қабылдау рәсімі барысында жас сарбаздардың саптық дайындық және қоян-қолтық ұрыс әдістері көрсетілді. «Бүгін сендер Қазақстан мемлекетіне және оның Президентіне, Ата заңына адал қызмет етуге салтанатты түрде ант бердіңдер! Берген анттарыңа адал болып, жауынгерлік қызметтеріңді абыроймен атқарып, ата-аналарыңа аман-есен оралуларыңа тілектеспін!» -деді ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмреев.   Шара соңында жас сарбаздар негізгі жеке құраммен бір сапта салтанатты шерумен жүріп өтті.

 327 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *