38785-6-v_semee_gotovyat_dorog_ru

Семей.02.11. “Semeyainasy” – «Синоптиктер алдағы қыстың соңғы 100 жылдағы ең суық қыс болатынын ескертуде. Сондықтан жолаушылар жолға шығарда хабарламаларға құлақ түріп, сақтық шараларын жасауы шарт. Жылы киініп, артық қалың киімдер мен азық-түліктерді де бірге ала жүріңіздер». Ішкі істер басқармасы қызметкерлері Семей жұртшылығына осылай деп ескертеді.

Мәселен, Семей қалалық коммуналдық қызметтерінің ақпараты бойынша қыс мезгілінде екі мекеме қала көшелерін тазалау жұмыстарымен айналысатын болады. Олардың айтуынша, «Зеленстрой» кәсіпорнының 34 техникасы мен «Озон» кәсіпорнының 17 техникасы биылғы қысқа дайындық үстінде. Оның ішінде 11 қар тазалағыш машина, 5 автогрейдер, 5 тиегіш машина, 18 аспалы құралмен жабдықталған трактор, 15 автотүсіргі машина бар. Ал ІІБ мәліметтеріне қарағанда, ШҚО өңіріндегі тас жолдарда қар көп түсетін 557 аумақ тіркелген екен. Оның ішінде «Таскескен-Бақты», «Алматы-Өсемен», «Омбы-Майқапшағай», «Омбы-Майқапшағай-Қалжыр-Теректі» тас жолдарына қардың көп түсуінен қорғайтын қалқандар орнатылмаған. Сонымен қатар Зайсан, Қатон-қарағай аудандарының республикалық маңызы бар тас жолдарында көктайғаққа қарсы құм себу жұмыстары жеткіліксіз. (Зайсан тас жолына қажетті 300 тоннаның қолда бары 33 тонна, Қатон-қарағай тас жолына қажетті 260 тоннаның қолда бары 120 тонна).

Алайда қазір аталған олқылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізіліп, арнайы комиссия мүшелері барлығын тексеріп жатқанын тілге тиек еткен жөн.

Семей қалалық ІІБ басшысының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Құлжанбеков:
—Қысқы жол маусымының басталуына байланысты ІІБ сақтық шараларын күшейтті. Биыл 13 маршрутты және 13 стационарлы тексеру посттары жұмыс жасайды. Өткен жылы ауа-райының қолайсыздығына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда 87 рет жол қозғалысы тоқтатылып, бұл шамамен 350 сағатқа созылған еді. Полиция қызметкерлері жолда қалған 120 автокөлік пен 400-ден астам жолаушыға алғашқы көмек көрсетті. Алыс сапарға аттанар алдында ескерту хабарламаларын оқып, міндетті түрде ұялы телефондарыңызды қуаттап шығыңыздар. Себебі көмек шақырудың ең оңтайлы жолы – ұялы телефон арқылы байланысқа шығу, – деп ескертті қала тұрғындарына Талғат Құлжанбеков.

Ғанибек Түсіпбек

 446 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *