Жақып Ақбаев – Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер. Құқықтану магистрі, 1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, №3 ауы¬лының Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасында туған. 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында оқып, 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, онда 7 жыл, онан кейін Томск гимназиясына ауысып онда бір жыл оқып, 1893 жылы бітіріп шығады да, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. 1903 жылы 1-дәрежелі дипломмен бітіріп шығады.
Жоғары оқу орындарында оқып жүргенде ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талаптанады. Адамның есте ұстау қабілеті мен фактілерді екшелеудің әдіс-тәсілдерін жете меңгеру үшін Одесса қаласындағы мнемоника профессоры С.Файнштейннен дәріс тыңдауға және Санкт-Петербургтегі Археология институтына оқуға түсуге университет басшыларына өтініш те жазады. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты түрмеде отырғанда ары қарай жалғастырып, кеңейтіп, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялайды. Жоғары оқу орындарын бітірісімен Омбы сот палатасына қызметке тұрады.1905 жылғы тамызда Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітімші соты болады.
1905 жылғы шілде айында Омбы қаласында патша әкімшілік орындарының мәжілісі өтіп, онда Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сухотин бас болып қазақ өкілдерін Дума сайлауында қатыстырмау туралы мәселе қозғайды. Міне, осы шешімге қарсылық ретінде Ә. Бөкейхановтың ұйымдастыруымен Қарқаралы уезінің 42 қазақ өкілетті адамдары атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде Ақбаевтың құрастыруымен жеделхат жіберіледі. 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесінен кейін жер-жерде бостандық, теңдік, сөз еркіндігі жөнінде қызу талас, митингілер өтіп жатты. Іле-шала осындай митингі, шерулер 19 қазанда Омбы қаласында өтіп, оған Ақбаев қызу кірісіп кетеді. «Үкіметке тіл тигізгені» үшін ол қызметінен қуылады. Артынан ол Кереку қаласы, Баянауыл станицасында жиындар өткізіп, патша режимін шенеген сөздер сөйлейді.1905 жылғы 15-16 қарашада Қарқаралы қаласында өткен үлкен жиында ол тағы да жалынды сөз сөйлейді.
Патшаның жергілікті әкімшілігі «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деп 1906 жылғы 11 қаңтарда тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді. Міне, осы кезден бастап Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп, абақты-айдаудан көз ашпады деуге болады.Жетісу облысының Қапал уезіне жылға жер аударылады. Қайда жүрсе де ол патша шенеуніктерінің парақорлығын, халыққа жасаған озбырлығын үнемі әшкерелеп отырады Қарқаралы уезіндегі шаруалар учаскесінің бастығы Цыловтың және де басқалардың парақорлығын әшкерелейді. Қапалда жүргенде де келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүдделерін қорғап, осында айдауда жүрген К.Төгісовпен бірлесіп, сот процесінде әділ шешім шығаруға ықпал жасайды.
Ж.Ақбаев түрмеде жатып, Санкт-Петербург университетінің профессоры, белгілі заңгер Л.И.Петражицкийге бірінші болып қазақ өлкесінің дербес автономия алуы мәселесін көтеріп хат жолдайды. Ғылыми диссертациялық шығармашылық жұмыспен де шұғылданып, қорғауға бекітіп алған тақырыбын түрмеде отырғанда ары қарай жалғастырып, кеңейткен ол өзі мүшесі болып табылатын Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің «Запискилерінің…» 1907 жылғы 3-ші басылымына “Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов” деген атпен жариялайды.
Жақып Ақбаев саяси қылмысы үшін 1908 жылы алғашында Ақмола облысының Омбы оязына 5 жылға, кейіннен 1909 жылдың 19 наурызында Ресей Ішкі Істер Министрлігінің шешімімен Жетісу облысының Қапал қаласына (басында Якутияға) жер аударылады. 1908 жылдан Дала генерал-губернаторлығының кеңесінің бөлімінде ашылған Жақып Ақбаевтың арнаулы ісі 1917 жылдың Қазан төңкерісіне дейін жүреді. 1910 жылы Ж.Ақбаев патша өкіметіне қарсы күресін тоқтатпағаны үшін Тобыл қаласына жер аударылған. Айдауда жүрседе саяси күресін әсте тоқтатпаған Жақып Ақбаев бүркеншік атпен “Айқап” журналына мақалаларын жолдап, жариялатып отырған.
Міне, осы кезден бастап Жақып Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп абақты-айдаудан көз ашпады деуге болама.
Ж.Ақбаевтың патша әкімшілігінің жоғары орындарына өзінің жазықсыз жапа шегіп, айдауда да жүрген мерзімін қысқартып не сот үкімін бұзу жөніндегі арыз-шағымдарында (мысалы , сенатор граф Паленге осы құжатты және Ақбаевқа қатысты басқа да материалдарды алғаш тауып, жариялағанбелгілі ақбаевтанушы-ғалым, М.Құл-Мұхаммед) өзінің жеке басының мәселелері көрініс тапқандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде ол құжаттарда патша әкімшілігінің озбырлық, зорлық-зомбылық, зымияндық саясаты, шенеуніктердің парақорлығы, жер мәселесінің ушығуы сияқты және осылардан туындайтын бодандықтағы қазақ қоғамын іштей кеулеп, жегідей жеген әлеуметтік кесепаттар – партия таласы мен мансапқорлық және басқа да келтірілген фактілер жалпы қоғамға тән шынайы әлеуметтік шындықты қамтығандықтан оларды сол жалпы қоғамдық деңгейде қарастырған сүбелі еңбек болып саналу қажет.
Бұл да күрескерліктің, отаршылдық саясатты әшкерелеудің және метрополия заң нормаларын ұтымды пайдаланудың бір тәсілі болып табылады. Әлбетте, бұндай күрес зор білім мен біліктілікті қажет етеді. Сондықтан да отаршыл жүйе ұлттың бас көтерерлерін тұқыртып қудалауы өзінен-өзі түсінікті. Бірақ Ақбаев сынды ұлттың қайсар тұлғалары қайыспады. Бүкіл ғұмыры айдауда болса да, өмірінің соңына шейін ұлт, елдік үшін күресі соның бір жарқын айғағы іспетті.
Ж.Ақбаев 1912 жылдың ақпанында Қарқаралыға қайтып оралып, полицияның қадағалауына алынады. 1913 жылы Қарқаралыға Ә.Ермековтің басшылығымен келген қазақ әдебиеті мен ауыз әдебиеті шығармашылығын зерттеуші Г.Потанинді үйінде қонақ қылып күтіп, кеш ұйымдастырады. Ол жайлы зерттеушілер Ю.Попов пен В.Новиков «Григорий Потаниннің соңғы саяхаты» атты еңбегінде: «Саяхатшылар ат басын Ақбаевтың ауылы орналасқан Мыңбұлаққа бұрды. Жақып Ақбаев қазақтың тұңғыш құқықтанушысы болатын. Ол Петербург университетін бітіріп, Омбы сот палатасында қызмет істеді. Географиялық қоғамның да мүшесі болған Ақбаев Г.Н.Потанинді жақсы білетін. Сондықтан ол меймандарды құшақ жайып, қуана қарсы алды… Г.Н.Потанинге әрі пайдалы, әрі ұнамды ету мақсатымен Жақып Ақбаев музыкалы – әдеби кеш өткізді. Онда мектеп пен гимназия оқушылары ән шырқап, өлеңдер оқыды, ұлттық музыкалық шығармаларды орындады»- деп жазған.
1914 жылдың жазында Омбы сот палатасына қызметке қабылдау туралы өтініш жазады, саяси сенімсіздігі үшін жұмысқа алынбағандықтан адвокаттық практикамен айналысуына тура келеді. Қудалаудан құтылмай тағы да Семей түрмесіне қамалып, 1917 жылдың басында босап шығады.
1917 жылы патша тақтан құлаған соң, елдегі саяси өзгерістерге араласып, 1917 жылдың 20 наурызында Қарқаралыда орыс-қазақтардан құралған, құрамына М.Бекметев, Ф.Бекметов, Н.Орманбетов, Н.Нұрмақовтармен бірге өзі де кірген Уақытша өкіметтің уездік біріккен атқару комитетін құрады. Кейіннен комитеттің ішінде жік туып , ұлт араздығын қоздырушы деген айыппен, саяси ұрандар таратқаны үшін Ж.Ақбаев қамауға алынады. Алайда өзі жазықсыз деп танылып, оның қарсыластары комитет құрамынан шығарылады.
1917 жылы «Алаш» партиясын, “Алашорда” үкіметін ұйымдастырушы қайраткерлердің қатарында болды. Осы жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен Бүкілқазақтық съезге қатысып, оның басшы құрамында болады. 5-13 желтоқсанда өткен Орынбордағы 2-бүкілқазақ съезінде “Алашорда” үкіметінің мүшелігіне еніп, съезде 26,5 мың адамнан құралған тұрақты әскер құру идеясын көтереді. Сондай-ақ үш алаш полкін құруға басшылық жасайды, олардың екеуі Семейде, үшіншісі Торғайда орналасады.
Ғалым ретінде мемлекеттік құрылысты белгілеуде , Алашорда автономиясының мемлекеттік институттары мен үкіметін құруда, Алашорда автономиясының шекарасын анықтауда Жақып Ақбаев басты рөл атқарған.Ол “Алашорда ” үкіметіндегі қызметін тоқтатқаннан соң 1918 жылы Қарқаралыдағы қазақ комитетін басқарды.
Жақып Ақбаеы тәуелсіздікке қан төкпей, бейбіт жолмен , заңды, конституциялық жолмен жетуді көздеп, сол үшін күресті. Алашорда автономиясы үкіметін құруда белді ұйымдастырушы болды. Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының бағдарламасын жасауда, құқықтық негізін жасауға барлық күш-жігерін жұмсаған.
Ж. Ақбаевтың патша әкімшілігінің жоғары орындарына өзінің жазықсыз жапа шегіп, айдауда жүрген мерзімін қысқартып, не сот үкімін бұзу жөніндегі арыз-шағымдарында (мысалы, сенатор граф Паленге жазылған осы құжатты және Ақбаевқа қатысты басқа да материалдарды алғаш тауып, жариялаған белгілі ақбаевтанушы-ғалым, М.Құл-Мұхаммед) өзінің жеке басының мәселелері көрініс тапқандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде, ол құжаттарда патша әкімшілігінің озбырлық, зорлық-зомбылық, зымияндық саясаты, шенеуніктердің парақорлығы, жер мәселесінің ушығуы сияқты мәселелер көтерілген.Ақпан төңкерісінен соң 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық комитетінің мүшелігіне де сайланады, сол жылғы 24 қыркүйекте өткен кеңесіне де елдік, алаш ісіне толыққанды бел шеше араласу мүмкіншілігінен айырылады.
1917 жылғы шілде айында болған Жалпы қазақтық съезде Құрылтай жиналысқа депутаттыққа ұсынылып, ал Желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді. Азамат соғысы жылдары Колчак және тағы басқа уақытша өкіметтер оны бірнеше рет абақтыға жауып, ату жазасына да кесіп, артынан ол үкімді бұзып, Ақбаевтың басы шыр айналып, Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде
1918 жылы Семей ақ-казақтардың қолына көшкенде ұлттық дербестікті сақтап қалуға ұмтылғаны үшін Ж.Ақбаев қамауға алынып, 1919 жылы түрмеден босайды. Қарқаралыға келіп ол колчакшыларға, атамандардың озбырлығына қарсы күрес ұйымдастырғаны үшін тағы да түрмеге түседі. Алаш автономиясын сақтап қалу мақсатында ақ-казактарға қарсы қарулы көтеріліске басшылық жасағаны үшін Колчактың әскери-дала соты 1919 жылдың 7 шілдесінде “әскери-казак диктатурасын құлатып, Совет өкіметін орнату үшін халықты көтеріліске шақырды, атамандардың жауы” деп айыптап, ату жазасына кеседі. Дегенмен, 1919 жылы ақ казактар толық жеңіліске ұшырап, Қазақстан арқылы Қытайға қаша бастайды. Корпус командирі Березовский мен Сібір үкіметінің төрғасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша аталмыш үкім күшін жойып, Ж.Ақбаев қамаудан босатылады. Семей ақ казактардан босатылған соң, Ж.Ақбаев заң мекемелерінің қызметіне араласады.
Семей губревкомының заң бөлімінде жұмыс істеп, оның «етене араласуымен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері құрылады». Біраз уақыт Семей кеңестік халық сотының мүшесі болады, Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде және Семейде әр түрлі қызметтер атқарады. Ақбаев басқа да Алаш қайраткерлері сияқты сталиндік зобалаңға түсіп, Воронежге жер аударылып, ол жақтан ауруына байланысты елге қайтарылып,1934 жылы 4 шілдеде Алматыда қайтыс болады.
Ж. Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси серіктері Ахмет Байтұрсынұлы және Ж.Досмұхамедов тағы басқа Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде публицистикалық материалдар жариялады. Қазақтың әдет-ғұрып, неке-отбасы мәселелері туралы көптеген еңбектер жазды. Абай аулымен қоңсы қонып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өсті. 1909 жылы Абай жырларының Петербургте кітап болып шығуына қолғабыс жасады. «Қазақстандағы семья-неке қатынастары» (1907), «Қазақтың шығу тегі туралы» (1927 ) тағы басқа ғылыми зерттеулері Абайдың қарасөздері мен «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» шығармаларымен үндеседі.
Алашорда қозғалысына белсене қатынасып, Семейде қызметте жүрген кезде Әуезовпен таныс-біліс, пікірлес, аралас-құралас болған. Ж.Ақбаев, өзінің серіктері Алаш қайраткерлерімен үндесіп, пікірлесе жүріп, қазақтың әдет-ғұрып заңдары, отбасы-неке құқығы туралы зерттеулер жүргізеді, түрлі баспасөз беттерінде публицистикалық мақалалар жариялайды. 1909 жылы Абай Құнанбаевтің өлеңдерін петербург қаласында жинақ болып басылып шығуына қолқабыс жасайды, өз еңбектерін Абай қарасөздерімен үндестіреді. 1907 жылы “Қазақстандағы семья-неке қатынастары”, 1927 жылы «Қазақтың шығу тегі туралы» жазады, бұлардан бөлек, басқа да көптеген еңбектердің авторы.
Анар Толеубаева, Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы
1,100 всего, 3