alihan_1

Дулатов Міржақып – Алаш қозғалысының қайраткері, жазушы, ақын, драматург, журналист.

“Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі —
Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!”-

деп, Міржақып ағамыздың жанын беруге дайын болған “Алаш” сөзінің мағынасынан бастағанды жөн көріп тұрмын. Егер тікелей аударатын болсақ, “Алаш” сөзі ежелгі түркі тілінде бауырластар, қандастар деген мағынаны білдіреді екен. Алайда, “Алаш” сөзінің басқа бір мағынасы бәрімізге өте жақсы мәлім. Ол, әрине, XX ғасырда қазақ жүректерін дүр сілкіндіретін “Алаш”, “Алаш орда”, “Алаш партиясы” деген ұғым. Тарихтан бәріміз білетініміздей, қазақ елі Ресей империясы тарапынан көп зорлық көрді. Сол жылдары Кенесары дүниеден өткеннен бері, қазақ хандығының тарих сахнасынан жоғалғаннан бері 70 жыл өткен еді.

Қазақ елінің жер бетінен мүлде құрып кету қауіпі төніп тұрды. Дәл сол уақытта қазақты аман сақтап қалу мақсатымен “Алаш” қайраткерлері жағдайды өз қолдарына алады. Олар Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы бастаған ауқатты жанұялардан шыққан, жоғары білімді адамдар еді. Олар 70-ке жуық Жалпықазақ съезін өткізіп, өте маңызды мәселелерді талқылаған. Осындай шаралардан кейін, Әлихан Бөкейхановтың бастауымен, 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері аралығында Орынборда өткен 2-ші бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында Алаш автономиясы жарияланады. Алаш танушы Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алаш орда” атты деректі фильмде өз ойын былай жеткізеді: “Біз бүгін Алаш мұрасы қазаққа не берді дегенді айтатын болсақ, Қазақстан дәл бүгінгі өзінің даму деңгейінде, сол Алаш қайраткерлері бізге қалдырған мұраларына қарыздар. Сондықтан Алаш қайраткерлерінің алдына қойған мақсаттары, идеялары еліміз тәуелсіздік алған кезде жүзеге асты. Сондықтан, ғасыр басында дүниеге келген бұл идеялар, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға да қызмет етіп отыр деп нық сеніммен айта аламын”-деп қортындылайды .

Осы блогта Міржақып Дулатов ағамыз туралы сөз айтылады. Біз бұл блогты екіге бөліп қарастырамыз. Біріншіден, Міржақып Дулатовқа тоқталып , оның өмірбаяны және шығармалары туралы сөз қозғаймыз. Екінші бөлікте, Міржақып Дулатовтың тарихта қалдырған ізі туралы айтылады. Оның мұрасының қазіргі замандағы әсері, және оның болашақта қалай қалыптасатыны туралы болжап өтеміз. Қысқаша айтқанда, “кеше”, “бүгін” және “ертең” деп бөліп қарастырамыз. Сонында, айтылған мәлімет пен ойларға бір тұжырым жасаймыз. Міржақып Дулатұлы 1885 жылғы 25 қарашада Торғай облысының, Қызбел ауылында (қазіргі Қостанай облысы) дүниеге келген. Әкесі Дулат сол замандағы өте танымал шебер, ал анасы Дәмеш әнші болған. Міржақып ағамыздың балалық шағы өте қиын болды. Ол екі жасында анасынан айрылады. Он екі жасында әкесі дүниеден өтеді. Әкесі көзі тірісінде баласын бірінші ауыл молдасына оқытып, он жасқа келгесін орыс тілі мен қазақ тілі әдебиетін меңгерту мақсатымен Мұқан деген кісіден дәріс алғызады. Міржақып өзінің Мұқан ұстазын алғаш білімге көзін ашқан кісі деп санайды. Міржақып әкесі дүниеден озғаннан кейін ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Ағасы Міржақыптың ары қарай білім алуын қолдап, оған көмек көрсетеді.

Ақын ары-қарай өзі талпынып, білімін дамытуды тоқтатпайды. Солай, 1904 жылы, 19 жасында, Міржақып Омбы қаласына келеді. Осы жерде ол Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және қазақтың тағы басқа зиялыларымен танысады. Бұдан соң, ол қала аралап, қоғам-қайраткерлерімен пікірлесіп, іс-шараларға қатысып, ой-өрісін дамытады. Осылай, 1905 жылы патша өкіметіне жазылған петицияға қол қойып, оның құрастырушыларының бірі болады. Содан кейінгі жылдарда Дулатов көптеген шығармалар мен мақалалар жазып шығарады. Олардың көп бөлігі қазақ елін ояту, Ресей империясын әшкерлеу мақсатында болған. Ең көп дау тудырған «Серке» газетінің екінші нөмірінде басылып шығарылған, «Қазағым менің, елім менің!» деп басталатын «Біздің мақсатымыз» атты мақала. Сол мақалада, Алаш батырымыз былай деген: «Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық … Оның ешқандай да правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын салық қаражатының көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нәрселерге жұмсалады… Чиновниктер, урядниктер кедей қазақтарды ұрып – соғып, мал – мүлкін тартып алып, ойына не келсе соны істейді.

Бүкіл Россияны генерал-дарға бөліп берді. Соғыс жағдайын енгізіп, 87 статья бойынша әр жерлерде соттарын құрды. Бұл соттардың шешімдері бойынша жанымен, тәнімен туған халқына берілген азаматтар асылып, атылып кетті. Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғай жерлерде жүр, немесе түрмелерде отыр» (М.Дулатұлы, Біздің мақсатымыз, «Серке» газеті, Санкт – Петербург, 6 маусым, 1907 жыл, №84). Осы мақала шыққаннан кейін ақ патша полициясы «Серке» газетін тәркілеп тастайды. Осы мақаладан оның қандай батыл адам болғаның көре аламыз. 1913 жылы ол Ахмет Байтұрсыновпен бipre “Қазақ” газетін шығарып, өзінің “Оян, қазақ!” атты танымал жинағын шығарады. “Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты.”- деп басталатын өлең жинағы қазақтарға жата бермей, елінің болашағын ойлауға итермелейтін ұранды туынды. 1922 жылы жазықсыз түрмеге жабылады. Алайда, оны сол жылы босатады. 1922-1926 жылы мұғалім болып жұмыс істейді. 1928 жылдың 29 желтоқсанында қамауға алынады.Алғашында, оған ату жазасы кесіледі, бірақ он айдан кейін он жыл абақтыға өзгертеді. 1935 жылы қазақ ақыны абақтыда өмірімен қош айтысады. Бұл «кеше» – өткен заман.

Ал «бүгін» дегенге келер болсақ, Міржақыпты біздің ұрпақ таниды ма деген сұрақ туындайды. Оның өз өмірін пида етіп, істеген істерін бағалай біле ме? Немесе Сәкен туралы пікір тәрізді екіге бөлінді ме? Әрине Міржақыпты барлығы таниды, әйтпесе оған мектептер мен көшелердің аттары берілмес еді. Міржақыптың туған қызы Гүлнәрдің де жасаған көмегі аз емес. Шынына келер болсақ, мен бүгінге дейін осындай қахарман адамды жай ақын және Алаш партиясының бір депутаты деп ойлап келдім. Осы шығарма жазу барысында көптеген жаңа мәліметтерді таныдым. Сондықтан, Міржақып сияқты мәлімет ел арасында кеңінен тарау керек деген ойдамын. Ал енді «ертең» деген бөлімге келіп жеттік. Міржақып өзінің ХХ ғасырдың басындағы идеялармен бізге жарқын болашақ ашып беріп кетті. Ал біз, өз кезегімізде, оның атын келешек ұрпаққа жеткізуіміз керек.

Біріншіден, Гүлнәр Дулатованың орындалмаған бір арманы қалды. Соны іске асырсақ, Гүлнәр апайымызды қуантар едік. Ол, Алихан, Ахмет және Міржақыптың бірге тұрған ескерткішін салынуы. Екіншіден, мектеп программасына Алаш орда өкілдері туралы мәліметті көбейтіп, жас ұрпаққа елдің патриоттарының үлгісін көрсетсек жақсы болар еді. Менің ойымша, Алаш өкілдері бұдан басқа ештеңе қаламады. Қорытындылай келер болсақ, Алаш орда, соның ішінде менің таңдап алған қайраткер Міржақып та, қазақ елі тарихында өшпес бір із қалдырды деген ойдамын. Сөз соңында Алиханның Ахмет пен Міржақыпқа айтқан бір сөзіммен бітірсем деймін. «Шырағым, Ахмет, шырағым, Мирякуп, сендердің таңдаған жолдарың абақты жол, азапты жол.

Бірақ бір нәрсені түсініңдер. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Сонда бір күні доңыз аққуды балдырдан алып: -Ей, аққу, сен күн бар дейсің, сол күнді мен не үшін көрмеймін,-депті. Сонда аққу былай тіл қатқан екен: -Ей, доңыз, сені Алла төмен қаратып жаратқан, сондықтан сен аспандағы күнді көре алмайсың,-депті. Осы ойды айта келіп, Әлекен мындай тұжырым жасайды: -Шырағым, Ахмет, Мирякуп, сендерден кейін күнді көре білетін ұрпақ келеді. Сол күнді көретін ұрпақ сендерді үлкен құрметпен еске алатын болады. Балдырды доңызға беріңдер. Күрес жолына түскендеріне ешқашан өкінбеңдер,-дейді. Соны еске алатын ұрпақ біз болайық!

Анар Толеубаева, Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы

 850 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *