alash

Бақытжан Бейсәліұлы Қаратаев (1860Қаратөбе ауданыАқбақай ауылы — 26 тамыз 1934Ақтөбе қаласы) – қоғам қайраткерізаңгер, ағартушы-демократ.

Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі.

1890 ж. Аталмыш оқу орнын 2-дәрежелі алтын медальмен үздік аяқтап, Петербург, Кутаисид, Орынбор қаласында тергеуші болып жұмыс атқарады. 1897 жылдан бастап ОралдаҚаратөбедеЖымпитыда адвокат болады.

1907 ж. 2-Мемлекеттік Думаға кадеттер тобынан Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген.

Ол өзін большевиктер партиясының қатарындамын деп есептеді.

1907-1916 жж. ағартушылық жұмыстармен айналысып, «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналынын шығарылуына көмек береді.

1918 ж. Орал облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. Наурыз айында  «әскери үкімет» бүлік ұйымдастырып, облыстық кеңес мүшелерін, (ішінде Қ. та бар) тұтқынға алды.

1919 жылы 24 қаңтарда Чапаев дивизиясы босатып, кейін ол Орал облысы ревкомның құрамында ұлттар коллегиясын басқарды. 24 шілде күні Қазәсревкомның мүшелігіне тағайыңдалды.

1920 ж. 4-12 қазанда Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 1-съезіне делегат болды. Мұнда қабылдаған Қазақ АКСР-і еңбекшілерінің құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан.

Қазақ АКСР-інің заң комиссары болды. Кеңестердің 2-Бүкілқазақстандық съезіне де делегат болып қатысты.

1905 жылы түсірілген мына суретте қазақтың сол тұстағы және болашақтағы қайраткерлері бейнеленген. Бірінші қатар, ортада Бақытжан Қаратаев

ХІХ ғасырдың 80-жылдарының соңында қазақ даласында қоныс аударушыларға жер бөлу саясатының салдарынан қазақтар адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешірді. Міне, осындай шиеленісулер отаршылыққа қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыстың туындауына әкеп соқтырды. Бұл қоғамдық қозғалыстардың басында сол замандағы көзі ашық, көкірегі ояу Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералин, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Ғұмар Қарашев сынды көптеген зиялының қатарында Бақытжан Қаратаев та бар еді.

Патша өкіметінің жер саясатына қарсылық

Қазақ даласына келіп қоныстанушылар саны күрт артып, құнарлы, шұрайлы жерлерінен айырылып жатқан елдің жағдайы қыл ұшына келген еді. Осындай дүрбелеңде ел жер сақтап қалу үшін не істерін білмей сабыла бастады. Сөйтіп, ел тағдыры сынға түскен кезде ұлт зиялыларының көзқарас­тары қиыспай екіге бөлінді.

Біріншісі: «Көшпенді өмір салтын доғарып, ел болып жиылып, қала салайық, егін егіп, бау-бақша отырғызып, отырықшы салтқа көшейік, сонда шұрайлы жерлерімізге өзіміз ие болып қаламыз, жақсы өмір сүріп кетеміз»,- дейді.

Екіншісі: «Сан жылдар қалыптасқан ша­руа­шылық, өмір салты кенеттен өзгер­те салатын нәрсе емес, ол өздігінен қа­лып­тасатын табиғи үрдіс, оны өзгерт­кенмен, бәрібір күйреп қалады, ұзаққа бармайды, ақыр аяғында башқұрттар құсап жерді мұжықтарға болмашы бағаға сатып, сып-сидан болып шыға келеміз. Одан да көш­пелісі көшпелі, отырықшысы отырықшы бо­лып қала берсін» ,- дейді.

Орал қаласында кадеттерді жақтаушы­лар өмір тәжірибесі мол Бақытжан Қара­таевтың төңірегіне топтасты. Осы тарихи кезеңде қазақ саяси элитасының арасында кадеттер партиясына қарай ойысушылықтың байқалуы патша өкіметіне қарсы қуатты оппозициялық күшке айналған осы партия­ның қолдауына сүйеніп, қазақ халқы мүдде­сін қорғаудан туындаған еді. Қазақ кадет­терінің бағдарламасында қазақ жерін бүтіндей сол елдің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау қажеттігі, ішкі Ресейден көшіп келіп қоныстану толқынын тежеу, қазақ жұмысшыларына еркіндік, теңдік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу тағы сол сияқты талап-тілектер айтылған.

Қазақ зиялылары патша үкіметінің қа­наушылық саясатына қарсы ашық және батыл түрде талаптарын қойып, қазақ елінің барлық мұң-мұқтажын баяндап газет беттерінде мақалалар жазып, патшаға петиция­лар жолдай бастады. Соның бірі,1905 жылдың жаз айында Торғай және Орал облыстары қазақтарының орталық билік органдарына жолданған петиция. Қазақ жерін талан-таражға салуды тоқтату мәселесін назарынан ешқашан тыс қалдырмаған Бақытжан Бисәліұлы бұл петицияны да­йындауға тікелей атсалысты және онда жер мәселесіне байланысты мынандай талаптар қойылды:

– қазақ жерінде бұл күнге дейін қала салып алып, бейбіт өмір сүріп отырған орыстар отыра берсін және олар алған жерге талабымыз жоқ. Бірақ, қалған жеріміз қырғыз-қазақ халқының өз пайдасына мәңгі ұрпақ мұрасы ретінде ешкімнің ортағынсыз берілсін;

– мұнан былай орыс шаруаларына қазақ жерінен жер берілмесін және қазақ жерінен қоныс аудару учаскелері мұнан былай ашылмасын;

– далалық ереженің барлық 17 бабы негізсіз деп танылып, жойылсын;

– қырғыз-қазақ халқының қолына жер мәңгілік өзіңдікі деген құжат берілсін (ҚР ОММ, 1202-қор, 1-тізбе, 37-іс, 123-бет).

Петербургке Б.Қаратаев бастап барған делегация петицияны тиісті орындарға тап­сырғаннан кейін генерал Ғ.Жәңгіровтің ара­ласуымен ІІ Николай патшаның қабыл­дауына рұқсат алып, оған өз талап-тілектерін де білдіреді. Осы жылы Орал қала­сында Қазақстанның бес облысының өкіл­дері қатысқан съезд болып өтті. Оның деле­гат­тарының қатарында Ә.Бөкейханов, Ж.Сей­далин, М.Дулатов, Б.Сыртанов, Б.Қа­ратаев болды.

І Мемлекеттік Думаны шақыру туралы заң 1905 жылдың желтоқсан айында пат­шаның екі манифесінің негізінде шықты. Үлкен атыс-тартыстың нәтижесінде арнайы мәжілістің шешімі бойынша «бұра­тана елдерден» Думаға депутат сайлау турасын­да шешім қабылданады. Алғашқы Дума таратылғаннан кейін 1907 жылдың қаң­тар-ақпан айларында ІІ Мемлекеттік Дума­ға депутаттар сайлау жүргізілді. Қазақ хал­қынан депутаттыққа Орал облысынан Бақытжан Қаратаев, Ақмола облысынан Шәймерден Қосшығұлов, Торғай облысынан Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан Темірғали Нұрекенов, Жетісу облысынан Мұхамеджан Тынышпаев, Сырдария облысынан Тілеулі Алдабергенов, Астрахань губерниясынан Бақтыгерей Құлманов сайланды. ІІ Мемлекеттік Думада өкіметтің жүр­гізіп отырған аграрлық және отаршыл саясаты сынға алынады.

Бақытжан Қаратаевтың 1907 жылы ІІ Думада сөйлеген сөзі

Қырғыз-қайсақ халқының атынан бұл мінбеден ешкім сөйлеген жоқ. Соған қа­рамастан, мемлекетіміздегі шиеленісіп отырған аграрлық мәселені, шаруаларды Далалық облыстар территориясына, Семей және Жетісу облыстарының территориясына қоныс аудару арқылы шешкісі келетіндер бар. Әсіресе, оң жақ қатарда отырған ағайындарымыз аграрлық дағдарысты шаруаларды Орта Азияға көшірту жолымен жоюға құштар. Олардың көзқарастарын Пар­ламентке егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқарушысы князь Васильчиков, сондай-ақ Министрлер Кеңесінің төрағасы Столыпин таратып отыр. Алайда осы уақытқа дейін Мемлекеттік Дума делегаттарының бірде-бірі дәл қазір азиялық облыстар ішінде шаруаларды қоныстан­дыратын басы артық жер бар ма, басымызды қатыра-қатыра шаруаларды қоныс аударуға тәуекел ете алатындай Далалық облыстардың барлық бөліктері жараты­лыстық-тарихи, шаруашылық-статистика, топырағы мен ауа райы жағдайлары тұрғы­сынан зерттеліп болды ма деп сұраған жоқ, ол туралы біле де қоймас. Жергілікті халық­тың мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділет­сіздік болып табылуға тиіс. Ол қашанда күш­тінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз-қайсақ деп аталатындар – әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық, сол себепті де олармен ортақ тіл табысуға болады және оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ. Біз, қырғыз-қайсақтар, Ресейде қатты ушығып отырған аграрлық мәселе шұғыл шешім қабылдауды талап етенінін терең түсінеміз. Біздің шаруа бауырлары­мыздың жерге мұқтаждығын жақсы сеземіз, егер басы артық жеріміз болса, оларға біз ризашылығымызбен ығысып орын беруге әзірміз. Ал мәселенің түйіні Далалық облыстар территориясының әлі күнге дейін жаратылыстық-тарихи, шаруашылық-ста­тистикалық тұрғыда жете зерттелмегендігінде. Бүгін біздің жолдасымызға депутат Темеренков Азияда ұшы-қиырсыз жер бар, шаруаларды сонда қоныс аудартып, осылайша жер жетімсіздігін жоюға болады дегенді айтты. Шын мәнінде, белгілі ғалым Щербина Далалық облыстардың солтүстік уездерін, атап айтқанда, Тоғай, Ақмола және Семей облыстарының жері құнарлы уездерін ғана зерттеген, бірақ Щербина олардың оңтүстігіндегі уездерін барлай алмады. Егер ауа райы мен топырақ жағдай­ларының барлығы тұтастай зерттелген болса, онда Далалық облыстардың оңтүстік уездерінде топырақ сорлы, құмды, кеуіп қалған сор дала болғандықтан, басы артық жердің өте аз екені жайында ешқандай күмәнсіз қорытынды жасаған болар едік. Осы кезге дейін бәрі қырғыздар көшіп-қонып жүрді-міс деген түсінікпен келеді. Жоқ, мырзалар, қырғыздардың көшпелілері де, отырықшылары да бар. Далалық облыс­тардың солтүстіктегі құнарлы уездерін, міне, ондаған жылдардан бері отырықшы қыр­ғыздар жайлап, егін егіп келеді. Олардың кей­біреулері шымнан, енді біреулері кірпіш­тен, үшіншілері қызыл кірпіштен үй салып алған, бір сөзбен айтқанда, олардың өз тұр­мыстарына сай тұрғын үй мен қора-қопсылары бар. Осынау отырықшы қыр­ғыздар үшін егін егу – тұрмыс түзеудің ең негізгі көзі, ал олар мал өсірумен де айналысады десек, ол тұрмыс түзеудің қосымша көзі болып табылады. Далалық облыстарға қоныс аудара отырып, іс жүзінде осы қыр­ғыз­дарды өздері мекендеген жақсы жерлерінен, жылы ұяларынан қуып шығумен айналысуда.

Думаның төрағасы:

– Шешен мырза, он минут уақытыңыз бітті.

Қаратаев:

– Мырзалар, осыған дейін сіздердің ешқайсыларыңыз Далалық облыстарға қо­ныс аудару жайы туралы ауыз ашқан жоқ­сыздар. Бәлкім, Мемлекеттік Дума дар­хандық танытып, менің сөзімді ақырына дейін тыңдар. Мырзалар, менің шаруаларды Дала­лық облыстарға қоныс аудартудың жай-күйі жайындағы баяндамамды аяқ­тауы­ма мүмкіндігім қалмады, дегенмен менің айтарым – Мемлекеттік Дума өздері Ішкі Ресейдегі помещиктер мүдделерін, осынау 130 мың помещиктің мүддесін қор­ғау үшін шаруаларды қоныстандыру арқылы қорлап отырған қырғыз-қайсақтардың әрдайым шаруалардың жерге деген мұқ­тажын қана­ғаттандыру мақсатымен жеке иеліктегі жерлерді күштеп тартып алу ниетіндегі барлық оппозициялық фракция­ларға аянышпен қарайтынын есте ұстайтын болсын. Дегенмен бүгінгі таңда шаруаларға орын босату үшін қырғыздарды жерлерінен ғана емес, олардың тұрғын үйлерінен көші­ріп, қуып шығып жатқанын түсініңіздер. Орыстың қарапайым еңбекшілері мен зиялылар қауымы жерімен қоса, үйінен, қора-қоп­сысынан қуылып жатқан сорлы қырғыз-қайсақтарды жәбірлеп жатқандарға қарсы шығып, қамқор қол ұштарын береді деп сенемін. Менің қолымда мұны дәлелдейтін қыруар деректер тұр, бірақ, өкінішке қарай, сөзімді аяқтай алмадым («Орал өңірі», 1990ж., 8 желтоқсан).

Сондай-ақ, Дума отырыстарының арасында Б.Қаратаев «Жерге орналастыру және егіншілік» басқармасына барып, өкі­меттің қазақ өлкесіндегі жүргізіп отырған жер саясатының көшпелі қазақтарға үлкен зиян тигізіп отырғанын, Дала өлкесіне орыс шаруаларын қоныстандыруды тоқтату қа­жет­тігін айтады. «Айқапта» жарияланған «Қазақ жері хақында» деген мақалада: «1907 жылдың наурыз айында ІІ Мемлекеттік Думаның депутаттары Қаратаев, Бірімжанов, Қосшығұлов һәм Нүрекенов бас министр Столипинмен, жер министрі дәрежесіндегі князь Васильчиковқа жолы­ғып жер мұқтажын айтып сөйлейді. Қазақ депутаттары Қаратаевқа сөз тізгінін беріп еді, ол айта-айта келіп, былай дейді: «Қара шекпенділерді переселение­ден тоқтату керек, Азиатск облыстарындағы қазақ жерлерін өлшеп, жақсысы қанша, жаманы қанша екенін білу керек, көшпелі һәм отырықшы қазақтарды жақсы деген жерлерге орналастыру керек, одан соң артық жерлер болса, переселение пайдасына шығару керек. Жаман жерлерін ешкім қызғанбайды». (Айқап», 1911ж., №11).

ІІ Мемлекеттік Думаның аграрлық ко­мис­сиясының құрамында М.Тынышпаев пен Б.Қаратаев болды. Бақытжан Қаратаев Думаның аграрлық заң жобасын жасауға араласады. Қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты отырыстарда сөз сөйлейді. Ол Думаның 39-пленарлық мәжілісінде аграрлық мәселені талқылауға қатысты. 16 мамырда мінбеден қазақ жерінде басы артық жердің жоқтығын, бар болса да, бұл жерлердің табиғи жағ­дайы қоныстандыруға келмейтіндігін, қо­ныстандыру басқармасы бұл жағдай­лармен санаспаса, қазақ шаруашылығы күйзеліске ұшырайтынын ашып айтады.

Б.Қаратаев өзімен пікірлес депутаттар сияқты қазақ халқының әлеуметтік және экономикалық мұқтаждықтары шешіледі деп үміттенді. Өкінішке қарай, Дума алды­на қойған жер мәселесіне қатысты істері ешқандай да қолдау таппады. Сондықтан да, Б.Қаратаев елге құр қол қайтпас үшін Дала ережесіне қатысты мақалаларды, қазақтарға қатысты әртүрлі циркулярды жинады. Сөйтіп, үлкен үмітпен бар талабын хат түрінде Думаның мұсылман фракциясына тапсырды.

Бұл Дума да 1907 жылы 3 маусым күнгі заң бойынша таратылды. Думаның тара­тылғанына қарсылық білдірген жиналыстар, митингілер күніге өтіп жатты. Жаңа ІІІ Мемлекеттік Думаға сайлау заңы түбірімен өзгертілді. «Бұратана халық» деп аталынған қазақ депутаттары патша үкіметіне үрей туғызды. Сондықтан да қазақ халқын сайлау құқығынан мүлдем айырды. Думада 82 депутаттың орны кеміді. («Қазақ­стан заңдары», 1998, №4, 43-45 беттер).

Депутаттықтан кейін де халық үшін күре­сіп өткен Қаратаевтың елім деп еңіреген хан-сұлтанның қасиетті тұқымы екенін өзі ұйымдастырып, отырықшылар ауылын салғаны да дәлелдейді. Ол 1910 жылы Орал облысындағы Жымпиты уезінің Шідерті болысында сегіз көшпенді ауыл адамдары үшін жер кестіріп алып, әрі диқан, әрі малшы тірлігін үйлестіре жолға қойған отырықшылар поселкесін салған. Ондағы мақсат – нақты бір жер алып, жер игеріп, сауда-саттықтың қыр-сырын үйретіп, оқу-ғылымға бағыттау еді. Әрине, отырықшылық бар жерде ғимараттар бой көтеріп, жер игеріліп, сауда-саттық, ғылым дамитыны белгілі. Ол сонау Мысыр елін, Грек, Рим жұртын мысал етіп, халықты жерге орнықтыруға бағыттады.

Бақытжан Қаратаев 1911-1914 жылдарда Ордада, Оралда және Астраханьда шығарылған демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетіне жан-жақты жәрдем­десіп және онда өз мақалаларын да жария­лап отырған. Оның мақалалары қазақ еңбекшілеріне, зиялыларына терең ой берген, парасатты ақылға шақырған, халқы үшін қамқорлық болған үгіттер болды. «Қа­зақ­стан» газетінде жарияланған «Азамат­тарға бір-екі ауыз сөз» деген мақаласында Бақытжан «Балуан бірді, білімді мыңды жығады» деген ойды кең мағынада түсін­діре отырып, халқын ағартушылыққа, бі­лім­ге шақырған.

Қазан төңкерісі жылдарында

Орал әскери үкіметі бұйрығымен Қара­таевтар ауылынан ешқайда кетуге рұқсат етілмеген Бақытжан Қазан төң­керісін шын ниетімен, батыл жақтап қарсы алды. «Қазан революциясынан кейін, – дейді Бақытжан Қаратаев. 1918 жылдың наурызына де­йін мен өз жолдастарыммен бірге қырда соғыс күшін ұйымдастыруға кірістім. Бұл жұмысқа қоныс аударып келген украин­дықтарды да тар­т­тық». («Революция от жалынында», Алматы, 1957ж., 129-бет).

Большевиктердің басшылығымен ша­қы­рылған Орал облыстық кеңесінің І съезі 1918 жылдың қаңтарында Кеңес үкі­метін құрып, билікті өз қолдарына алғанын жариялады. 1918 жылы наурыз айында об­лыс­тық кеңестің ІІ съезінде атқару коми­те­тінің құрамы сайланды. Б.Қаратаев облыс­тық атқару комитетінің мүшелігіне өтті және оған юстиция комиссары міндеті тапсы­рылды. Әскери үкімет наурыздың 29-ында Кеңес өкіметіне қарсы бүлік ұйым­дастыр­ды. Билікке келген ақ казактар өкіметі жаңа ғана құрылған, әскери күші әлсіз кеңестердің атқару комитетінің негізгі тобын тұтқынға алды.

Облыстық кеңес мүшелерінің аздаған тобы: Әйтиев, Парамонов, Имағанбетов, Қаратаев, Арғыншиевтер Жайық өзенінің сол жақ жағасындағы қазақ, украин еңбек­шілерінің арасына құпия өтіп, күш ұйым­дастырды.

«Бақытжан ауылына келіп, әскери күш жинау әрекетін жүргізіп жатыр», – деген хабармен жіберілген ақ казак офицерлері 15 сәуірде Б.Қаратаевты тұтқындап, Орал түрмесіне отырғызады. Б.Қаратаев басқа да көптеген большевикпен қара түнек айуан­дық тәртіптің қатал тұтқынында 285 күндей болды. Абақтыда жатқан кезінде де Бақыт­жан мойымай, күрес жүргізе берді.  1919 жылы 24 қаңтарда Орал қаласы Чапаев дивизиясының күшімен ақ казактардан босатылды. Босатылғанан кейін қала митингілерінде, әскерлер арасында Бақыт­жан әсер­лі сөйлеген сөздерімен жеңісті бекіндіруге үлес қосты. Б.Қаратаев Орал об­лыс­тық ревкомының құрамында ұлттар коллегиясын басқарды. Өзін 1917 жылдың мамыр айынан бастап большевиктер тобындамын деп санаған Б.Қаратаев 1919 жылы 6 ақпанда РК(б)П қатарына қабыл­данды. Қалалық партия ұйымының жанынан қата­рында 51 мүшесі бар мұсылман секциясы құрылды. «КРОММ, 1409-қор, 1-тізбе, 25-іс, 282-бет).

Қырғыз (қазақ) әскери-револю­циялық комитеті (ҚазРевком)

1919 жылы 10 шілде күні өлкені басқару жөніндегі Қырғыз (Қазақ) әскери-револю­циялық комитеті құрылды. Бұл Қазақстан­дағы ең алғашқы жоғары мемлекеттік органы еді. Комитет құрамына жеті адам кіргізілді. Қазревком төрағасы болып Кеңес өкіметі Наркомнацтың орынбасары С.С.Пестковскийді тағайындады. Мүшелері болып Ә.Жангелдин, С.Меңдешев және басқалары бекітілді. Кейін бұлардың қатарына Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, А.Арғын­шиевтер кірді.

1919 жылы 11 қыркүйекте құрылған Орал мен Бөкей қазақтарының революция­лық комитетін басқара отырып, Б.Қаратаев қазақтар арасындағы нақтылы үгіт-насихат жұмыстарын кеңейтті. Қыркүйек-қазан айларында Бақытжанның қолымен «Қазақ халқының қайраткерлеріне», «Құрметті қарт­тарға» және «Керей руының ұлдарына» деген үндеулер жарияланды. Бұл үндеу­лерінде ол қазақ халқына Кеңес өкіметі туралы шындықты баяндайды.

Азамат соғысы қасіреті кезінде келген ойларды іске асыру мүмкіндігін ол ұтымды пайдаланды. Соғыс жағдайы ғана емес, екі жақта да келісімге келгісі келмейтін қасарыс­қан жандардың аз болмауы да бұл мақсатты іске асыруды тіптен қиындатты.

Алайда, 1919 жылы 24 қазанда Б.Қара­таев Орал облыстық партия комитетіне Алашорданың батыс бөлімшесінде өзінің саяси, бейбіт келіссөз жүргізуге әзір екендігін хабарлады. Көп уақыт өтпей-ақ Ақ­төбеде «кеңестік және кеңестік емес қыр­ғыз­дардың» қатысуымен қазақ халқын бір­лестіру жөніндегі І жалпыөлкелік кеңестік конференция өткізілді. Қазақ кеңес­тік мемлекеттілігін құрудың алғашқы маңызды қадамы жасалды.

1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда өткен кеңестердің Бүкілқазақстандық І съе­зіне Б.Қаратаев делегат болды. Мұнда «Қыр­ғыз (Қазақ) АССР-і еңбекшілерінің пра­восы туралы декларация» қабылданды. Тұңғыш қабылданған Қазақстан заңдары­ның біраз жобасы Б.Қаратаевтың қолымен дайындал­ды. Съезде Қазақ АССР-інің Ор­талық атқару комитетінің төрағасы болып С.М.Меңдешев, Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып В.А.Радус-Зенкович сайланды.

Бақытжан Қаратаев Қазақ АССР-інің заң комиссары болып Орынборда қызмет істей бастады. Ол жаңа құрылған комиссариат қыз­метінің негізін қалаумен қатар, алғашқы декреттердің өмірге келуіне тікелей атсалысты.

Б.Қаратаев Кеңестердің Бүкілқазақ­стандық ІІ съезіне де делегат болып қаты­насады. Құрметті демалысқа шыққаннан соң ол Ақтөбедегі туысқандарына көшеді. 1922-1925 жылдарда Ақтөбе губерниялық сот коллегиясының мүшесі болып қызмет істейді. Өмірінің соңғы жылдарында Батыс Қазақстандағы азамат соғысының тарихын жазумен шұғылданған. 1934 жылы тамыз айының аяқ кезінде Б.Қаратаев Ақтөбеде ұзақ науқастан кейін қайтыс болды.

Өз халқына осыншама еңбегі сіңген абзал ұлдары жөнінде бар дауыспен еркін айтуға тоталитаризм жылдарында мүмкін­діктер болмады. Енді бұл қате көзқарас түзетілуі тиіс. Қазақстанның азаттығы мен Тәуелсіздігі үшін ақылын, ерік-жігерін аямай, бар өмірін сарп еткен мемлекет қай­рат­керлерінің алдыңғы сапында әрқа­шанда Бақытжан Бисалыұлы Қаратаевтың есімі аталып, оның жарқын бейнесі халық­тың есінде сақталмақ. Алаш қозғалысы тарихында елдік пен мемлекеттіктің, зайырлық тың батыл тәжірибесін бастаған білім мен ғылымды, әдебиет пен мәдениетті ұлт қажетіне лайықты падалана алған, алаш тұлғаларының орны ерекше. Ендеше, алаш тұлғаларының мұрасы терең зерделеуді, зерттеуді қажет етеді.

 

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің                                      

«Ғылыми-әдістемелік және көпшілікпен экскурсиялық жұмыстар»   бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Тортенова

 1,229 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *