IMG-20180105-WA0012 (1)

Семей. 05.01. “Semeyainasy” – Құрметті оқырман, мен бүгін сіздерге Көкпекті ауданы, Шегелек ауылының тумасы, «Айша Бибі» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Бірлік» медалінің иегері, он саусағынан өнер тамған шебер – Айман Ыбырайқызы Боқпасарова жайлы әңгімелемекпін.

Айман Ыбырайқызы 1945 жылы 28 шілде күні дүние есігін ашқан екен. 11 балалы отбасында 3 ұл, 7 қыздан кейін дүние есігін ашқан үйдің кенжесі бүгінде 72-ге аяқ басқан ақ жаулықты әже.

Өз өмір жорлында Айман апай отбасындағы береке-бірлікті әрдайым алдыңғы қатарға қойып келеді. «Біз Бекжан батырдың тұқымымыз, сондықтан ешқашан өтірік айтпа. Біреудің ала жібін аттамай шешең екеуіміз дүние кездік. Артта қалған ұрпаққа кесіріміз тимесін, ешкімнің қарғысына қалмасын деген оймен өмір сүрдік. Сендер де адал өмір сүріп, арларыңды сақтаңдар», – деген әкемнің сөзі әрқашан жадымда дейді ол.

IMG-20180105-WA0019

«Ешкім үйретпесе де, 5 жасымнан бастап би билеуге құмарттым. Ол кезде арнайы мәдениет орындары болған жоқ. Совхозға кешке кино әкеліп, мектепте көрсетеді. Музыка қойылса, сыныптастарым менен билеуімді өтінетін. Мен билей жөнелемін», – деп еске алады балалық шағын Айман әжей.

Қазақ қашанда кенже баласын еркелетіп, әлпештеп өсірген халық қой.  Әкесіне еркелеп өскен Айман апай үшін ол кісінің орны бөлек. Әкесі Ыбырай шешен, шежіресі, дастандарды жатқа айтатын жыршы адам болыпты. Кезінде Шегелек ауылында мал жайғап жүріп, жайлаудан аршаның жуаның әкеліп, одан шеге жасап, аяқ киім жөндеумен де айналысқан екен. Арқан өруді де Абай ата ғана біліпті. (Ыбырай атаны ауыл тұрғындары Абай деп кеткен екен).

Ал Айман апамыздың анасы  қолөнер шебері болыпты. Жүн түткенді ұнатпайтын бала Айман шөшек теріп келемін деп сылтауратып, қашып кетеді екен. Есейе келе, анасына болысып жіп иіруді үйренеді. Жаз шыға матаны бояп, қайнатып, анасымен бірге алаша тоқуды да меңгереді.

Елді ашаршылық жайлаған 30-шы жылдары Ыбырай ата отбасын аман сақтап қалу үшін Ресейге көшіп, кейін заман көші оңалғаннан кейін, 1938-ші жылдары елге қайтыпты.

«Қарасуға көшіп келгенде орыс мектебі ғана болды. Ондағы мұғалімдердің барлығы орыс ұлтынан, қызметкерлер мен инженерлердің бәрі де Мәскеу- Лениград институтын бітіргендер болды. Әке-шешем мені амалсыз орыс мектебіне берді»,  дейді Айман Ыбырайқызы.

IMG-20180105-WA0008

Дегенмен, әкесі кей-кезде «соғыс пен ашаршылық жылдары онсыз да талай қандасымыз опат болды. Енді сендер де орыс болатын болдыңдар», деп налыған екен.

Ән айтқанды жаны сүйетін Айман апай 1962 жылы музыкалық колледжге оқуға түсіп, ауылға келгенде әкесінің өнер жолы қыз балаға ауыр тиеді деген бір ауыз сөзіне құлақ асып, құжаттарын қайтып алыпты. Кейін кітапханада жұмыс жасаймын деген оймен қайтадан құжат тапсырады. Әкесі Айман апаға кеңестік сауда колледжінде құдалары басшы екенін айтып, сәлім беріп кіріп шығуын сұрайды. Қыркүйек айында оқуға жаңа келген Айман апай әке сөзін екі еткен жоқ. Сөйтіп Айман апайды ол кісі өз оқу орынына шақырады, бірге барған құдашасының да жолы болады. Сол кезде жасы 17-ге жаңа жеткен  бойжеткен қыздар колледжден құжаттарын біраз қиыншылықпен алады.  Колледж филологы Балғия Жакенқызы математика және орыс тілі пәнінен сынақ кітапшаларына 3 деген баға қойып берген екен. Өмірде белсенді Айман апай колледж қабырғасында өзі ансамбль құрап, хор ұйымдастырады. Колледж атынан көптеген шараларға қатысып, бой көрсетеді. Жақсы үлгеріммен колледжде 4 жыл білім алып, алғыс хатпен оқуды аяқтаған.

IMG-20180105-WA0023

Жолдасы дүниеден өтіп, өзі зейнетке шыққаннан кейін Айман Ыбырайқызы 5-6 әженің басын қосып, Семей қалалық Достық үйі ішінен «Айша бибі» қалалық мәдени орталығы қоғам бірлестігін ашты. Сол уақытта құрдас әжелерге қыз күніндегі жасауын көрсеткенде олар қатты таңғалған екен. Жеке бөлмесінде өз қолымен жасаған түрлі текеме, сырмақтары жетерлік.

2002-2005 жылдары  Достық үйінде арнайы курс ашылғанда орыс мектебін бітірген Айман апамыз 3 жыл ішінде ана тілімізді қайтадан толық меңгеріпті.

«Айша бибі» қоғам бірлестігі Жамбыл жақтың тумасы Жұмағалиев деген азаматтың қаржыландыруымен өркендеп,  сол кісінің өтінішімен «Айша бибі» аталған. Бірлестік қазіргі таңда ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізде насихаттауда республикаға және алыс-жақын шетелдерге кеңінен  танымал. Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан арнайы курстан өткен әжелер жастарға бар білгенін үйретуде. 2013 жылы Тыва Республикасының халықаралық киіз фестиваліне қатысып, 15 мемлекет арасында «Дипломант» атағын алып қайтқан.

IMG-20180105-WA0025

2009 жылдан бері аймақаралық, халықаралық байқауларда үздік өнерімен көзге түскен бірлестік, еліміздің көптеген қалаларында концерттер мен көрмелер ұйымдастырған. Биыл халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне де  қатысып, өнерлерін көпшілікке паш етіп қайтты.

Он саусағын өнер тамған ақжарқын мінезді Айман Ыбырайқызының деніне саулық,  еңбегіне жеміс тілейміз.

 

Асель Қайырбекова

 682 всего,  9 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *