YgMwEYow35I

Сұхбаттасу бақытына ие болған кейіпкеріммен кездеспей тұрып, осы адам туралы бірталай адамның пікірін сұрап, көптеген кітаптардың бетін парақтадым. Барлығы бұл азаматтың жақсы қасиеттерін айтып, асылдың сынығы екенін сөзге тиек еткен. Жақсылыққа жаны құмар, әңгімешіл, кез-келген жанға есігі әркез айқара ашық деп естігенім бар еді. Көзбе-көз жүздесу барысында, бұл айтылған сөздер дәлелін тауып, ол менің мақтан тұтатын тұлғаларымның біріне айналды деп айтсам, артық айтпағаным. Оны бүгінде Семейдің ғана емес, әр өңірдің жұртшылығы жақсы біледі. Ел арасында «Балтағаң», «Балтекең» деп атайды. Семей шаһарында көбінесе бұл кісінің атын айтудан бұрын «Абайдың жиені» дейді. Сөз астарымен кімді мегзеп отырғанымды сезген боларсыздар?!

Сонымен, менің қызмет бабымен алғашқы сұхбаттасқан кейіпкерім, ұлы Абайдың жиені, филолог, этнограф, өлкетанушы, журналист – Ерсәлімов Балтабек Бәзілұлы. Қара шаңырақта Балтабек атамыздың зайыбы Күлжиян апамыздың қолынан дәм таттым. Менің келетінімді алдын ала естіп, ақ дастарқанын жайқалтып қойыпты. Үстел басына жайғаса салысымен, өткенге шолу жасап, балалық шақтың қызықты сәттері мен өткен өміріне бірге сапар шектік.

Ffod22GtAeE

-Балтабек ата, алдымен балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз?

Мен екінші дүниежүзілік соғыстың алдында дүние есігін ашқан жандардың қатарынанмын. Бұл уақыт қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болғаны тарихтан белгілі. Менің анам – Қапиза Ахметбекқызы Құнанбай қажының шөбересі болатын. Содан болар Кеңес өкіметінің ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) әкемді байдың қызына үйленгені үшін қудалаған. Сол кездерде, 1937 жылы мен өмірге келіппін. Əкем мен шешем қырқынан жаңа шыққан мені алып, Ресейге жол тартады. Онда 1 жылдан артық мекендеп, келесі жылы ғана елге оралады. Соғыстың алдында туып, соғысқа тап болған бізде балалық, еркелік деген болған жоқ. Тамақ та, нан да тапшы еді ол кезде. Бала күнімде «Жаңа Семей» деген жерде тұрдық. Қақаған қыстың аязында, үйді жылыту үшін отын да оңайлықпен табылмайтын. Ол уақыттағы ауыртпалықтарды өздерің де талай естіген боларсыңдар. Соғыс аяқталғаннан кейін де ел өмірі бірден оңалған жоқ. Халық шаруашылығының күйі кетіп, жағдай күрт төмендей бастады. Тұрмыстың ауыртпалығына байланысты мен де жұмысқа ерте араластым. Еңбек кітапшамдағы еңбек өтілім 11 жастан басталады. 11 жасымда Моңғолияға барып, Семейдің «Ет комбинатына» мал айдадық. Соғыс бізді ерте жеткізді, соның әсерінен өмірге, мынау тіршілікке, еңбеке бейім болдық. Өмір бізді солай тәрбиелеген. Балалық шағымның бал дәурені осындай қиын қыстау заманда өмірмен арпалысып, қара жұмыс істеумен өтті. Ол жылдарға өкпем жоқ, керісінше, соғыс бізді шыңдады. Ауыртпалық көрген және соған төтеп берген бала өмірдің қиыншылығын мойымай көтереді. Бұл қасиеттер оның келешекте тұлға болып қалыптасуына да әсер етпей қоймайды.

X7Yff31dNpI

Жас Балташ  анасы Қапиза Ахметбекқызымен

-Өміріңіздегі ең ұлы марапаттау не деп ойлайсыз?

Адам қашанда өзінің адам деген атын жоғары ұстауы керек. Адамда адами парасат болу керек. Ол рухани тұрғыда тозбауы қажет. Кез-келген тұлғаның өмірден өз орнын тапқаны дұрыс. Ел еңбегіңді қадірлеп, лайықты құрмет көрсетіп жатса, сенің өмірде тапқан табысың сол болмақ. Мен өзімнің еңбегіммен, табан ет маңдай теріммен, ақыл- парасатыммен осы ғұмырға жеткен адаммын. Кеңес заманында әр жылдары облыстық баспаханаға, жергілікті өлкетану мұражайы мен өңірлік филармонияға басшылық жасадым. Өлкетану музейінің өзі – үлкен тарихи қазына, мәдени мекеме. Сол мұражай ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, Москва мен Ленинградтан суретшілер шақыртып, нысанның ашылуына себепкер болдым. Бұл ісімді ауыз толтырып мақтан етіп айта аламын.
Ал филормония деген – өнердің шаңырағы, әдемілік пен жақсылықтың ортасы. Өнер бар жерде өмір бар. Сол өнер шаңырағына басшылық еткен уақытта Әміре Қашаубаев атындағы филармония Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ІІІ орынға ие болды. Совет одағында 16 Республиканың ішінен Семейдің мұндай жүлдеге ие болуы – үлкен жетістік. Нәтижелі еңбек жолым мен халықтың маған деген ықыласын өмірде қол жеткізген ең ұлы марапатым деп білемін. Мен үшін осыдан артық марапат жоқ. Барлық адамзат баласы өмірдің құндылықтарын затпен ғана бағаламай, адамгершілік ұғымын жоғары қойса нұр үстіне нұр болар еді.

ItcjCc-UX_E

-Күлжиян ханыммен қалай таңыстыңыз? Жалындап тұрған жастық шақты еске түсірсек қалай қарайсыз?

Ол енді қызық оқиға. Мөлдір махаббаттың бастауы өмірдегі ең тәтті сезімдердің бірі. 1958-1959 жылдары халықаралық жағдай қаттты шиеленісті. Сол кездерде Семейдегі көп жігіттер 18-ге толмай отау құра бастады. Осындай тойларды қызықтап жүрген маған анам: «Балам, менің замандастарымның барлығы келін түсіріп жатыр. Жасым болса келіп қалды, үйге қашан келін əкелесің» деген ойын білдірді. Анамның түртпегі маған дүмпу болды ма, әйтеуір тезірек үйлену керек екенін түсіндім. Бір күні «Заря» деген кинотеатрдың қасында абайсызда бір қызбен жолығып қалдым. Ол маған бір көргеннен ұнады да, танысқанды жөн көрдім. Бірден тіл табысып, жақсы араласып кеттік. Сондай көрікті, шашы иығынан төгілген, әп-әдемі бойжеткен қыздың сұлулығына қайран қалдым. Қысқасы бір көргеннен ол мені өзіне ғашық етті. Таныстығымызға үш күн өткеннен кейін алып қаштым. Сол кезде бұл кісі 7 сыныпты енді ғана бітірген қыз еді. Соғыс уақытында қазіргідей 6-7 жастан сабаққа бармаған. Отау құрғанымызда Күлжиян апаң 7 сыныпты енді ғана тамамдаған 17 жастағы қыз болатын. Кейде осы шақтарды еске түсіріп, бір күліп алатынымыз бар.

p80hVSrwQ6E

-Бала арманыныңыз қандай еді?

15 жасымда газетке бардым. Сол кезде газеттегі тілшілердің мақалаларын оқып, солардың өмірін көре жүріп журналист болуды армандадым. Өз ісінің хас шеберлері Рамазан Зарин,Төлеужан Сарсенбаев, Мамадияр Жақып, Нариман Оспанов, Ильяс Исаханов сынды қаламы қарымды журналистердің жанында жүріп, солардай жазсам деп армандадым. Өз-өзіме талап қойдым. Сол кісілерден үлгі алдым, еліктедім.
Алдымен қысқа ақпарат жазудан бастадым. Кейін тәжірбие жинақтай келе сараптамалық мақалаларға, памфлет, фельетон жанрларына қалам тербедім. Журналистика менің өмірімнің – бір бөлігі. Әрдайым мықты журналист болуды армандадым. Адам баласы әрқашанда армандай білуі керек. Арман – мақсат пен әрекеттің ең басты қозғаушы күші.

Xtacrpr5Yck

-Осы күнге дейін біраз жолды жүріп өттіңіз. Ешкімге айтпаған, әлі күнге «әттеген-ай» деп өкінетін жайлар бар ма?

Бір күні анам марқұм тойдан кәдімгідей ренжіп қайтты. Маған қарап тұрып: «Балам, тойға барған менімен қатарлас барлық әйелдердің қолы да алтын, құлағы да алтын. Жарқырап тұр. Ал мен болсам…»,- деді де, үндемей бұрылып кете берді. Шешемнің сол сөзі әлі күнге есімде. Жаныма батқаны соншалық, қанша уақыт өтсе де ұмытпадым. Бірақ мен анамның қалауын орындай алмадым. Анам жасы келіп, 90 жасында дүиеден озды. Балалы –шағалы, көп жанды отбасы болып, шамалы айлық жалақымды жеткізе алмай жүрген уақыт еді ол. Бірақ шешем мені мақтан етті, барлық жағдайға түсіністікпен қарауға тырысты.

hGit0bHBF6s

– «Әрбір ұлы адамның артында әйел тұрады» деп жатады. Сіздің ойыңызша солай ма?

– Анам дүниеден өтерде «Күлжікенімді ренжіткенің, мені ренжіткенің», – деп өсиет етіп еді. Осы сөздерді есімнен ғұмыр бойы шығармаспын. Бұл өмірден бақыт тапсам да, биікке шықсам да, елдің қадіріне бөленсем де – соның барлығында бәйбішемнің еңбегі зор деп айта аламын. Жұбайы күн демей, түн демей дастарқанын жаюға әзір тұратын азамат қалайша қоғам қайраткері болып қалыптаспасын?! Анамның ақылы, бәйбішемнің маған деген сенімі мені алға қарай ұмтылдырып, биік белестерді бағындыруға жігер берді.

YvVqcK0Dk-M

– Ата, салихалы сұхбатыңызға рақмет. Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын!

Ұлылар мекені Семей шаһарына кімдер ат басын бұрмаған! Оларға Балтабек атамыз асылдың тұяғы, қаламыздың гиді мен паспорты да бола білді. Заманының біртуар тұлғаларымен сырлас болған Балтабек атаның дастарқанынан Семейге табан тіреген қадірлі меймандар дəм татпай кетпейді. «Абайдың көзі» атанған Балтабек атамыз бен «Адал келін» атанған Күлжікен апамыздың жанұясында қалыптасқан осы бір мызғымас дәстүр мен береке-бірлік көпшілікке үлгі боларлықтай. Қазақтың осындай дархан пейілді азаматтар көп болғай.

Кеңес одағының танымал әртістері – Анатолий Папанов, Валентина Толкунова, Андрей Миронов, Надежда Чепрага жəне биші Махмұд Эсембаев.


Қазақ өнерінің жарық жұлдыздары, Шығыстың қос шынары – Роза Бағланова мен Роза Рымбаева.


Олжас Сүлейменов, Нұрғиса Тілендиев, Әзілхан Нұршайықов жəне қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсыновалармен жүздесу сəті.

Қазақтың қамын қазақтың өзінен көп ойлаған жазушы, прозашы, эссеист, публицист Герольд Бельгердің үйінде.
uuDjsFbIZGs

Ғанибек Түсіпбек

 750 всего,  12 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *