419123322_2_644x461_muhtar-auezov-sochineniya-v-5-tomah-fotografii_rev001

Семей.09.10. “Semeyainasy” – Әлем таныған Әуезовтің кейбір шығармалары түрік тіліне сапасыз аударылған. Бұл туралы Анкара қаласындағы Гази университетінің PhD докторы Жемиле Кынаджы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы аясында өткізілген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында баяндады.

Жас ғалымның сөзіне қарағанда, Мұхтар Әуезов Түркияда ең танымал қазақ жазушысы. 1997 жылы Әуезовтің 100 жылдығына арналған ғылыми жұмыстар жарық көрген екен. Оның «Абай жолы» эпопеясы Түркияда 1997 жылы аударылыпты. Повестері мен әңгімелері де түрік тілінде басылған. Сол жылы жазушының мақалалар жинағы басылып шыққан. Алайда бұл мақалалар толыққанды түрік тіліне аударылмаған көрінеді. Түркия елінде Әуезов тақырыбы қамтылған магистрлік және докторлық диссертациялар да көп қорғалады. Диссертациялық жұмыстарда Әуезовтің романдары туралы зерттеліп, әңгімелері мен түрік әңгімелері салыстырылған. Сонымен қатар «Абай жолы» романын негізге ала отырып, ғалымдар қазақ және түрік тілдерінің сөйлем құрылысын да зерттепті. Өз баяндамасында түріктің жас ғалымы Әуезов шығармалары әдеби жағынан өте мықты әрі жоғары шеберлікпен жазылғанын айтады. – Абай жолы романының өзі Әуезовтің ұлы жазушы екендігінің айқын дәлелі,-дейді ол. Бірақ Түркияда Әуезов туралы жасалған зерттеу жұмыстары өте аз. 1997 жылы Мұхтар Омарханұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жасалған зерттеу жұмыстарынан басқа ғылыми зерттеулер жүргізілмеген.

Осы орайда Жемиле Кынаджы Әуезовтің аударылған шығармалары бүгінгі күні жеткіліксіз, туындылары сөзбе-сөз аударылғанын тілге тиек етті. Сондықтан қаламгердің көркемдік шығармашылығының тілдік ерекшелігі мен қазақ тілінің күші толық ашылмаған. Сондықтан Қазақстан және Түркия арасындағы әдеби ынтымақтастықтың күн сайын нығаюына орай Әуезов шығармаларын екі тілді жетік меңгерген мамандармен бірлесіп қайта аудару қажет,-дейді Түркия ғалымы.

– Жазушының шығармаларын түрік тіліне сапалы аудару арқылы Әуезовтің шығармашылығының ерекшелігін Түрік халқына дұрыс танытар едік. Ал қазіргі аудармалар болса, оқи бастаған кезде оқырманның қызығушылығын оятпайды әрі Әуезовтің шынайы маңызына көлеңке түсіріп тұрғандай. Қазақ және Түрік әдебиеттанушыларының бірігіп жүргізетін зерттеу жұмыстары бұл кемшіліктерді азайтып қана қоймай, Мұхтар Әуезов және оның әдеби шығармашылығын сапалы түрде аударылып, жариялануына септігі тиер еді,-дейді Жемиле Кынаджы.

Түркия елінен келген PhD докторы Жемиле Кынаджы алдағы уақытта Мұхтар Әуезов туралы жазылған мақалалардың антологиясын басып шығаруды мақсат етіп отыр.

Айзада Сламбаева

 530 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *