photo_144289

Семей.28.09. “Semeyainasy” – Семейде Иегова куәгерлерінің іс-әрекетінен қауіптенген Өтепбаев көшесіндегі №5 тұрғын үйдің жұртшылығы наразылықтарын білдірді. Айтуларынша, тұрғын үйдің дәп жанынан аты жоқ мекеме осыдан 10 жыл бұрын бой көтеріпті. Қазағы бар, орысы бар, түрлі ұлт өкілдері аптаның белгілі бір күндері осы жерде жиналып, діни әуендер, уағыздар айтады. Діни кітапшаларды таратып, өздерінің қатарына тұрғындарды тартатын көрінеді. Балалары мен жақындарын жат ағымға сүйрелеп, өзге діннің етегінде кете ме деп қауіптенген тұрғындар «Иегова куәгерлерінің Христиан общинасы» діни бірлестігіне қатысты әрекет етуді жергілікті БАҚ өкілдерінен сұраған еді.

Семейлік тұрғын Татьяна Баздырева – «Иегова куәгерлерінің Христиан общинасы» діни бірлестігінің арбауына түсіп, жат ағымға ілесіп кете жаздаған жандардың бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол өмірдің қиын-қыстау кезеңіне тап болады. Тәңірдің басқа салған ауыр сынағына қасқайып қарсы тұруға шамасы келмеген келіншек діни кітапшаларды таратып жүрген бірлестік мүшесімен ілесіп кете барады. Сөйтіп Иегова куәгерлерінің қатарына қалай кіргенін өзі де аңдамай қалыпты.

– Иегова куәгерлері психологиялық күйзеліске ұшыраған немесе тағдыр тауқыметіне тап болған адамдарды «қол ұшымызды береміз, бәрін ретке келтіреміз» деген жалған сөздерімен алдап, өз ұйымдарына тартады. Маңдайыма жазылған болар, мен де сол бірлестіктің бір мүшесі болдым. Екі ай бойы солардың қағидаттарымен, діни көзқарастарымен өмір сүрдім. Олар адамның психологиясын өте жақсы біледі. Айтқан сөзіне иланып, сол ортаға қайта-қайта баруға етің үйреніп кетеді екен. Іштей тынып, адамдармен араласудан қалдым, мінезім тұйықталып кетті. Бірақ ол жерден жанашыр жандардың көмегімен дер кезінде құтылып шыққаныма қуанамын. Нақты білетінім, «Иегова куәгерлерінің Христиан общинасы» діни бірлестігіне қосылған адам бүкіл ақшасынан қағылып, тақырға отырады, тіпті пәтерінен де айырылып қалады. Сондықтан, өз басымнан өткергендіктен, мұндай жерге аяқ баспауға өзгелерге кеңес беремін, – деді Татьяна Баздырева.

Белгісіз діни қызметкерлердің балаларға кесірі тиіп кете ме деп дабыл қаққан қала тұрғыны Мүбарак Құттыбаев та бұл ұйымды атымен жоюға қарекет ету керек дейді. Оның сөзінше, мұнда көбінесе қазақтың қаракөз қыздары шиеттей балаларымен бірге келіп жүреді екен.

Жуырда Иегова куәгерлерінің Христиан общинасынан екі ер азамат келіп, «Свободная 5» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Бурашова Натальяның қолына бір жапырақ қағазды ұстатып кетіпті. Қағазда аты аталған ғимаратты заңдастыруға қатысты маңайдағы тұрғындар келісімінің қажеттілігі жазылған. «Есесіне тұрғын үй ауласын абаттандырып, балаларға ойын алаңқайын салып береміз» деп уәде еткен көрінеді иеговалар. Алайда тұрғындар бұған түбегейлі қарсылық танытып отыр.

– Қаншама халықтың басын айналдырып, өміріне балта шапқан бұл ұйымның ғимараты 2006 жылы салына бастады. Әрине, бұған қарсылық білдірген тұрғындар Ұлттық қауіпсіздік комитетіне үндеу жібердік. Десек те, ешкім құлақ аспады. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұйым мүшелері нысанның құрылыс жұмыстарына ат салысса, жасы егде тартқан ағылшындық әйел құрылысты бақылап жүретін. Мұнда әкелінген тауарлар, құрылыс материалдарының барлығы дерлік өте сапалы еді. Ғимарат бой көтерген бетте ондағы діни қызметкерлер үй-үйді аралап, кітапшалар таратып, уағыз тыңдауға шақыратынтұғын. Соңғы кездері тынышталып қалды. Ең өкініштісі, бұл общинаның жетекшілері бағалы көліктер мініп келсе, біздің тұрғындар балаларын арбамен сүйретіп жаяу келеді, оған қоса бар мал-мүлкінен айрылады. Біз өз балаларымыз үшін алаңдаулымыз, оларды жат ағымның тырнағынан қорғауымыз керек. Тұрғындардың барлығы бұл ұйымға бірауыздан қарсы, – дейді «Свободная 5» ПИК төрайымы Бурашова Наталья.

Келер ұрпақтың кемел келешегі үшін, діннің атын жамылған жат ағымдар мен топтардың жақтасына айналып кетпесін деп елдің қамын жеген тұрғындардың тілегі бір – қайтсе де, Иегова куәгерлерінің қызметіне тыйым салынып, оларға қатысты белгілі заң шығару. Жан-айқайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білдіргісі келген семейліктер бұл мәселе тиісті органдардың назарына ілігіп, тобықтай түйіні шешіледі дегенге сеніммен қарайды.

Иегова куәгерлері деп отырғанымыз, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Америкада қалыптасқан христиандық деноминация. 2016 жылдың тамыз айындағы статистика бойынша бұл ұйымның әлемде 8,3 миллионнан астам мүшелері бар. Куәгерлер протестанттарға ұқсап икондарға, крестке және мүсіндерге табынбайды. Ал, ондай табынушылық – пұтқа табыну делінеді. ҚР Әділет министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда Иегова куәгерлерінің 59 жергілікті діни бірлестігі 2012 жылы қайта тіркелуден өткен. Елімізде Иегова куәгерлерінің қызметіне қарсы ешқандай заң жоқ, әзірге. Алайда, басқа мемлекеттерде бұларды қауіпті деп танып, экстремистік топтар қатарына қосып қойған. Сондай мемлекеттер тізімін толықтырған Ресей Федерациясының Жоғарғы соты ағымдағы жылдың 20 сәуірінде «Иегова куәгерлерінің христиан общинасы» бірлестігін экстремистік ұйым деп айыптап, оның одан арғы қызметіне тыйым салды. Мұндай бастаманы біздің қала тұрғындары да құп көріп отыр.

Айзада Сламбаева

 343 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *