20170920_104601_resized

Семей.21.09. “Semeyainasy” – Латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме қозғалғаннан бері халықтың ой-пікірі екіге жаралды. Бірі жақтайды, бірі даттайды. Дегенмен талайды толғандырған даулы тақырыптың нүктесі де қойылған сыңайлы. Себебі 2020-2025 жылдарға қарай латын әліпбиі мектеп бағдарламаларына енгізілетін болады. 1929-1940 жылдар аралығында қазақ халқы жазу таңбасы ретінде латын әліпбиін қолданғаны баршамызға тарихтан белгілі. Осы жылдар аралығында Семейде, жалпы ел көлемінде латын қарпінде басылған қандай басылымдар мен кітаптар жарық көрді, олардың авторлары кім болды деген сұраққа ШҚО Абай атындағы әмбебап кітапханасының оқу залының жетекшісі Жаңылгүл Мәнжібаева жауап берді.

Абай атындағы әмбебап кітапхана – еліміздегі ең көне мәдени ошақтардың бірі саналады. Көп жерде сақталмаған, ең құнды деген жәдігерлердің біразы осы кітапхананың сирек қорына аман-есен жеткен. 1930 жылдардың басы мен орта шенінде латын графикасында жарық көрген Социалды шығыс (1932-1935), Социалистік майдан (1939), Екпінді Алтай (1939), Түрксіб (1937) газеттерін, «Әдебиет майданы» (1940) журналын, сол кезде жарық көрген кітаптардың алғашқы нұсқасын да кітапхана қорынан кездестіре аласыз. Жалпы кітапханада 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиінде жарық көрген 200-ден аса кітап сақталыпты. Олар партиялық әдебиет, марксизм, ленинизм, тіл білімі, жаратылыстану, тарих, әдебиет, ауылшаруашылығы, тіл білімі, сауаттылық сынды сан алуан тақырыптарды қамтиды.

Кітапханада Социалды шығыс газетінің 1932, 1934 жылғы сандары сақталған екен. Әр нөмірі ұқыптап қатталған басылымдармен танысу барысында Социалды шығыс газетінің 1932 жылғы редакторы Жұмағали Сәрсеков екенін білдік. Облыстық газет күн сайын шығып тұрған. Сол кездегі күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, ауыл шаруашылығы, жиын-терін науқаны жайлы мақалалармен қатар сыни мақалаларды да көзіміз шалды. Газеттің алғашқы бетінде «Шығыс Қазақстан облыстық партия кеңес комитеті мен кәсіподағының Семей қаласы партия кеңес комитетінің газеті» деп жазылған. Ал соңғы бетінде «Семипалатинск Типография «Прииртышской Правды» Уполномеченный Казглавлите 21» деп көрсетілген. Театр қойылымдарының афишалары да газеттің соңғы бетінде жарнамаланып тұрыпты.

Семейдегі облыстық денсаулық сақтау басқармасында қызмет еткен білікті маман, өз заманының білімді тұлғасы Асылбек Сейітұлының еңбектері де газеттің бірнеше бетінде жарық көріпті. Асылбек Сейітұлының Барлыбайұлымен бірлесіп аударған латын қарпіндегі «Адам анатомиясы мен физиологиясы орта мектептер үшін» кітабы да сақталыпты.

-Омбы қаласының тумасы Асылбек Сейітұлы – қазақ тарихындағы мықты қайраткер тұлғалардың бірі. Алматы қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын жолға қоюға бір кісідей атсалысқан. Алты ағайынды, үш-төрт ағасы репрессия құрбаны болды. Асылбек Сейітұлы – Ауыл станциясындағы өкпе ауруларына арналған «Ауыл» курортының негізін қалаушылардың бірі. Бұл курорт – Кеңес үкіметі кезінде де толыққанды жұмыс істеп тұрған денсаулық сақтау саласындағы белді мекемелердің бірі. Ол кісі Сәдуақас Шормановтың жалғыз қызы – Нұрпизаны өзіне жар еткен, – дейді Жаңылгүл Әділбекқызы.

Газеттің бас редакторы Жұмағали Сәрсековтің Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасына жазған сыни мақаласы газеттің бірнеше санына арқау болған. Тілшілердің кәсіби біліктілігін көтеруге байланысты «Екпінді болмаған тілші болмасын!» деген ұранмен бас мақала да жариялапты. Газет беттерін парақтай отырып «Социалды шығыс» газетін шығарушылардың негізгі мақсаттарының бірі – халықты еңбекке жұмылдыру болғанын байқауға болады. Қаланың тыныс-тіршілігі, шаруашылық саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер газет бетінде жиі айтылады.

-Газеттің бас редакторы Жұмағали Сәрсеков – Қазақстанның әр түкпірінде еңбек еткен адам. Қазақстанның Ресеймен шекаралас солтүстік аудандарының бірінде дүниеге келген. 1932 «Социалды шығыс» газетінің редакторлығында келмей тұрып Көкпекті ауданында қызмет етіпті. Жалпы, қазақ оқығандарының арасында Жұмағали деген бірнеше адам болған. Өкініштісі, сол кездегі авторлар шығармаларына тек есімімен жариялаған. Бұл – шығарма авторын анықтауда көп қиындық туғызады. Аттас адамдар болады, сондықтан біреудің еңбегін басқа біреуге телу – үлкен қателік. Мәселен, Жұмағали Тілеулиннің латын қаріпінде жазылған «Жұқпалы науқастар» деген кітабы бар. Ал кітап мұқабасында Жұмағали деген есім ғана жазылған. Бұл кітап авторын ұзақ жылдар бойы іздедім. 2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Мағжан Жұмабаев жайлы мақаланы оқып отырып, Жұмағали Тілеулинге қатысты жолдарды көзім шалып қалды. Мақалада «Мағжан Жұмабаев дос болған, өлең арнаған қазақ зиялысы – Жұмағали Тілеулин» деген жолдар жазылған екен. «Жұқпалы науқастар» кітабы туралы да айтылыпты,салыстырсам кітаптың шыққан жылдары да сәйкес келеді екен. Осылайша кітап авторы Жұмағали Тілеулин екенін білдім. Ол кісі – Қызылжардың тумасы. 1937 жылы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылып кеткен. Ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында жемісті қызмет етті. Араб қарпінде жазылған «Гигиена» атты кітабы да бар. Жақында Солтүстік Қазақстаннан мәдениет басқармасының басшысы келіп, Жұмағали Тілеулин туралы кітапхана қорындағы барлық мәліметтерді, «Жұқпалы аурулар» кітабының электронды нұсқасын көшіріп алып кетті. Туған жерінде көзі тірісінде жарияланған шығармалары сақталмапты. Жұмағали Тілеулиннің өмірбаянын кейінірек Мұқанов деген кісі зерттеп, өмірі мен шығармашылығы жайлы кітап жазып шығарды, – дейді Ж. Мәнжібаева.

Тұрлыхан Қасенұлы, Сәду Машақов, Сәке Сейфуллин, Меңдеш Оралдиевтардың өлеңдері де газет бетінен орын алыпты. Социалды Шығыс газетінде ара-тұра өлеңдері жарияланып тұрған Тұрлыхан Қасенұлы – грек-рим күресінің шебері Дәулет Тұрлыхановтың атасы екен. «Орман» өлеңі, Қазан төңкерісінің 15 жылдық мерейтойына арнаған «Алтай» поэмасы жарияланыпты. Ұзақ жылдар Көкпекті ауданындағы білім беру басқармасында жұмыс істеген Тұрлыхан Қасенұлының көзі тірісінде шығармалар жинағы жарық көрген, бірақ бізге жетпеген көрінеді. Кейіннен репрессияға ұшырап, жер аударылады. 1942-1943 жылдары опат болды деген деректер айтылады.

Ғасыр құрылыс атанған – Түрксіб темір жолы үшін арнайы шығарылған Түрксіб газеті де латын қарпімен жарық көріпті. Газетте, негізінен, теміржол құрылысымен байланысты маңызды оқиғалар жазылады. Редакторы – Бектемісов. Облыс пен ауданның тұрмыс-тіршілігіне Ұлан аудандық «Социалистік майдан» газеті мен Қатонқарағай аудандық «Екпінді» газеттері де үн қосып отырған.

Айзада Сламбаева

 677 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *