Жыл соңында облыста атақты қолбасшы, ел қорғанған айбынды ер – Қабанбай батырға арналған “Самбодан Қазақстан Республикасының кубогы” атты мемориалдық турнир өтті. Жарыс 1999 жылдан бері өткізіліп келеді. Семейде қатарынан 24 рет өткен дәстүрлі спорттық додаға Қазақстанның әр өңірінен 14 команда қатысты. Үш күн ішінде 9 салмақ дәрежесінде 300 спортшы «ең мықты балуан» атағы үшін боз кілемде кездесу өткізді. Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды және ауыспалы кубокты Абай облысының арнайы жедел әрекет ету жасағының палуандар командасы жеңіп алды. Екінші орынды Түркістан облысының тобы иеленді. Шығыс Қазақстан облысының спортшылары үздік үштікке кірді. Үздік деп танылған самбошылар республика құрамасының қатарында халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын болады. Ұйымдастырушылар спортшылардың өте жақсы дайындығын атап өтіп, өңір спорт таланттарға бай екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендерін айтты.

Семейде мықты спортшылар аз емес. Бұл салада Жақсылық Үшкемпіров атындағы №1 олимпиадалық резервтегі Жергілікті мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің еңбегі елеулі. Ол таланттардың нағыз ұстаханасы және жас спортшыларға спорт әлеміне жолдама берген қара шаңырақ. 2016 жылы Семейде мектеп жанынан екі ірі нысан – күрес залы ғимараты және жақын маңдағы ауылдар мен аудандардан келген жас спортшыларға арналған жатақхана салынған сәттен бастап спорт таланттарының жолы ашылды. Құрылысын KAZ Minerals компаниясы қаржыландырған бұл нысандардың пайда болуы спорттық инфрақұрылымды дамытудағы және дарынды спортшыларды қолдаудағы маңызды қадам болды. Жатақхана ашылғаннан бері өңірдің жүздеген дарынды спортшылары өз таланттарын көрсетуге және республикалық спорт аренасына шығуға мүмкіндік алды.

Бүгінгі таңда бұл нысандар спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Мектеп жанынан салынған жатақханада көптеген дарынды жас спортшылар тұрып жатыр. Мұнда спортшылар белсенді жаттығулардан кейін демалып, құрдастарымен бірге бос уақыттарын өткізеді. Жатақхана ғимараты 210 адамға арналған және төрт қабаттан тұрады.

Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі басшылығының айтуынша, бұрын бұл мекеме тек қалалық болып саналған, себебі мұнда тек Семейде тұрып жатқан балалар ғана келіп жаттыға алатын. Ал ауылдар мен аудандардағы жас спортшылардың күн сайын келуге мүмкіндігі болмады. Сондықтан жатақхана салу туралы шешім қабылданып, бұл мәселе түбегейлі шешілді. Енді шалғай аудандардан келген жас спортшылар сапалы спорттық білім алуға және өздерінің спорттық дағдыларын дамытуға қол жеткізді. Бұл спорт мектебінде білім алып жатқан балалар үшін ғана емес, жалпы өңірдің спорттық әлеуетін дамыту үшін де маңызды.

 

Тәрбиеші Анара Оспанова мектеп ашылған сәттен бастап осында жұмыс істейді. Оның айтуынша, жатақханада балалардың өмір сүруі үшін қажет нәрсенің бәрі бар: кітапхана, демалыс бөлмесі, электронды жабдықтар, қойма, кір жуатын бөлме және тағы басқа. Мұнда балаларға дене белсенділігін дамыту және қолдау үшін қажетті толық тамақтану ұсынылады. Жатақхананың басты артықшылықтарының бірі – спорт мектебінің жанында тұруға мүмкіндік. Бұл уақыт пен жол шығындарын азайтады, сонымен қатар қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді. Бұл жас спортшылар бірге үйреніп, дами алатын, тәжірибе алмасатын және бір-бірін жаңа биіктерге жетуге шабыттандыратын бірыңғай спорт қауымдастығын құруға ықпал етеді.

“Жатақханада бүгінде 150-ден астам спортшы тұрады. Бізде балалар өте тез бейімделеді. Өте жақсы және тығыз қарым-қатынас құрап, достар табады. 2017 жылдан санасақ, бүгінде жүзге жуық түлегіміз бар екен. Олардың арасында ел, әлем чемпиондары және түрлі жарыстардың жүлдегерлері бар. Мысалы: самбодан облыстық чемпионаттың жүлдегері Жақсылық Оспанов, кадеттер арасында дзюдодан республикалық чемпионаттың жүлдегері Қарқын Қасиет, дзюдодан облыстық чемпионаттың жеңімпазы Құрманбай Бекзат, жасөспірімдер мен жастар арасында дзюдодан облыстық чемпионаттың жеңімпазы Бейбітхан Сейфулла және басқалары. Дзюдо, самбо, еркін күрес, грек-рим күресі сияқты күрестің барлық түрлері бойынша бізде үздік жаттықтырушылар бар. Яғни, әр пәнге 3-4 жаттықтырушыдан есептелген. Бір сөзбен айтқанда, біздің жатақхана жас спортшыларға, балаларымызға үлкен мүмкіндіктер береді. Мұнда оларда дұрыс арнайы тамақтануға, жаттығулар жасауға және үлкен жарыстарға дайындалуға мүмкіндік алады. Барлығы тегін. Жаттығуға көп уақыт бөлінеді. Балалар үйден жаттығуға келгеннен гөрі, тікелей осы жерде дайындалу әлдеқайда көп нәтиже әкеледі. Мұндай оқыту әлдеқайда тиімді”, – дейді Анара Оспанова.

 

Жатақхананың қасында орналасқан күрес залы – спорт кешенінің маңызды бөлігі және спортшыларға жаттығу мен дамуы үшін барлық қажетті жағдайларды ұсынады. Мұнда спортшылар үшін заманауи тренажерлар, суға түсу және киім ауыстыратын бөлмелер бар. Бұл оларға өздері таңдаған спорт түрімен толыққанды айналысуға әрі тиімді жаттығуға мүмкіндік береді. Мұнда жаттығулар күніне екі рет – таңертең және түстен кейін өткізіледі. Күрес залында жатақханада тұратын балалар ғана емес, қалалық спортшылар да жаттығып, тәжірибе жинақтайды. Айта кетерлігі – күрес залы түрлі спорттық шаралар мен жарыстарды өткізу үшін жақсы алаң. Осыған қарамастан, облыс аудандарынан келген балалар мұнда басымдыққа ие, себебі олардың тұрғылықты жері бойынша осындай жағдайларда спортпен шұғылдануға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан олардың көпшілігі академияға түсуге шешім қабылдайды.

Балалардың айтуынша, спорт мектебіне түсу оңай емес, талаптары қиын. Дегенмен, бұл тұрарлық іс. Аружан Масылғазы спорт мектебін екі жылдан кейін тәмәмдайды. Болашақта жаттықтырушы болып, өмірін кәсіби спортпен байланыстырам деп спорт мектебіне арман қуып келді.

“Бес жыл бойы мен дзюдомен айналыстым, сондықтан болашақ өмірімді кәсіби спортпен байланыстырғым келеді. Осы мақсатпен спорт мектебіне оқуға түстім. Ол үшін нормативтерді тапсыруға тура келді. Мен ұлдармен де, қыздармен де күрестім. Мұнда бізге бірден айтты: ұлдар мен қыздар тең. Жалпы, осында оқу қиын емес, тек басында кішкене қиындықтар болды, бірақ кейін бейімделіп, қазір үйреніп кеттік. Әлі екі жыл оқимын. Болашақта жаттықтырушы болғым келеді”, – дейді Аружан.

Спорт – мамандық емес, жан қалауы. Академия түлектері бұл сөзбен толықтай келіседі. Оқуын бітіріп, мектепке жаттықтырушы ретінде оралғандар да бар. Еламан Ерболұлы ұшқан ұясына қайтып, балалардың жетістіктері мен жеңістеріне бірге қуануға, оларды жаттықтыруға және болашақ жарыстарға дайындауға ниет білдіргендердің бірі. Бүгінде ол мұнда еркін күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істейді.

“Бастапқыда мен Өскемен интернатында оқыдым, оған 2013 жылы түстім. Еркін күресті үйрендім. Кейінірек, 2016 жылы бізді осы Академияға ауыстырды. 2017 жылы мен оның түлегі болдым. Сол кезде балалармен жақсы нәтиже көрсетіп, түрлі жарыстарда, халықаралық турнирлерде жүлделі орындарға ие болдық. Мектепті бітіргеннен кейін төрт жыл бойы Өскемендегі Қазақстан-Америка Еркін Университетінде білім алып, 2021 жылы оны бітірдім. Содан кейін осы академияға оралып, еркін күресте жаттықтырушы болып жұмыс істей бастады. Үш жылдан бері мен осында болашақ чемпиондарды жаттықтырудамын”, – дейді Еламан.

Спортқа қадам басқан кезде Еламан болашақта жаттықтырушы болатынын бірден шешті. Себебі өзінің алғашқы жаттықтырушысынан үлгі алып, сол жол кісінің жолын қууды армандайтын. Бүгінде ұстазы салған сара жолмен жүріп, болашақ спортшыларды дайындауда.

“Мен осында жұмыс істеймін деп қайтқанымның себебі, мен өзім осында оқыдым және мұнда балаларға, болашақ спортшыларға барлық жағдай жасалғанын білемін. Мұнда барлығы қол жетімді. Өзім 12 жылдан бері спортпен айналысамын, оның ішінде үш жыл жаттықтырушымын. Әрине, жай ғана спортшы болу және балаларды жаттықтыруда үлкен айырмашылық бар. Осыған байланысты жай ғана спортшы болу оңайырақ, себебі жаттықтырушы бола отырып, өзіңіз үшін ғана емес, балалардың денсаулығы, жағдайы және жаттығулары үшін де жауапкершілікті аласыз. Кезінде біздің жаттықтырушымыз  «мақсаты бізден лайықты спортшыларды тәрбиелеу» деп айтқан. Сол кезде, мен өзім үшін «жаттықтырушы боламын» деп шештім. Өйткені сол кісі мен үшін үлгі болды. Жаттықтырушым сияқты болуды армандап, спортқа өз үлесімді қосқым келді”,-дейді Еламан.

Еламан оқуын аяқтағаннан кейін спорт мектебіне оралып, жаттықтырушы ретінде жұмысын жалғастыруға шешім қабылдаған жалғыз түлек емес. Соған қарамастан, бүгінгі таңда балалардың көпшілігі, басқа қалаларда орналасқан спорт колледждеріне оқуға түсіп, сол білім ордаларының намысын қорғауда. Ал дарынын ашып, спорттық негізін қалаған Академия тасада қалады. Түлектерді жұмыспен қамту мәселесін шешу және дарынды спортшылардың басқа қалалар мен аймақтарға кетуіне жол бермеу мақсатында жергілікті әкімдік Академия басшылығымен бірлесіп, Академияға жақын орналасқан жаңа колледж салу жоспарлануда.

 

“Біздің спортшылар үшін жақын жерде колледж салу жоспарлануда, оның негізінде жатақхана мен футбол алаңы да жабдықталады. Әкімдікпен мәселе шешілуде. Ресми құжаттама дайындалып жатыр. Алдағы екі жылда колледждің құрылысы басталып, аяқталады деп күтілуде”, – дейді жатақхана меңгерушісі Мерей Мұхамеджанов.

Мұндай спорт нысандарының құрылысы өңірдің спорттық әлеуетін дамыту үшін зор маңызға ие, жас дарынды спортшылардың кәсіби жаттығуларға қол жеткізуіне қолайлы жағдай жасап, оларға өздерінің спорттық мақсаттарын іске асыруға көмектеседі. Осындай қолдаудың арқасында ауылдық жерлерден келген жас спортшылар білікті спортшылардан білім алуға және өздерінің спорттық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік алады. Бұл олардың алдында өздерінің спорттық мансабында биіктерге жетудің үлкен жол ашады және жастардың спорт саласындағы әлеуетін табысты іске асыруға ықпал етеді.

Наргиз Омарканова

 536 всего,  3 

от Alia

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *