Семей. 15.01. “Semeyainasy” – Семей қаласының соттары 2017 жылдың қорытындыларын БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференцияда жариялады. Жиынға Семей қалалық сотының төрағасы міндетін атқарушы Айдар Секенов, Семей қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрайымы Айтжамал Молдагожина, Семей қалалық №2 соты төрағасының міндетін атқарушы Жанат Әбенова, ШҚО №2 жасөспірімдер істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Раушангүл Байжұмановалар қатысты.
Ең бірінші болып сөз тізгінін ұстаған қалалық соттың төрағасы Айдар Секеновтың сөзіне қарағанда, бұрынғыдай емес қазіргі күні халықтың сотқа деген сенімі жылдан жылға артып келеді. Бұл тұрғындардың қандай да бір дауды сот арқылы заңды түрде шешуге беттелгенін көрсетсе керек. Оны сотта қаралған істердің көрсеткішінен-ақ байқау қиын емес. Мәселен, 2016 жылы қалалық соттың қарауына 21722 азаматтық іс келіп түссе, араға бір жыл салып 3300-ге өсіп, 24446 істі құрады. Он екі мың істің шешімі шығарылған.
– Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық соттарына азаматтардың ісін сотқа дейін жеткізбей, екі тарап арасындағы дау-дамайды бітімгершілікпен шешу талабы қойылып отыр. Кейінгі жылдары дауды медиация тәртібімен реттеу бағытында үлкен шаралар қолға алынды. Қаралған істердің ішінде 1300-ге тарта іс медиация арқылы шешілді. Бұл көрсеткіш Семей қаласының ШҚО бойынша бірінші орында тұрғанын айғақтайды,-деген Семей қалалық сот төрағасы міндетін атқарушы Айдар Секенов, алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра беретіндіктерін жеткізді.
Өткен жылы Семей қаласының №2 сотында 1395 тұлғаға қатысты 1305 қылмыстық іс қаралып, 386 азамат жауапқа тартылды. Бұл туралы Семей қаласының №2 сот төрағасы міндетін атқарушы Жанат Әбенова конференция барысында мәлім етті.
– Қылмыстық сотта қаралған істердің басым көпшілігі тоқтатылды немесе күдіктілерге қатысты іздеу салынды. Бүгінгі таңда азаматтар өзара дау-дамайды бітімгершілік процедурасы арқылы шешуді жөн санайды. Мәселен, 2016 жылы №2 сотта медиация бойынша тек 132 қылмыстық іс жабылса, 2017 жылы 434 іс бітімгершілік арқылы тоқтатылды. Бұл семейлік тұрғындардың кәсіби медиаторлардың біліктілігіне, жалпы медиацияға деген сенімінің жоғарылығын байқатып тұр,-деп атап өтті Ж.Әбенова.
Ж.Әбенова 2017 жылы Семейде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің саны да едәуір артқанын жасырмады. 2016 жылы Семей қаласының №2 сотында жемқорлыққа байланысты 6 іс қаралғанекен. Ал өткен жылы олардың саны 22-ге жеткен. Айтуынша, тек мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражатты талан-таражға түсірген жемқорлар ғана емес, сонымен бірге пара берушілер де тиісті жауапқа тартылды.
– Өткен жылы білім беру саласының қызметкерлері жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Мысалы, пара алған қаладағы №7 мектеп-лицейдің бұрынғы директоры нақты дәйектемелермен ұсталып, оған 3 млн.175 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Семей қаласы білім бөлімі басшысының орынбасарына да сыбайлас жемқорлық бабына сәйкес 137 мың 500 теңге мөлшерінде пара алғаны үшін ірі көлемдегі 9 млн.625 мың теңге айыппұл тағайындалды. Қазіргі күні барлық айыппұлдар мемлекет пайдасына өндіріліп алынды,-деді Ж.Әбенова.
Сол сияқты Знаменка орта мектебінің есепшісі қаржы жымқырғаны үшін айыпты деп танылса, жол-патрульдік полициясының бұрынғы қызметкері де жемқор атанып, жеке мүлкі тәркіленді. Жол жүру ережесін бұзған тұрғыннан ақшалай сыйақы алғаны үшін әшкереленген тәртіп сақшысы үш жылға дейін бас бостандығынан айырылды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкері де парамен ұсталып, 17 млн.теңге айыппұл салынған екен.
Мемлекет қаражатын жымқыруды көздегендердің ісін тізбектеген Жанат Әбенова Қазақстан Ресубликасының қылмыстық-процестік кодексіне 2017 жылдың 21 желтоқсанында енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға тоқталды.
– Қылмыстық-процестік кодекстің бұлтартпау шараларына байланысты өзгерістер енгізіліп отыр. Егер бұрын күдікті қамауға 72 сағатқа қамалатын. Қазір кәмелеттік жасқа толмағандар 24 сағатқа, ересек адамдар 48 сағатқа қамалады. 48 сағаттың ішінде тергеуші қандай бұлтартпау шарасын қолдану керектігін шешу керек. Бұрнағы жылдары бұлтартпау шарасы кезінде кепіл қолданылып, оны прокурорлар мен тергеушілер өздері қолдана беретін. Қазіргі күні кепіл бұлтарпау шарасын қолданудағы өкілеттілік тек сотқа ғана беріліп отыр. Сонымен қатар кодекске бұйрықтық іс жүргізу деген бөлім енгізілді. Бұл жаңашылдық 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енді. Қылмыстық іс сотқа түскен күннен бастап үш күн ішінде, судья сот мәжілісін өткізбей-ақ, өзі қаулы шығарады, істі қайта қайтару туралы не болмаса айыптау үкімін шығарады.
Баспасөз жиынында Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрайымы да сөз алып, жылды қорытындылады. Судья Айтжамал Молдагожинаның сөзіне қарағанда, 2017 жылы барлығы 7806 әкімшілік іс түскен. Соның ішінде 7470 тұлғаға қатысты әкімшілік қаулы шығарылды, 6500 тұлғаға әкімшілік жаза қолданылған. 2721 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған екен. Әкімшілік істердің барлығы дерлік, яғни 99,8 пайызы сот кабинеті арқылы түсетінін айта кеткен жөн болар.
Төртінші билік өкілдерімен кездесуде есеп берген ШҚО №2 жасөспірімдер істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Раушангүл Байжұманова ата-аналық құқығынан айыру жөніндегі істердің өршіп тұрғанын, алимент төлеуден жалтарып жүргендердің саны артып отырғанын айтты.
Айзада Сламбаева
713 всего, 3