Семей.01.11. “Semeyainasy” – Қазан айынан бастап барлық қоғамдық көліктердің қозғалысы, қысқы кестеге сай, 21.00-ге дейін ұзарды. Ал жазғы кесте бойынша тасымалдаушылар 23.00-ге дейін қызмет етуі шарт.
Халық наразылығын ескерген қала әкімі жуырда кезекті рейдке де шыққан еді. Алайда сол күні барлық автобустардың кестеге сай жүріп-тұрғаны мәлім. Қала тұрғыны ретінде, қоғамдық көліктердің сол күнгі қозғалысын көзбояушылық деп бағалар едік.
Келісімшартқа сай, қысқы уақытта 21.00-ге дейін жүріп-тұруы тиіс болғанымен, қоғамдық көліктер 20.00-ден кейін жолаушылар тасымалын мүлде тоқтатады. «Семей қаласының жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС директоры Бейсенғазы Тастекеев «Семавтопарк» ЖШС көліктерінің қозғалыс жиілігі өткен жылмен салыстырғанда 54 %-дан 77 %-ға, «Азия Комби» ЖШС 64-тен 80%-ға, «Таксомоторный парк» ЖШС 77-ден 83%-ға, «Автомигди» ЖШС 43-тен 83%-ға, «Семдортехника» 85-тен 91%-ға, «Семей көлігі» 69-дан 76%-ға артқанын айтқанымен, қоғамдық көліктердің кешкі уақытта кестеге сай қызмет етуі әлі де өз деңгейінде емес. Түскі уақытта бір сағат жоғалып кететін шағын автобус жүргізушілерінің жауапсыздығын айтпай кетуге тағы болмас…
Айзада Сламбаева
626 всего, 3