IMG-20170929-WA0074

Семей.29.09. “Semeyainasy” – Бүгін қаламызда жапалақтап жауып тұрған қарға қарамастан, таңертең ерте орталық «Спартак» алаңында Семей қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, жоғары оқу орындары мен колледждердің студеттерімен оқытушылар арасында жеңіл атлетикадан «Алтын күз 2017» жүгіруден кросс жарысы болып өтті. Өткізілген жарыстың негізгі мақсаты осы спорт түрі арқылы жастарға салауатты өмір салтын насихаттау.

Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін аламан додаға биыл да бақ сынаушылардың саны аз емес. Жалпы саны 200-ге жуық қатысушы өздерінің спортқа деген қызығушылықтарын танытып, жеңіс тұғырынан көрінуге ынталарын көрсете білді. Жарыс ережесі бойынша қыздар 500-1000 м қашықтықта жүгірсе, ұлдар 1000 м және 3000 м жүгіріп өз араларында нағыз мықты, желаяқ жүйрік жеңімпаздарды анықтады. Айта кетерлігі, осы марфонда жүлделі 1 орынға ие болған азаматтар 6 қазан Риддер қаласында өткізілетін облыстық турнирде Семейдің намысын қорғайтын болады.

Жарыстың қорытындысы бойынша ерлер арасында 1000м қашықтықта оза шапқан Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінің студенті Серікбек Әділбек 1 орын иегері атанса, 2 орынды Абылай Түсіпбеков және 3 орын Мұхтар Саяхатовқа бұйырды. Сонымен қатар 3 км, яғни ауқымды стадионды үш рет айналып жүгіруден топ жарғандар: 1-ші орынды барлығын шаң қаптырып, бірнеше минутқа қарсыластарының алдын орап кеткен, қазіргі уақытта жаттықтырушы қызметін атқарып жүрген жас спортшы Біржан Сағатбеков сөзсіз жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 2-ші және 3-ші орынды Ерболат Ташманов пен Владимир Кляин өзара бөлісті.

Қыздар арасында 500 м қашықтықта үш орынды да Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері қанжығаларына байлады: 1 орын Эльнара Бейсенғалиева, 2орын Айым Мұхтарова, 3 орынды Зауре Мақсұтова иеленді. Жалғасын тапқан марафонның екінші айналымында 1000 м қашықтықты бар жоғы 3 мин 22 секундты бағындырып мәре сызығына алғаш болып келген КазГЮУ білім ордасының оқытушысы Қарлығаш Сабыржан, 2-ші орынды электротехникалық колледждің атынан шыққан Ольга Нестерова көрінсе, үздік үштікті жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы Наталья Нуриахметова қорытындылады.

Барлық жеңімпаздарды турнирдің бас төрешісі Рахымтай Абақұлы арнайы сыйлықтар, мақтау қағаздары және кубок, медальдармен марапаттады.

Жеңіске жеткен жас спортшыларымызды болашақта зор үміт күттіретін, есімі әлемге танымал жеңіл атлеттердің бірі болатындарына сенеміз!

Ғанибек Түсіпбек

 676 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *