ҰЛЫҚ-МЕРЕКЕ-ҰЛАҒАТЫ

Семей.30.08. «Semeyainasy» — Мұсылман қауымының асыға күткен ұлық мерекелерінің бірі – Құрбан айтқа да санаулы күндер қалды. Балиғат жасына толған ақыл-есі дұрыс әр мұсылман баласына бұл күні Айт намазына қатысып, Алла разылығы үшін құрбан шалу – уәжіп.

Биылғы Құрбан айт мерекесі 1 қыркүйекке сәйкес келіп отыр. Соған байланысты алғашқы қоңыраудың қыркүйектің екінші күніне шегерілгені де баршаға мәлім. Елбасының Жарлығымен бұл күн барша қазақстандықтар үшін демалыс күні болып бекітілді. Ал 31 тамыз – шек күні. Айт намазы әдеттегідей таңғы сағат 7.00-де басталады.

-Құрбандық шалу – Ибраһим пайғамбарымыздың сүннеті. Құрбан шалудың адамға тигізер пайдасы көп. Ол адамдар арасын жақындастырып, адамды бауырмалдыққа, қайырымдылыққа үйретеді. Ниет етіп шалынған малдың әр қылы мен жүнінде бір сауаптан бар. Дегенмен ертең үйіме қонақ келгенде ет асулы тұрсын деп, малды Құрбан айтқа жеткізбей сойып тастауға болмайды. Бұл – дұрыс амал емес, құрбандық болып есептелмейді. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін ғана сойылады, – дейді ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай.

Түсінгеніміздей, айт намазынан кейін сойылған мал ғана құрбандық болып саналады. Ал айттың үшінші күні екінті намазынан кейін сойылған мал құрбандыққа жатпайды.

Құрбан айттың тағы бір ерекшелігі, осы күндері ниет еткен мұсылман бауырлар қажылық сапарға аттанып, 5 парыздың бірін орындайды. Биыл Семей өңірінен 10-ға жуық адам қажылық сапарға аттанған екен.

Соңғы жылдары еліміз бойынша қажылық сапар шегетін адамдар саны кеміп отыр. Оның себебі – Біріккен Араб Әмірліктерінен бөлінетін квота санының азаюынан. БАӘ квотаны мемлекеттегі мұсылмандар санына қарай бөледі. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, биыл біздің елге 3 мың квота ғана бөлінген екен. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып шықты.

-Бір ғана Түркиядан жылына 80-100 мың адам қасиетті Мекке, Мәдинаға сапар шегеді. Индонезия, Малайзия, Пәкістан да жылына 80-100 мың адам апарады. Бұрындары БАӘ квотаны мемлекеттегі жалпы халық санына қарай есептеп бөлетін. Соңғы уақытта елдегі мұсылмандар саны ғана есепке алынады, – дейді өкіл имам.

Құрбандыққа қандай мал шалынады?

images (1)

Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, ірі қараның ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.

Қой мен ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір адам жалғыз өзі үшін немесе жеті адам бірігіп шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Мерекеге орай жергілікті билік құрбандық шалу орындарын қарастырып қойған. Шаһар бойынша ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай 3 мал сою алаңы әзірленді. Олар – «Сары» әмбебеп базары, Дальняя ауданындағы Космоновтар көшесі, 1 мекенжайындағы «Ақшың» және Степной кентіндегі Топографическая көшесі, 4 мекенжайында орналасқан мал сою алаңдары.

-Біз аталған орындарды аралап шықтық. Әрбір алаңда 2 тоннаға дейін ет сақтауға мүмкіндік беретін тоңазытқыштар орнатылған. Ол жерде ветеринар және зертхана мамандары жұмыс істейтін болады, – дейді қалалық ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Слямғазы Нұртазанұлы.

Айта кетейік, мал сою алаңдары жекеменшік болғандықтан бұл орындарда мал бауыздау ақылы. Былтыр ірі қара үшін 5 мың, ұсақ мал үшін 3 мың теңге сұралған еді. Жергілікті басшылар биыл бағаны төмендетуді сұрап отырған көрінеді.
Айзада Сламбаева

 664 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *