Семей.21.08. «Semeyainasy» — Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы қалай? Бұл мәселе бір ғана отбасыны емес, бүкіл қоғамды мазалайтын өзекті мәселе екені хақ. Осы сұрақты жан-жақты талқылау мақсатында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің басшылығымен «Нұр Отан» партиясы Семей филиалы саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы болып өтті.
Семей қаласы мектептерінің жаңа 2017-2018 оқу жылына дайындығы бойынша баяндама жасаған қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың айтуынша, құрамында білім бөлімі, қалалық кәсіподақтар комитеті, өртке қарсы қызмет, қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің қызметкерлері бар арнайы комиссия оқу ошақтарының дайындығын тексеру мақсатында өз жұмыстарын 24 шілде күні бастаған екен. Комиссияның тексеру және бақылау іс-шаралары 24-ші тамызға дейін жалғасады. Осы аралықта мектеп басшылары табылған кемшіліктерді бүтіндеуі тиіс. Олай етпесе, білім беру орны жаңа оқу жылына дайын емес деген шешім қабылданады.
Биыл қала және облыс қоржынынан Семейдегі 75 білім ошағын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу үшін 337 миллионнан астам қаржы бөлінген. Оның 68,843 млн. теңгесі екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қарастырылса, 37 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуге 268 млн.теңге берілді. Қазіргі күні мектептердегі жөндеу жұмыстарының 85 пайызы аяқталды. Тек № 9, 34, 35, 42, 12, 47, 43 мектептер мен экономикалық лицейдегі жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда. Бұның себебін білім бөлімінің басшысы конкурстық шаралардың кешеуілдеп қалуымен түсіндірді. Сондай-ақ, «Еңбек-Семей» ЖШС мердігерлік ететін қаладағы №43 мектеп те, «Промэлектросвязь» ЖШС-нің көмегімен жөнделіп жатқан Пригород мектебі және «Качество строй ремонт» серіктестігінің жұмысшылары ретке келтіріп жатқан жастардың шығармашылық сарайы оқу жылына толығымен дайын емес көрінеді.
-Біз күн сайын барлық білім беру мекемелерін аралап, мердігер компаниялардың жұмысын жіті бақылаймыз. Бүгінде 80 оқу ошағында ағымдағы және косметикалық жөндеу 100 пайызға, 6 мектепте 90 пайызға орындалды. 59 мектептің жылу жүйесін жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Жылыту жүйелерін шайып, тығыздауға (промывка, прессовка) 4 млн.394 мың теңге бөлінді. Барлық білім беру мекемелеріндегі жылу құбырлары тазартылды. Тек №36 мектепте әзірге жылу жүйелері қалыпқа келтірілуде. Мектеп қазандықтарына қатты және сұйық отын жеткізуге 85 млн. қарастырылған. 19 оқу ошағы көмір, 2 мектеп сұйық отын жеткізу бойынша келісімшарт жасасты,-дейді Семей қаласының бас ұстазы Наталия Фесенко.
– Семей қалалық білім бөлімі басшысының сөзіне қарағанда, осы жылы жаңа бағдарлама бойынша 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарға оқулықтар сатып алу үшін қала қазынасынан 330 млн.теңге бөлінген. Шілде айында тағы да қосымша 6 млн.500 мың теңге берілді. Бірінші сынып оқушыларына арналған «Менің Отаным – Қазақстан» оқу құралы мен жұмыс дәптерлерін алуға облыс бюджетінен 15 млн. бөлінді. Жалпы мектеп оқушыларын оқулықтармен қамтамасыз ету биылғы жылы 98 пайызды құрайды деген болжам бар.
– Қала мектептеріне кітаптарды тарату жұмыстарын 25-ші тамызға дейін аяқтаймыз. Оқулықтардың алғашқы легі үш жүк көлігімен жеткізілді. Алайда бұған қатысты мәселе де жоқ емес. 2017 жылдың мамыр айында оқулықтарды жеткізушілерді анықтау мақсатында конкурс өткізіп, тиісті тасымалдаушылармен келісімге қол қойылған болатын. Енді оқу жылы басталар тұста екі тасымалдаушы да өз істерінен бас тартып отыр. Біреуі денсаулығына байланысты жауапкершіліктен бас тарса, енді біреуі банкротқа ұшырадым деп екі қолын төбесіне қойды. Жеме-жемге келгенде жауапкершіліктен жалтарған екі бірдей тасымалдаушыға қатысты сотқа арыз жаздық. Қалай десек те, бұл мәселені шешу жолында тиісті істер атқарылуда. Екінші мәселе, қала мектептеріне жеткізілуі тиіс «Бөбек» баспасының кітаптарының тең жартысы әлі дайын емес. Баспа үйінің сөзіне қарағанда, кітап алуға өтініш берген білім мекемелерінің тізімі көп, сондықтан үлгере алмай жатқан көрінеді. Бірақ олар 25-ші тамызға шейін оқулықтарды түгелдей жеткізуге ниетті, – деп өз сөзін түйіндеді Наталия Фесенко.
Айзада Сламбаева
758 всего, 3