IMG-20170821-WA0015[1]

Семей.21.08. «Semeyainasy» — Спорт күні аясында ұйымдастырылып, жиырма күнге созылған спорттық сайыстар кеше, жексенбі күні Түйемойнақ аралында өткен веложарыспен тамамдалды. Спорт күніне орай қаламызда жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл мерекелік шара 3 тамыз күні «Coca-cola» атты футболдан жасөспірім қыздар арасында өткен республикалық турнирден бастау алған болатын.

Спорттық сайыстардың ішіндегі ең ауқымдысы әрі қызықтысы сенбі күні Әуезов даңғылында өтті. 300-ге жуық қала тұрғыны 5 шақырым аумақты жүгіріп өтіп, жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарысқа қатысуға ниет білдіргендердің ең жасы 12-де болса, ең үлкені 70-ті алқымдаған ақсақал болды. Бұдан бөлек тамыз айының әр күні шахмат, дойбы, үстел теннисі, веложарыс, жағажай волейболы, таэквондо, еркін күрес, ауыр атлетика, гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған кәсіпқой және әуесқой спортшылар, қала тұрғындары қатысты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тоғызқұмалақ ойыны да тартысты өтті.

-Сенбі күні шаһардағы 70-тен астам спорт ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, қала әкімінің арнайы сый-сияпаттары табысталды. Олардың еліміздегі спорттың дамуына қосқан үлесі зор, шәкірттері бүгінде өзге елдің төрінде еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр. Жексенбі күні де Ертіс жағалауы мен Орталық саябақта, Әуезов даңғылы мен Цементшілер кентінде спорттың әр түрінен сайыстар өтті. Мақсатымыз – қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, оларды спортқа баулу. Осы мүмкіндікті пайдаланып барлық спорт ардагерлері мен спортшыларды, қала тұрғындарын спорт күнімен құттықтап, зор денсаулық, жанұяларына бақыт тілеймін. Спортшыларымыз тек қана биіктен көрініп, еліміздің көк Туын көтере берсін, – дейді Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев.

Айзада Сламбаева

 465 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *