Семей. 26.11. “Semeyainasy” – Семейде бұл күндері мерекелік іс-шаралар жоспарланғанымен, эпидемиологиялық жағдай бәрін өзгерте алады. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев мәлім етті.
– 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік күніне орай бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуы жоспарлануда. Ашылу рәсімі Ұшақтар кенті мен Қарағайлы шағын ауданында өтеді. Сондай-ақ, білім беру және мәдениет мекемелерінің базасында қосымша іс-шаралар өткізілетін болады. Сондай-ақ, 4 желтоқсанда “Астана Балет” ұжымының шығармашылық кешпен келуі де маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Балабақшалардағы ертеңгіліктерге келетін болсақ, оларды санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізу жоспарлануда. Алайда, барлығы қаладағы эпиджағдайға байланысты болмақ, – деді Айдар Садырбаев.
Ол сондай-ақ “жасыл” аймақта қалып, мерекелік іс-шараларды өткізу мүмкіндігі тек ересектерге ғана емес, жасөспірімдердің де вакцинациядан өтуіне тікелей байланысты екендігін жеткізді.
Семей қ. ақпараттық орталығы
615 всего, 6