Семей. 28.04. “Semeyainasy” – Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов Энергетик, Сроства, Общество слепых, Северный, Ақсай, Березовский және Красный кордон аудандарының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді.
Бұл аудандар Семейдің сәулеттік келбетінің ажырамас бөлігі әрі қаланың дамуына өзіндік бір ерекшелік береді.
Мәселен, “Энергетик” шағын ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған ең ірі “Северный” сауда орталығы орналасқан. Сауда орталығында апта сайын жәрмеңкелер өткізіліп, ауылшаруашылық өнімдерінің үлкен ассортименті төмен бағамен ұсынылады.
Ал Красный Кордон кенті орманға іргелес орналасқан 405 гектар өте үлкен аумақты алып жатыр. Жергілікті тұрғындар таза ауа мен сапалы ауыз суын мақтан тұтады. Кентте 4 мыңнан астам адам тұрады.
Бақытжан Байахметов жиналғандарды қаланың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерімен таныстырды.
Сондай-ақ, қала әкімі тұрғындарды осы аудандарда атқарылған жұмыстар мен іске асыру жоспарланған жобалар туралы жан-жақты хабардар етті.
Мәселен, 2020-2021 жылдары мұнда 1 миллиард теңгеден астам қаржыға жобалар іске асырылған. Оның ішінде көшелерді жөндеуге 500 миллионнан астам қаражат жұмсалды. Мектепке баратын жолдарға және басқа да көшелерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 11 көше жарықтандырылды. Сумен қамтамасыз етуге 64 миллион теңге бөлінді. Электрмен жабдықтау бойынша үш жоба іске асырылды.
Осы жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарына және мектептердің оқу кабинеттеріне қажетті құрал-жабдықтарды алуға 700 миллион теңге бөлу жоспарлануда.
Semeyainasy.media
670 всего, 9