Семей.25.05.”Semeyainasy” – Бүгін қала мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Салтанатты шарадан кейін оқушылар өз оқу орындарының аумағында ағаш отырғызуға қатысып, қала бойынша 1000-нан астам көшет отырғызылды.
Ал Халықаралық әуежай маңайында тұтас аллея пайда болды. Қала әкімі Ермак Сәлімовтың қатысуымен ашылған “Түлектер аллеясында” барлығы 300 қылқан жапырақты ағаш бой көтерді.
– Бұл акцияны өте маңызды күнде өткізіп жатырмыз, – деді Ермак Бидахметұлы. – Акцияны Қарағайлы шағын ауданында өткізгіміз келген, бірақ оны әуежай аумағында өткізуді ұйғардық. Өйткені алыс және жақын жерлерге оқуға барып, туған қалаға оралғанда : “бұл ағашты мен отырғыздым!” деп айтып жүретін боласыздар. Баршаңызға бақыт, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Ұйымдастырушылар Шығыс Қазақстанда жасыл желектерді отырғызу бойынша экологиялық акция облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша өткізілетінін атап өтті.
Айта кету керек, биыл Семейде 1071 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. Олардың 60-қа жуығы “Алтын белгіге” үміткер. 55 түлек Үздік аттестатқа ие болады . Түлектерді алда ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұрса, кіші буын оқушылары жазғы демалысқа дайындалуда. Білім бөлімінің мәліметтері бойынша осы жазда қала сыртындағы лагерьлерде 2 мыңнан астам оқушы демалып, 1746 бала мектеп жанындағы лагерьде тамақтануға мүмкіндік алады.
Семей қаласының ақпараттық орталығы
Фото: Семей қаласының ақпараттық орталығы
—
598 всего, 3