Семей.20.04.”Semeyainasy”-«Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді». Елбасы «100 жаңа оқулық» жобасы шеңберінде қазақ тіліне аударылған кітаптармен танысу жиынында осылай деген еді.
Әлеуметтік – гуманитарлық салада 100 жетекші оқулық аудармасы – прагматизм мен бәсекеге қабілетті рухани жетілдіруде жаңа Қазақстан ұрпағын қалыптастыруға нақты қадам болып табылады. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасау үшін “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы қолға алынғанын қазақ елі жақсы біледі. Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік оқулықтар қазақ тіліне аударылып, біздің жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау алға қойылып отыр.
Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын – соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтар және оқулық шығаруға маманданған баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатпақ.
Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байытады. Ғылыми терминологияны дамытып, академиялық жазу стилін жетілдіреді. Отандық ғалымдарымызға ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік туып отыр. Ең бастысы, қазақ тілінің беделі көтеріледі, сонымен бірге гуманитарлық салалар бойынша білім алушыларға заман талабына сай жағдай жасалады әрі қазақстандық аударма мектебінің әлеуеті арта түседі.
Әлемнің 42 елінде 34 тілде басылған жалпы таралымы 47 млн. дана болып келетін “Философияның қысқаша тарихы”, “Антика философиясы”, “Орта ғасыр философиясы”, “Философияның таңдаулы 25 кітабы”, “Әлеуметтану теориясы”, “Көпке ұмтылған жалғыз” – әлеуметтік психологияға кіріспе», “Қазіргі психология тарихы”, “Әлеуметтік психология”, “Тіл және мәдениетаралық коммуникация”, “Экономикс”, “Менеджмент”, “Иудаизм, христандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны”, “Антропология тарихы мен теориясы”, “Төртінші индустриялық революция”, “Медиа этика”, “Әлеуметтану негіздері”, “Кәсіпкерлік (теория, процесс, практика)» сынды түпнұсқадан тікелей аударылған кітаптар келесі оқу жылынан бастап еліміздің барлық жоғары оқу орындарына таратылмақ.
Астана төрінде өткен аталған оқулықтардың алғашқы легінің таныстырылымы барысында, Елбасымыз өзі атап өткендей, қазақтың өз санасын өзі басқарып, рухани мәдениетіне жан-жақты зер сала бастаған жаңа дәуірі туды. Бұл дәуір ғылым мен техникаға негізделген, сан алуан ақпараттар тоғысында ең қажеттісін ми мен сана болмысына басқарта отырып, сараптау алу дәуірі болмақ.
Бүгінгі аға буын құрсауда қалған қазақтың тілі мен ділін, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін, төл тарихын жеткізді.
Бүгінгі буынның да тарих сахнасында сыналар шағы туды. Бұл – жаһандық дәуір қиындықтарымен күресе отырып, бабадан жеткен барлық құндылықтарымызды келешекті көркейтер буынға аманат ету. Бұл білімділікті, ізденісті, мәдени-интеллектуалдық күресті талап етері сөзсіз.
100 жаңа оқулықты қазақ тіліне аудару біздің біліми, ғылыми ойымызды әлемдік деңгейге көтереді, қазақ тілінің ғылыми терминологиясын, пәндік оқыту жүйесін жаңа белеске шығарады деп сенемін. Қазақтың латын графикасына көшу мәселесі, цифрлық технологияға өту, ағылшын тілін меңгеру арқылы әлемдік қауымдастықтың жүйесіне көшу мәселесінде бұл оқулықтар қоғамға жаңалық болып енуі керек. Әрине, атқарылар шаруа көп. Аталмыш жобаның сәтті іске асырылуы жолында Шәкәрім университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы да өз үлестерін қосуда.
Университетіміздің ректоры, профессор М.Ескендіровтің қолдауымен 12-13 сәуір аралығында өткен Елбасымыз өзі қатысқан, еліміздің барлық ЖОО ректорлары, БАҚ өкілдері, ұстаздары бас қосқан Астана қаласындағы “100 жаңа оқулық” таныстырылымына қатыстық. Келесі күні ҚР Ұлттық музейінде өткен көрме – таныстырылымға жаңа оқыту әдістемесі форматы бойынша дайындалған бірнеше еңбектер ұсынылды. “Латынды меңгеру”, “Абай шығармаларын оқытудың жаңа форматы”, “100 оқулыққа қосылған үлес”, “Жаңа буын оқулықтары” сынды т.б. ұсынылған әдістемелік-оқу құралдары еліміздің төрт министрлігі, ЖОО ұстаздары, еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100-ден астам БАҚ өкілдері көңілдерінен шықты, республикалық телеарналарда да бұл туралы кеңінен мәліметтер берілді.
Елдің елдігін, халықтың болмысын танытуға аяқ басқан ұлттық жаңғыру жолындағы интеллектуалдық – ақпарат заманында Шәкәрім университеті шаңырағы рухани құндылықтарды әрдайым дәріптей бермек.
Арай ЖҮНДІБАЕВА, философия докторы (PhD), Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.
608 всего, 9