Фото

Семей. 11.01. “Semeyainasy” – Өткен жылы Семей қаласының №2 сотында 1395 тұлғаға қатысты 1305 қылмыстық іс қаралды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 400 қылмыстық іске көп. 386 азамат жауапқа тартылды. Бұл туралы Семей қаласының №2 сот төрағасы міндетін атқарушы Жанат Әбенова БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.

 

– Қылмыстық сотта қаралған істердің басым көпшілігі тоқтатылды немесе күдіктілерге қатысты іздеу салынды. Бүгінгі таңда азаматтар өзара дау-дамайды бітімгершілік процедурасы арқылы шешуді жөн санайды. Мәселен, 2016 жылы №2 сотта медиация бойынша тек 132 қылмыстық іс жабылса, 2017 жылы 434 іс бітімгершілік арқылы тоқтатылды. Бұл семейлік тұрғындардың кәсіби медиаторлардың біліктілігіне, жалпы медиацияға деген сенімінің жоғары екендігін аңғартса керек,-деп атап өтті Ж.Әбенова.

 

Ж.Әбенованың сөзіне қарағанда 2017 жылы Семейде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істердің саны да едәуір артқан. 2016 жылы Семей қаласының №2 сотында жемқорлыққа байланысты 6 іс қаралған, ал өткен жылы олардың саны 22-ге жеткен. Айтуынша, тек пара алған азамат қана емес, сонымен бірге пара беруші де тиісті жауапқа тартылған екен.

 

– Өткен жылы білім беру саласының қызметкерлері жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Мысалы, пара алған қаладағы мектеп-лицейдің бұрынғы директоры нақты дәйектемелермен ұсталып, оған 3 млн.500 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Семей қаласы білім бөлімі басшысының орынбасарына да сыбайлас жемқорлық бабына сәйкес 137 мың 500 теңге мөлшерінде пара алғаны үшін ірі көлемдегі 9 млн.625 мың теңге айыппұл салынды. Қазіргі күні барлық айыппұлдар мемлекет пайдасына өтелді,-деді Ж.Әбенова.

 

Сол сияқты Знаменка орта мектебінің есепшісі қаржы жымқырғаны үшін айыпты деп танылса, жол-патрульдік полициясының бұрынғы қызметкері де жемқор атанып, жеке мүлкі тәркіленді. Жол жүру ережесін бұзған тұрғыннан ақшалай сыйақы алғаны үшін жауапқа тартылған тәртіп сақшысы үш жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

 

Айзада Сламбаева

 426 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *