Осы жолы сұхбаттасу бақытына ие болған кейіпкерім – белгілі тарихшы, ғалым, археолог, профессор Амантай Исаұлы. Бұл кісіні бұрыннан танитыным бар еді. Әрқашан еңбексүйгіштігіне тамсана қарайтынмын. Шəкірттерімен білгенін бөлісіп, бағыт-бағдар беруші жандардың қатарынан. І курс оқып жүргенімде Шәкәрім университетінде тарихтан ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибиелік конференцияға қатысқанымда қазылар алқасының төрайымы болып Амантай аға отырған. Сол сәттен бастап ол кісіні жақыннан тани түстім.«Семей Айнасы» редакциясынан сұхбат жанрына қалам тербеуге тапсырма түскенде, бірден есіме Амантай Исаұлы түсті. Шыны керек, кездесіп, әңгімелесуге асықтым. Сөйтіп жолым болып, ол кісімен сұхбаттасатын болып уағдаластық. Үйінің маңына жақындай бергенімде, Амантай аға алдымнан шығып, құшағын жая қарсы алды.
Үйдің ішіне кіре салысымен құдды бір кітапхана әлеміне тап болғандай күй кештім. Ескі кітаптардың иісі мұрын жарып, ескі кітаптан өткен заманның,жаңа кітаптан жаңашылдықтың лебі есіп тұрды. «Кітап – сарқылмас қазына», – деп бір-екеуін қолыма ұстатып, сыйға тартқанда көңілім жадырап сала берді. Менің келетінімді алдын ала білгендіктен, ақ дастарқанын жайқалтып қойыпты. Үстел басына жайғаса сала балалық шақтың бекетіне сапар шегіп, өткенге шолу жасадық…
Еліміздің тарихындағы ең қайғылы парақтардың бірі – Семей ядролық сынақ полигоны
Қазақстан аумағында атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін арнайы 18 млн. га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. 1949 жылдың 29 тамызында Семей облысында таңғы сағат 7-де жерден 38 метр биіктікте қуаты 20 килотондық алғашқы атом бомбасы жарылды. Бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Тарихтан білетініміздей атом бомбаларының жарылыстары өте ауыр болды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Сынақ зардаптары дәрі мен дәрігерлерді дәрменсіз етіп, адамзат баласында кездеспеген ауру-сырқаулардың «жаңа» түрлері пайда болды.
Қалай десек те полигонның салдары әр адамның өмірінде мәңгілік естен кетпес үлкен қасіретті өзімен бірге ала келді. Әрбір әлем мемлекеттері тыныштықта өмір сүріп, дәл біздің ел бастан кешкен оқиға қайталанбаса екен.
Семей ядролық полигоны Амантай Исаұлының өмірін қалай өзгертті…
Балалық шақ барлығының есінде қалатыны сөзсіз. Мен 1951 жылы желтоқсан айында дүние келдім. Балалық шағым Қызылтау деген ауылдық жерде өтті. «Ол жылдары барлықтарыңыз білесіздер ядролық сынақтар басталған заман. Міне біз сол полигонның зардаптарын толық сезіндік. Полигон салдарына Қуат деген туған ағам ауруға шалдығып, 5 жасында қайтыс болды», – деп ескі суреттің бірін көрсетіп көзіне жас алды. Жер асты жарылысынан адамдар түрлі ауруларға ұшырап, сол зұлматтың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана айтыла бастады. Көбісі не болып жатқанын түсінбеді, адамдарға дұрыс ақпарат тарамады. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың адам өміріне қаншалықты үлкен зардап әкеліп жатқаны туралы жүйелі деректер ол уақытта көп айтыла бермейтін. Поигонның әсерінен менің де денсаулығымда кінәрат бар, жастайымнан арқам ауырады, омыртқа сүйектерім қисық. Бұны тағдыр деп білемін,ешқашан өзімді өзгелерден төмен санап, еңсемді түсіргенім жоқ. Полигон айрандай ұйып отырған отбасыма қатты әсер етті. Содан болар бақытты балалықты бастан кешіре алмадым. Жалпы қиындықсыз ештеңе болмайды. Адамды жетілдіретін сол. Себебі баланың барлық жағдайы жасалған болса, ол өмірдің құндылығын аса қатты бір сезіне қоймайды, жігері тиісті дәрежеде қалыптаспайды. Жігерлі болу үшін расында қиындықты бастан кешіп, соны жеңе білу керек.
Балалық шақтың бекетіне саяхат…
Бала күнімде мені «Шабажан», «Шабаш» деп еркелететін. Әл күнге дейін мені анамнан бетер жақсы көретін Төлеу әжем есімде. Ол кісінің бауырмалдылығы жадымда мәңгілік сақталып өтері сөзсіз. Алты жасқа дейін арқасында арқалап, білгенін үйретіп, қамқорлығын көрсете білді. Содан ауылдағы бастауыш сыныпты тәмамдағаннан кейін, 11 жасымда Алматыдағы ағамның қолына бардым. Ағам әскери қызметте, тәртіп деген қатал. Қаланың дәл ортасындағы № 25 орыс мектебіне оқуымды жалғастырдым. Қайткенмен де мен секілді ауылдың баласына жаңа орта мен бейтаныс адамдар таңсық еді. Көбісі орысша сөйлейді, қазақша сөйлейтін балалар жоқтың қасы.
Бала махаббат деген әр адамның басында болатын ең ұмытылмас оқиғалардың бірі. Жасым кіші болса да көрші қыздардың біріне ғашық болдым. Ал ол 8 сыныпты оқып жүрген бойжеткен қыз еді. Күнде ары бері өткенде бақылап, сыртынан қарап жүретінмін. Жүрекке әмір жүрмейді деген рас екен. Бір күні батырлық танытып қыздың жанына ақырын ғана жақындап, «Мен саған үйленемін» – деп айтқан екенмін. Қазір қарап отырсам ол да бір өмір екен. Шіркін, балалық шақ ештеңеге айрыбастауға келмейтін ең бір керемет естелік. Балалық қайта оралмайды. Ол тек санандағы мәңгілік өшпес сезімдердің ең тәтті естелігі болып қалатыны ақиқат.
Тарихқа деген қызығушылық…
Ауылдың бір топ ақсақалдары жиналып алып өткенді еске түсіріп, ескі әңгімелерді ауыздың майын тамызып тұрып айтатын. Әсіресе ескілік замандағы билеріміз бен қазақтың қайсар батырларын ғажап баяндайтын. Аталарымыз ол кезде қазіргідей емес расымен ақсақал деген атқа лайық, бастарына тымақ, үстілеріне ою өрнектелген шапан киетін. Сол кісілердің әңгімелерін естіп отырып, көркем әдебиетке жалпы тарихқа қызығушылығым арта түсті.
Жастайымнан кітапханалрға жиі барып көркем әдебиетке қатысты шығармаларды ой елегімнен өткізіп, бойыма сіңіріп, сүйсініп тұрып оқитынмын. Мектеп оқушысысы болсам да Алпамыс, Қобыланды, Рүстем-Дастан жырларын мәнерлеп оқып, жатқа айтатынмын.
Ал армандар орындалатын мекен – Алматы шаһарына барғанымда кітапханалрға барып, түрлі кітаптарды оқуымды тоқтатқан емеспін. Кеңес заманы болса да Алматының кітапханаларында қазақша кітаптар толып тұрды. Қалаған кітабымды құшақ-құшақ үйіп алып, барлығы ұйықтап жатқанда қараңғы бөлмеде шам жағып қойып, көптеген кітаптардың беттерін парақтайтын едім.
Кеңес әдебиетінде оқымаған кітабым қалмады, мейілінше барлығын тез оқып тастауға тырысатынмын. Алғашқы оқыған еңбек туындыларым: Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім», «Есею жылдары», Сапарғали Бегалинның шежіре, әңгіме кітаптары, Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» шығармаларын кәдімгідей жақсы көріп, құштарлана оқыдым.
Ал 10-шы сынып оқып жүргенімде ғылыми академияның киоскісінде сатылымда тұрған «Қазақ хандығы туралы деректер»-деп аталатын кітапты көрдім де қатты қызықтым. Алғаш сатып алған кітабым да осы болатын. Ол кітаптың бағасы 4 сом 60 тиын еді. Ешқашан ағам мен жеңгемнен ақша сұрап көрмептім. Ақша сұрауға ұялып, қалай айтатынымды білмей жүрдім. Содан жеңгем жұмыстан келгеннен кейін батырлық танытып, кітап үшін жан пида деп «Жеңге кітап сатып алайын деп едім бағасы 4 сом 60 тиын бере аласыздар ма?» -деп айтқаным есімде. Сол кезде бір риза болғаным ол кісі бетімді қайтармай қолма қол сұраған ақшамды берді. Қатты қуанып кетіп, кітап сататын дүкенге жүгіріп бардым да кітапты сатып алдым. Бұл кітап менің тарихшы болып қалыптасуыма үлкен септігін тигізді деп айтсам артық айтқаным емес. Қазақ хандығының құрылуын, ұлы ғұламалардың өмірі мен орта Азия тарихын болашақта зерттеп зерделегім келді. Жастайымнан тарихи басылымдарды, ғылыми мақалаларды, түрлі шығармаларды оқығаннан болар тарихшы боламын деп шештім. Сөйтіп Семей педагогикалық институтының тарих бөліміне оқуға түстім.
Мені жер бетін кішірейтіп көрсететін әлем картасының көрінісі қатты қызықтырды. Балалық шақтан бері көріп жүрген әлем картасы дүниеге деген көзқарасымызды қалыптастырды. Географиялық картаны жақсы көргенім соншалық көп деректерді көшіріп алатынмын. Əлемдегі елдердің астаналарын жатқа білетінмін. Соны байқаған көршілерім мені қонаққа шақырып, әр мемлекеттің астанасын сұрап, сұрақтарын жаудыртатын. Мен болсам еш мүдірместен барлық қойған сұрақтарына жауап беретінмін. Ол кезде кішкентаймын, мен үшін бəрі қызық болатын. Бір күні туысқан ағамның үйіне қонаққа барғанымда «Әлем мемлекеттері» деген кітапты байқап қалдым. Үстелдің үстіне отыра салысымен кітаптың ішіндегі қызықты мағұлматтарды жаза бастағанымды көзі шалған ағам дәл осы кітапты маған сыйға тартты.
Қиын кезең…
Мен үшін 1990 жылдардың басы қиын кезең болды. Мойындауымыз керек, сол уақытта көп интеллегенция өкілдері кедейшілікті бастан кешті. Біз жоғары білім алған азаматтар өзімізді далада қалғандай сезіндік. Біраз уақыт бойы жалақысыз отырдық. Сол жылдары Америкадан гуманитарлық көмек келетін. Жасыратыны жоқ сол жерден кішкентай қапшықтағы азық-түлікті алып, қара нан мен қара шай ғана ішіп отырған кезіміз де болды. Ғылымда жүргендердің көбісі араққа салынып, жаман жолға түсіп кеткендер де болды.. Тұрмыстың тапшылығы, жоқшылық өзінің кедергісін келтірмей қоймады. Өмірдің қиын соқпағынан үйдегі кітаптардың бір екеуін әйелім базарға апарып сатуға мәжбүр болды.
Бірақ сонда да ғылымнан кетпедім. Соңына дейін шыдап, жарық күннің бір шығатынына сендім. Солай болды да. Қазіргі күніме тәуба деймін. Ғылым бағаланып, өркендеп, шарықтап даму үстінде. Тұрмыс адамды билейтіні сөзсіз. Бірақ толық көндіге беруге болмайды. Қарекет жасап, өмірмен күресе білген адам ғана өзін жеке тұлға ретінде қалыптастырып, өмірдің құндылығын түсіне алады.
Ғанибектен қорытынды екі сұрақ…
«Шүкіршілк» принципі дұрыс па?
— Ғылым мен білімде шүкір деп отыра беруге болмайды. Әрдайым ізденісте болу керек. Ал материалдық игіліктерді игеруде шүкіршілк жасау керек. Ұлы Абай айтып кеткендей “Қызық келсе қызықпа оңғаққа ерме”… Алайда бұл сөздің түп-төркініне ешкім мән беріп жатпаған сияқты. Көпшілік мансапты, байлықты қалайды. Ол дұрыс емес. Әр нәрсенің өзінің тоқтамы болу керек. Бірақ ғылымда ешқашан болдым, толдым деп еркінсініп, шүкір деуге болмайды. Экономика, ғылым, білім, мәдениет үнемі жаңашылдықты қажет етеді. Сондықтан тоқтамай жылжи беру керек. Өмірдің соңына дейін талмай еңбек ету қажет.
Қазақтың санасына сіңісіп қалған қандай стереотипті өзгерткіңіз келеді?
— Қазақ өзін кіші халықпыз, азбыз деп есептейді. Бұл өте қате пікір, мен оған ешқашан келіскім келмейді. Әлемде жер көлемі бойынша 9-шы территорияны ұстап отырған халық қалайша өзін кіші деп санайды. Осы психология маған ұнамайды. Ірі халық екенімізді сезіну керек. Қазақтың тарихын фильмдерде жарқыратып көрсете білу керек. Өзімізді өзге гегемонды мемлекеттермен білім жағынан иық теңестіретіндей мүмкіншіліктеріміз мол екенін естен шығармауымыз керек.
– Аға, салихалы сұхбатыңызға рақмет. Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын!
Амантай аға коллекция жинауды да ұнататын болып шықты. Әсіресе ескі монеталарды, шынынң ішіндегі түрлі жәндіктерді,машина ойыншықтарын және кеудеге тағатын төс белгілерді жинастырады екен.
Бала кезінен бастап неміс, француз, испан тілдерін еркін меңгерген ол қазіргі уақытқа дейін осы тілдерде шығатын газет-журналдарды үзбей оқып тұрады.
Ғанибек Түсіпбек
1,265 всего, 6