Семей. 28.12. “Semeyainasy” – Жаңа жыл – қуанышқа толы ғажайып мерекелердің бірі. Әр бала жаңа жыл мерекесін асыға күтеді және өздерінің тілектері мен бала қиялындағы армандары дәл осы күні орындалатынына сенеді. Жылда жаңа жыл мерекесі қарсаңында балардың қуанышы үшін көптеген мерекелік кештер ұйымдастырылады.
Бүгін осы орайда бүлдіршіндерді сиқырлы әлемге, балалық шақтың бекетіне сапар шектіру мақсатында қала мектебі мен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қала әкімінің жаңа жылдық шыршасы болып өтті.
Шара барысында түрлі ертегілер әлеміндегі кейіпкерлер баларға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау үшін барын салып, өз өнерлерін паш етті. Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздарының бірі ән айтып, би билесе енді бірі лазерлік шоу бағдарламалар ұсынып, әдемі образдарымен шыршаға қатысушы жас бүлдіршіндердің көңілінен шығып жатты.
Думанды шараға қалалық әкімшілік қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының өкілдері, жастар шығармашылығы сарайының педагогтары, бүлдіршіндердің ата-аналары қатысып, бүлдіршіндермен бірге мерекелік қойылымды бірге тамашалады. Аяз ата мен ақшақар оқушыларға тәттілер таратып, түрлі сыйлықтар табыс етті.
Шыршаға қатысушы балалардың жүздерінен күлкі кетпеді, өздерін тап бір ертегі хикаясында жүргендей сезінді. Бүгінгі өткізілген мерекелік іс-шара олар үшін ешқашан ұмытылмас кештердің бірі болды деп ауыз толтырып айтуға толық негіз бар.
Кеш соңында барлығы бір үйдің баласындай қол ұстасып билеп, түрлі ойындар ойнап, естелік фотоға түсті.
Қаламыздағы №42 жалпы орта білім беретін мектептің 5 «А» сынып оқушысы Бекенұлы Мерхат:
– Менің көңіл күйім өте тамаша.Жаңа жылдық шырша мен ойлағаннан да өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ең басты үлкен рақметімді қала әкімі Ермак Сәлімовке айтқым келеді. Мен қазіргі болып жатқан түрлі шоу бағдарламаларды көріп, қатты қуанып тұрмын. Барша Семей тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.
Ғанибек Түсіпбек
597 всего, 3