IMG_7184

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің докторанты, зерттеуші Раиса Төлеуқызы Садықованың Алаштың саяси қайраткері, Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасұлының қызметі мен өміріне арналған «Алаш бекзаты» атты монографиясының тұсаукерсері өтті.

  ХХ ғасырдың басындағы Алаш Орда үкіметінің астанасы – Семей қаласында бүкіл қазақ қоғамының көшбастаушысы болған Алаш ұлт-азаттық қозғалысының Алаш партиясының және оның үкіметі Алаш Орданың құрылғанына 100 жылдығына орай жарық көрген «Алаш бекзаты» атты                    ІІ бөлімнен тұратын ғылыми еңбек Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Халел Ғаббасұлының әдеби-көсемсөздік мұрасын зерттеуге арналған. Бұл еңбекте ХХ ғасыр басындағы Семейлік әдеби ортаның әлеуметтік –саяси, әдеби-рухани үрдістегі идеялық көзқарастарының тарихи және әдеби негідері қарастырылған. Халел Ғаббасұлының қайраткерлік қызметі мен әдеби-көсемсөздік мұрасының халық тарихы мен ұлт әдебиетіндегі тағылымдық мән-маңызы айқындалып, қоғамдық-саяси қызметі нақты мұрағаттық деректер негізінде толықтырылып зерттелген.

Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар сол қиын уақытта толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, өз халқының мүдделерін батыл қорғау жағына шыға алуында. Алаш қозғалысы заманалық маңызы бар құбылыс, оның идеялары мен бағдарламалары ұлттық мемлекеттікті қалыптастыруды мақсат етті. Ел тағдыры таразыға түскен сын сағатта Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер бастаған ұлт зиялылары қазақтың болашағы үшін шешуші қадам жасап, ұлы мұрат жолында ұланғайыр қайрат көрсетті. Барша ұлтты оятқан, осы жолда азаттық идеяларын берік ұстап, халық өмірінің шындығы мен алдыңғы қатарлы идеясын жырлаған қоғамдық сананың бір түрі – қазақтың алаш арыстары бастаған ұлтжанды әдебиеті болды. Осы сипаттағы ХХ ғасыр басында туған азаттық рухындағы Семейлік әдеби ортаның шығарған басылымы «Сарыарқа газеті» күллі қазақ елінің тұңғыш тәуелсіз мемлекеті «Алашорда» өкіметінің ресми органы болды. Осы газеттің ел өміріндегі әлеуметтік-саяси, әдеби-рухани қызметіне басшылық жасап, қазақ көсемсөзінің халықтық сипатын өркендетуде зор еңбек сіңірген алаш арысы – Халел Ғаббасұлы. Халел Ғаббасұлының редакторлығымен «Сарыарқа» газетінде көптеген әдеби шығармалар да Халелдің қолтаңбасы жарық көріп, өз оқырмандарын таба білді. Халел Ғаббасұлы саяси көсемсөздері арқылы халыққа Алашорда автономиясының мұраттарын түсіндіріп қана қоймай, өз заманы мен қазақ журналистикасының келешек дамуына да өнегелі үлгі болып қалды. Х.Ғаббасұлы тұңғыш тәуелсіз мемлекеттің органы болған «Сарыарқа» газетінің құрылтайшысы, ұйымдастырушысы, редакторы және бас мақаларын жазған авторларының бірі болған, ұлттық публицистиканың көкжиегін кеңейткен шығармашыл тұлға ретінде дараланады. Осы ғылыми еңбек арқылы кеңестік заманда Алаш жанды, ыстық қанды Халел Ғаббасұлындай қаламы мен қайратын ел тәуелсіздігі үшін қатар жұмсап, ғұмырын сол жолда сарп еткен қаламгерді «халық жауы» деп қараланып келген, өнегесі мен азаматтық ұстанымын мансұқ етілген Алаш қайраткерінің өмірі мен әдеби мұрасы бір ізге түсіріліп, бүгінгі жаңаша пайымдаулар тұрғысынан жан-жақты зерттелді деуге болады.  Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырларымызды қастерлеуіміз, елдіктің белгісі, өсер жұрттың өнегесі.  Азаттық пен бейбітшілік жолындағы күрескен Алаш тұлғаларының орны ерекше. Алаш мұрасы – ордалы ортамызға тәуелсіздіктің орнауымен оралған мол тарихи, һәм рухани қазына.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің                        

«Ғылыми-әдістемелік және көпшілікпен экскурсиялық жұмыстар»       бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Тортенова

 

 710 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *