Семей. 22.12 «Semeyainasy» – Бүгін қалалық әкімдікте өткен жиылыста «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директорының орынбасары Байболат Баймаханбет атқарылатын шаруалар жайында кеңінен мағлұмат берді.
Аталған орталықтың мамандары Семейде қоғамдық көлік қатынасын оңтайландыру және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында тоғыз ай бойы ғылыми зерттеу жүргізген.
Алматы қаласында орналасқан ғылыми–зерттеу институты бұл іспен бірінші рет айналысып отырған жоқ. Өз тарихтарында көптеген жауапты жұмыстарды абыроймен атқарған мекеме бізге дейін Алматы, Ақтөбе, Тараз, Қарағанды, Павлодар, Шымкент қалаларында да еңбек еткен.
Байболат Досалыұлының сөзіне қарағанда, Семейде автобус бағыттары дұрыс жоспарланбаған. Кейбір маршруттардағы жолаушылар санынының аздығынан олардың санын қысқартқан жөн.
Бүгінгі күні Семейде 428 автобус 51 бағыт бойынша жолаушы тасымалымен айналысады. Алдағы уақытта 9 автобус бағыты қысқарса, 13 бағыт өзгеріссіз қалады. Ал 24 шағын автобус біріктіріледі.
-Семейде жолаушылар тасымалымен айналысатын 6 мекеме бар. Қалыптасқан жүйе бойынша 9 ай зерттеу жүргіздік. Тасымалдаушылардың жұмыс жүйесін, автобус бағыттарын, аялдамаларды тексеріп, автобуспен қамтылмаған аудандарды анықтадық. Жұмыс барысында ҚР Заңдарын басшылыққа алдық,- дейді ол.
Оның сөзіне сенсек, қалаішілік жолаушылар тасымалына 12-13 орынға арналған шағын автобустар жарамайды. Тек жолаушылар саны аз болғанда ғана рұқсат етіледі. Мұндай көлік саны тасымал бағытындағы көліктер санының 30 пайызынан көп болмауы және жүргізуші тек белгіленген орынға сай жолаушы тасымалдауы тиіс.
-Қолданыстағы жекеменшік автобустардың саны – 102. Бұл жалпы автобустар санының 16 пайызын ғана құрап отыр. Ескере кету керек, автобустар жалданған және сырттан тартылған деп екіге бөлінеді. Семейде жалға алынған ешқандай көлік жоқ. Ал сырттан тартылған көліктердің үлес салмағы 80 пайыздан асады, – деді ол.
Жыл басынан бері Қазақстанда 23 мың адам жол көлігі оқиғаларынан зардап шеккенін тілге тиек еткен Б. Баймаханбет жолаушылар қауіпсіздігі алдыңғы орында тұруы тиіс екенін баса айтты:
-«Автомигди» ЖШС-да механика кабинеті атымен жоқ. Заңға сүйенсек, таңертең және кешкі уақытта қоғамдық көліктің міндетті түрде механикалық және физикалық жай-күйі тексерілуі керек. Жол ақысы көтерілгенде жолаушылар, ең алдымен, өздерінің қауіпсіздігі үшін ақы төлейді. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орында тұруы қажет. Егер автопарктің механикаға қаражаты жетпесе, жолаушылар тасымалымен айналыспағаны жөн,- деді ол.
Сондай-ақ ол көлік жүргізушісі мен кондуктордың арнайы киімдері, медициналық құжаты болуы керектігін, аялдама аттарының екі тілде хабарлануы тиістігін айтып, қоғамдық көліктегі этика, тазалық мәселелеріне де айрықша тоқталды.
-Әрбір автопарк басшысы автобус жүргізушілеріне жағдай жасауы керек. Олар таңғы 4.30-дан кешкі 9-ға дейін қызмет етеді. Жүргізушілердің тамақтанатын, жуынатын, ұйықтайтын бөлмелері болу керек. Ол туралы Заңда көрсетілген, – деді ол.
Алайда бұл зерттеу жұмысының соңы емес. Тамыз айында жаңа мердігер компания анықталатын болады. Бұл соған алдын ала дайындық қана. Автобус бағыттарына қатысты әлі де өзгерістер болуы мүмкін.
Айзада Сламбаева
502 всего, 9