Жәнібек Бердәулетұлы – Жоңғар басқыншылығына қарсы шайқаста аты шыққан, Абылай хан мен Қаракерей Қабанбай батыр бастаған қазақ қарулы қолының алғы шебінде жүрген айбынды батырлардың бірі. Ең алғаш Жәнібек батыр туралы жүйелі туынды жазып кеткен Ақыт Үлімжіұлы болатын. Кейінгі жылдары Ер Жәнібек жайлы зерттеулер де сиреп, жоқтың қасына айналған еді.
Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бүгін Абай атындағы әмбебап кітапханасында этнограф-тарихшы, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Мұхаметқазы Мұхамадиұлының «Ердің ері – Ер Жәнібек» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Айтулы шарада жаңа кітаптың тұсауын кесу мәртебесі география ғылымдарының докторы, профессор Мұхит Есенұлына берілді. Әдеби кешке жазушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатысып, кітап туралы келелі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Семей көп салалы колледжінің студенттері Арманай Тыныбаева мен Айдана Омарова «Шежіре қарт», «Мұхаметқазы ағаны құттықтау» деп аталатын өлеңдерін оқыды.
Бұл кітап «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында ерекше ерлігімен даңқы шыққан Ер Жәнібек Бердәулетұлының Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында зиратының табылуын, батырдың ерліктерін баян етеді. Кітап қоғамның рухани жаңаруына үлес қосып, патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Сонымен қатар алқалы жиын соңында кітапхана қызметкерлері Мұхаметқазы Мұхамадиұлының еңбектерін және жазушы жайында жариялаған әдебиеттер мен басылымдарды жастар қауымына таныстырды.
Ғанибек Түсіпбек
546 всего, 6