Семей. 11.12. “Semeyainasy” – Фотография өнері 1839 жылдың 7 қаңтарында пайда болған екен.  Дәл сол күні Париж Ғылым академиясының кезекті мәжілісінде Луи Дагер ашқан фотокамераның  алдыңғы саңылауына жарық түсiру арқылы заттың бет-бейнесiн алуға және оны сынап буына ұстау арқылы сақтауға болатыны жөнінде жаңалық  жария етілді.  Соған байланысты бұл күн ресми түрде алғашқы фотосуреттің өмір келген күні болып есептелінеді.  

Осы оқиғадан соң үш жылдан кейін, яғни 1841 жылы Жәңгір хан Бөкей Ордасында мектеп аштырғаны тарихтан белгілі. Осы оқиғаға орай хан арнайы фотограф алдырып, оқушылармен бірге суретке түскен екен.

Ал тақырыпқа арқау болып отырған қазақтың тұңғыш фотографы – Шәңгерей Бөкеев екенін біреу білсе, біреу білмес. Демек, қазақ жеріндегі  алғашқы фотосурет Батыс Қазақстанда түсірілген десек, қателеспейміз.

1901 жылы Бөкей Ордасы өзінің 100 жылдығын кең көлемде  атап өтеді.  Осы тойда Петерборға арнайы қонақ ретінде шақырылған Шәңгерей Бөкеевке Николай ІІ патша барлық құрал-жабдықтарымен фотоаппарат сыйлаған екен.

4

Шәңгерей Бөкеев түсірген фотосурет

Жоғарыдағы үйдің суретін Шәңгерей түсірген.  Бұл –  өзі тұрған, бір кездері Жәңгір ханның жазғы ордасы болған Көлборсыдағы үйі. Дәл осы үйде тұңғыш қазақ газеті «Қазақстанның» (1911-1913 ж) редакциясы болды. Шәңгерей өз үйінде Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйриннің  газет шығаруына барынша жағдай жасап, оларды полицияның аңдуынан қорғаған.

Фотоөнерді жақсы меңгерген Шәңгерейдің суреттері арқылы талай белгілі тұлғалардың бейнесі бізге жетті. Мәселен, Шәңгерей түсірген мына суретте, төменгі қатарда ортада отырған – қазақтың алғашқы заңгері, көрнекті қоғам қайраткері – Бақытжан Қаратаев.

498

Шәңгерей Бөкеев кім болған?

Шәңгерей Бөкеев – Жәңгір ханның немересі. Ол 1847 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы,  Жасқұстағы хан ордасында дүниеге келген.

Ата дәулетінің арқасында жасынан оқып, ғылымға қолы жеткен Шәңгерей Бөкеев Астрахандағы реальдық училищені бітіргеннен кейін, Орынбордағы кадет корпусына оқуға түседі. Бірақ Шәңгерей онда екі-ақ жыл оқыған. Самара губерниясында мировой судья болып біраз қызмет еткеннен кейін, қызметін тастап өз еліне келеді. Бұдан кейін кеңсе жұмысына араласпай, өзіне меншікті жер алып, қалған өмірінің көпшілігін Самарада өткізеді.

Самарада Атасы Жәңгір ханның көп жыл иесіз тұрған Көлборсыдағы жазғы ордасын меншігіне алып, онда бау-бақша өсірумен, егіншілікпен айналысады. Сәнді үйлер салғызады, өз қарауында 40-50 үй болған деседі.  Осылайша өмірінің соңына дейін Сарытау (Саратов) мен Самара аралығындағы ата-қонысы Көлборсыда өмір кешеді. Аңшылық-саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән-күйді, көркемсөз өнерін ұнатқан ол  өзін үнемі рухани жетілдіріп отырады, өлеңдер жазады. Бірқатар орыс ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Ел аузындағы әдеби мұраларды жинақтап, оны бастырып шығаруға қамқорлық жасайды, «Қазақстан» газетін шығаруға атсалысады.

«Үш ғасыр жырлайды» және «Бес ғасыр жырлайды» топтамаларына өлеңдері енген  Ш.Бөкеев – қазақ поэзиясындағы  өзіндік орны бар ақын. Өлең жазумен қатар, аңшылық пен саятшылыққа да әуестенген.

Айзада Сламбаева

 1,716 всего,  9 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *