Семей. 16.11. «Semeyainasy» – Бүгін Қалалық мәдениет сарайында шаһарымыздағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Сталинград түбіндегі шайқасқа 75 жыл толуына орай мерекелік концерт болып өтті. Концерттік бағдарламада халықтық ардагерлер хоры «Жеңіс тангосы», «Белгісіз солдат» сынды әндерді шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Тарихқа жүгіртсек, Дон мен Еділ аралығында 200 тәулік бойы толассыз жүргізілген бұл сұрапыл шайқас неміс-фашист әскерлерін талқандаудың басы болған еді. Сталинград шайқасында жүздеген мың совет жауынгерлері қатысып, ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Осы орайда ерең еңбектерімен жас ұрпаққа үлгі болған ШҚО-ның тумалары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Федор Григорьевич, Ғабдулғазиз Ғайнутдинұлы сынды тұлғаларымызды атап өткен жөн.
Сонымен қатар мерекелік шара барысында тарихи-өлкетану мұражайының «Ерлік пен Еңбек даңқ» бөлімінде Сталинград шайқасына қатысқан жерлестеріміздің фото суреттері, жеке заттары әскери-техникалық мектебінің тәрбиеленушілері мен Шоқан Уәлиханов атындағы мамандандырылған «Жас ұлан» ерлер лицейінің оқушыларына көрсетілді.
Кеш соңында елі, жері үшін жаумен кескілесіп өткен Ұлы Отан соғысының қаһармандарына музей қызметкерлері ескерткіш сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Ғанибек Түсіпбек
609 всего, 9