Семей.21.09. «Semeyainasy» — Шаһарымызда қалалық білім бөлімімен «Аула клубтары» бірлестігінің тікелей ұйымдастыруымен, әкім сыйлығына арналған аймақаралық «Былғары доп 2017» турнирінің финалдық кездесуімен жабылу салтанаты орталық «Спартак» алаңында өткізілді. Шараның басты мақсаты футбол спорты арқылы балаларға салауатты өмір салтын насихаттау. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін аламан додаға биыл да қатысушылардың саны аз емес. Нақтырақ айтқанда, турнирге 37 команда қатысса, оның ішінде 3 команда қыздардан құралған. Жалпы саны 1500-ге жуық жасөспірімдер өздерінің спортқа деген қызығушылықтарын танытып, жеңіс тұғырынан көрінуге ынталарын көрсете білді. Биылғы жарысқа, Семей өңірінен келген Озерка, Курчатов пен Бесқарағай аудандарының спортшылары бақ сынасты.
Сонымен қатар, жарыстан тыс осы турнир аясында Шәкәрім университетінің футбол алаңында «Үздік доп соғушы», «Үздік жонглер», «Үздік мерген» және «Футболдық эстафета» байқаулары өткізілді.
Ал бүгінгі, өз мәресіне жеткен жарыстың қорытындысы бойынша, жалпы командалық есепте жоғары топтың 1-ші орын иегерлері Семей қаласының «СКА» клубы, 2 орын Бесқарағай ауданынан келген «Бесқарағай» аула клубы, 3 орын «Восток».
Орта топтан оза шапқандар 1 орын «Квадрат» футбол клубы, 2 орын «Восток», 3 орын қаламыздағы № 8 орта мектептің оқушыларынан құралған «Болашақ» клубы.
Кіші топқа келер болсақ, 1 орын каламыздың «Жемчужина», 2 орын «Жолдас», сондай-ақ 3 орын «Ертіс» аула клубына бұйырды. Жарыста қыздарда намысты қолдан бермей, футболдан өз араларында мықтыларды анықтады: 1 орынды «Жолдас» командасы иеленсе, 2 орынды «СКА» клубының қыздары және 3 орынды Озерка ауылдық округінен келген «Бастау-Родник» аудандық клубы ие болды. Барлық жеңімпаздарды турнирдің бас төрешісі Станислав Лесив арнайы сыйлықтар, мақтау қағаздары және кубок, медальдармен марапаттады.
Ғанибек Түсіпбек
808 всего, 6