Семей.16.09. “Semeyainasy” – Алда келе жатқан қала күні мерекесіне орай Семейде зағип және нашар көретін азаматтарға арналып «Жаңа Семей» атты мерекелік іс-шара өтті. «Шамшырақ» орталығының тікелей бастамасымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламада «Асыл» қоғамдық бірлестігінің ұжымы мен М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің белсенді студенттері өнер көрсетті.
Шара барысында әсем қаламызға арналған «Семейім», «Семей Алаш», «Семей вальсі» сынды әндер шырқалып, шаһар тарихы жайлы кең мағлұматтар айтылды. Зағип және нашар көретін жандарға арналған кітапхана ұжымы «Туған қалам – Семейім» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, кітапхана тарихы туралы ақпарат берді.
Зағип азаматтарға арналған арнайы оқу залы қаламызда 1969 жылдан осы күнге дейін өз оқырмандарына қызмет көрсетіп келеді. 48 жылдық тарихы бар кітапхана қорында бүгінгі күні 44 мыңнан астам кітап, 900-ден астам оқырманы бар.
Жиын соңында «Шамшырақ» орталығы қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтып, алғыс хаттармен марапаттады.
Ғанибек Түсіпбек
498 всего, 6