konduktor

Семей. 17.08. “Semeyainasy” – Семейліктер қоғамдық көлікпен жүру құны 80 теңгеге қымбаттағанымен, қызмет көрсету сапасының жақсармай жатқанына қапалы. Жол жүру тарифін өсірген бойда жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын компания басшылары жұмыс кестесін ұзартып, автобустардың ішкі тазалығын талапқа сай қыламыз деп уәде берген еді. Алайда 5-ші тамыздан бері бұл мақсатта ешқандай жұмыс атқарылып отырған жоқ дейді тұрғындар.
Бақыт Жанбергенова, Семей қаласының тұрғыны:
-Жолақының қымбаттағанына екі аптадан астам уақыт өтті. Ешқандай жақсы өзгеріс байқап тұрғанымыз жоқ. Қоғамдық көліктер әлі санитарлық талаптарға сай емес. Бұны былай қойғанда, тіпті таңертеңгі және кешкі уақыттарда автобусқа міну де мүмкін болмай кетті. Адамдар лық толы автобустар бір бірімен жарысқа түскенді де доғарар емес, құдды бір зат тиеп әкеле жатқандай жүргізеді көлікті. Демалыс күндері де сирек жүреді. Баға шарықтады, ал қызмет сапасы көңіл көншітпейді.
Естеріңізге сала кетейік, аймақ басшысы Даниал Ахметов бір сөзінде Өскемен және Семей қалаларындағы қоғамдық көліктерді жаңарту аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы 9,6 млрд. теңгеге 90-ға жуық жаңа автобус алынатынын айтып қалған болатын. Бұл өз кезегінде екі қаладағы жолаушылар тасымалдау бағытына оң серпін бермек. Осылайша өңірдегі монополизм жойлатынын да облыс әкімі тілге тиек етіп еді. Қоғамдық көліктердің көңілге қуаныш ұялатуы алдағы күннің еншісінде деп сенейік, әліптің артын бағайық.

Айзада Сламбаева

 474 всего,  6 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *