Семей.19.07. “Semeyainasy” – Семей қаласындағы горнизондық офицерлер үйінде өзге ұлтты әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл –менің тілім» байқауы өтті. Жылда дәстүрге айналған бұл байқаудың басты мақсаты Ұлттық ұлан сапында ел мүддесі жолында қызмет етіп келе жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, қазақ тілін жіті меңгеруіне ықпал ету.
Байқауға ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс»өңірлік қолбасшылығынга қарасты 5511 (Семей), 6679 (Павлодар), 5518, 3477, 6699 (Өскемен), 3514 (Курчатов) әскери бөлімдерінен келген өзге ұлтты әскери қызметшілері қатысты. Байқау үш кезенен тұрады және әрбір кезең алынған ұпайлар жүйесі бойынша бағаланды.
«Бастау» деп аталатын бірінші кезеңнің сәлемдесу сайысында әр қатысушы өзі және қызмет орны мен ұжымы жайлы әңгімелеп, көрерменге өзін етене таныстырып өтті.Сайыстың шарты бойынша әр қатысушы қазақ халқының мәдени құндылықтарын насихаттау арқылы патриоттық рухын көрсетумен өңірдің, Ұлттық ұланның беделін көтере отырып, өзіндік баяндау стилімен ерекшеленуі тиіс. Сондай-ақ, сауатты сөйлем құрастыра білуімен қатар, тапқырлық пен сөйлеу мәдениетін сақтау міндеті жүктелген. Бұл бір ғана сайыстың талабы.
Ал, «Өрлеу» атты бірнеше бөлімнен тұратын екінші кезеңде қатысушылар ұзақтығы 10 минуттан тұратын сахналық қойылым көрсетіп, қазақтың қанатты сөздері мен мақал-мәтелдерін жатқа айтып берді. Саптық бітімі мен дұрыс ресми сөйлей білу қабілеті сыналатын сайыстың үшінші кезеңінде қатысушылар берілген тақырыпқа сәйкес сахнада баяндама жасады. Әр сайысқа барынша дайындықпен келгендер сыналған сәтте сан соғып қалмауға тырысып бақты.
Байқауға ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, қазылар алқасының төрағасы, полковник Әлкешев Ниязтай Болатұлы, Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аққожина Назерке Мәулетқызы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының PhD докторы Жүндібаева Арай Қанапияқызы, сонымен қатар, ҚР Ұлттық Ұланы Басқолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары бас басқармасының тіл саясаты және ақпарат бөлімінің аға офицері капитан Мұқатов Жанарбек Дәуітбекұлы төрелік етті.
Байқау қорытындысы бойынша Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша қызметшісі, қатардағы Отадчий Евгений Вячеславович жүлделі бірінші орынды иеленсе, 5518 әскери бөлімінің кіші сержанты Ивашкевич Константин Александрович екінші орын, ал Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімі атынан бақ сынаған қатардағы Седунов Андрей Андреевич үшіні орыннан көрінді.
Байқау жеңімпаздары және жүлделі орынға ие болған қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен бірінші, екінші, үшінші дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Айта кету керек, жүлделі бірінші орыннан көріне білген Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша қызметшісі, қатардағы Отадчий Евгений Вячеславович күзде ҚР Ұлттық ұланы Басқолбасшылығының ұйымдастыруымен өтетін «Мемлекеттік тіл –менің тілім» атты республикалық байқауға қатысатын болады.
Бағдат Амангелді, ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі бастығы
553 всего, 9