Семей.18.03.25.”Semeyainasy” – Хасен Советханұлы, әңгіме желісін жарты ғасырдан артық халық игілігіне айналған қазақ телевизиясының алғашқы қарлығаштарының бірі – Семей телеарнасының тарихынан бастасақ. Телестудияның бірінші басшысы кім және алғашқы хабар қай уақытта таратыла бастады?
-Қазіргі «Semei» телеарнасының тарихы 1965 жылдан басталады. Оған архивтегі құжаттар дәлел. Сол кезде өңірімізде шыққан «Ертіс» және «Иртыш» газеттерінде жергілікті телеарна туралы алғашқы мақалалар жарық көре бастады. Аталмыш газеттегі мақалаға сүйенсек, облыстық радиохабар тарату және телевизия комитетінің алғашқы төрағасы Қылшықбай Байғожаұлы Байғожин екенін көреміз. Бұл кісі 1965 жылы 31 тамызда шыққан «Ертіс» газетінің №171 санында «Бүгін Семей телевизия орталығы жұмыс істей бастады» деген тақырыппен мақала жазған. Осы материал арқылы Қылшықбай Байғожаұлы облыс жұртшылығына, халыққа ел игілігіне арналған қуанышты хабарды жеткізді. Яғни телеарна 1965 жылдың бірінші қыркүйегінде ресми түрде өз жұмысын бастады.
Өткен ғасырдың 60 жылдарындағы өңірдегі ірі құрылыстардың бірі – телестудияның құрылысына тоқталсақ. Жұмысқа қай мекеменің қызметкерлері тартылды және басқа қалалардың көмегі болды ма?
– Семей телевизия студиясын жабдықтау кезінде Ленинград, Одесса, Баку, Киев, Харьков, Новосибирск қалалары зауыттарының және Чехославакия Социалистік Республикасының көрсеткен көмектері көп болыпты. Негізгі құрылысты «Семипалатинскстрой» тресі салды. Көптеген құрылыс ұйымдары әсіресе «Монтажжилстрой» басқармасы, «Казсантехмонтаж», «Казэлектромонтаж» және «Спецстрой» құрылысшылары көмектескен. Ал 180 метрлік мұнараны Семейдегі №453 мостопоезд ұжымы салды.
Көзге менмұндалап көрінетін мұнара Павлодар жақтан кірген бетте бірден көзге түседі. Оны салу оңай болмаса керек…
-Иә, қаламыздың төбесінде айбыны асып тұрған мұнараның биіктігі 180 метр. Бұл жөнінде «Ертіс» газетінің 1965 жылдың 7 мамырында шыққан №89 нөмірінде жазылған. Телевизия мұнарасының 80 метрге дейін көтерілген суреті берілген. Яғни сол жылдың мамыр мен тамыз айы аралығында қалған 100 метрі салынып, аяқталғанын көреміз. Мақалада тілші радио күні қарсаңында телевизия станциясының инженері Валентин Самохинмен сөйлесіп қайтқан екен. Сұхбат беруші Валентин Владимирович телестанцияның монтаж жұмыстарына Москваның, Ленинградтың, Новосибирскінің, Хабаровскінің мамандары көмектескенін айта келе, станция аппаратурасын мақтаған. Ол «Станцияның аппаратурасы нағыз отандық. Сонымен бірге Чехословакиядан алынған қондырғылар да бар», деген.
-Құрметті Хасен Советханұлы, Семей телеарнасына қызметке келген кезде телеарна қалалық деңгейде хабар тарататын еді. Кейін облыстық арна ретінде қайта тіркеуден өтті. Облыстық телеарна ретінде хабар тарату мен қалалық арнаның айырмашылығы қандай?
– Семей телеарнасының қалалық деңгейде қызмет етуінің өзі оңай болмады. Себебі кезінде жабылудың алдында қалып, кейін 2015 жылы штатты қысқарту арқылы телеарнаны сақтап қалу ұсынылыпты. Сөйтіп арна қызметін жалғастырды, бірақ қаржы телеарнаны дамыту үшін жеткіліксіз еді. Мен қызметке 2018 жылдың соңына қарай келген едім. Сол кезде ең бастысы қаржыны ұлғайту арқылы техника мен автопаркті жаңарту, жөндеу жұмыстарын істеу сияқты шаруашылық мәселелерді шешуге кірісіп кеттік. Себебі көп жылдар бойы жөндеу жасалмаған, кеңсе іші сұр, жарық аз, жұмыс істеуге қолайсыздау болды. Екі жыл сайын жөндеу жұмыстарын істеп отырдық, бүгінгі таңда барлық кабинеттер ретке келтірілді. Студия мен кабинеттерге жаңа жиһаз алынып, техника мен автопаркті жаңарттық. Жалақы мәселесі де шешімін тапты. 2023 жылы 30% 2024 жылы 30% көтердік. Биыл 20% өсті. Оның үстіне ұжым бұрын жылына тек екі айлық көлемінде сыйақы алып жүрсе, соңғы үш жылда әр жыл сайын шамамен 5 жалақы көлемінде сыйақы алды. Бұдан бөлек әр мерекеде әлеуметтік жағынан тиісті санаттағы қызметкерлерге бірқатар мерекеде беріп отыратын арнайы төлемдеріміз бар. Осындай игілікті шаруалардың іске асуына, шығармашылық мүмкіндіктеріміздің кеңеюіне, нақты көрсеткіштер мен нәтижеге қол жеткізу жолында ақыл кеңестерін беріп, ұсыныстармызды қабылдап, демеп отырған «Қазақстан» РТРК» АҚ Төрайымы Танысбай Ләззәт Мұратқызына зор алғысымызды білдіреміз.
Көрерменмен бөлісетін қандай жаңа жобаларыңыз бар?
– Семей еліміздің тарихында өзіндік қолтаңбасы бар шаһар. Хакім Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы, Алаш партиясы, алаш қайраткерлерінің қызметі, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері, тарихи нысандар әрдайым арна журналистерінің тақырыбына арқау. Бүгінгі таңда өңірдің туристік әлеуеті басты назарда. Семейдің сакральды жерлері, туристік орталықтары «Сапар time» хабары арқылы жан – жақты көрсетіледі. Биыл «Берекелі шаңырақ», «Ауылдастар», «Қайсар жандар», «Қызмет етемін», «Кәсіпкер бол!», «Ерекше» аталатын бағдарламалар көрерменге жол тартты. Әрбірінің маңызы зор. Осының ішінде екеуі подкаст түрінде түсіріледі. Бүгінгі таңда осы бағдарламаларды ID TV, Alma tv, 7sat пен OTAU, Bee tv және ресми сайттан онлайн тамашалау мүмкіндігі бар. Ең бастысы біз цифрлық хабар таратуға көштік. Бұл біздің ең басты жетістігіміз.
Әлеуметтік желіде жұмыс қалай жүргізіледі және кім айналысады?
Өте өзекті сұрақ. Кез келген дәстүрлі медиа әлеуметтік желімен интеграциялануы тиіс деп есептеймін. Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін барынша пайдаланып отырмыз. Барлығын қосқанда қазір әлеуметтік желідегі оқырмандар саны – 70 мыңға жуықтады. Биыл бұл көрсеткішті ұлғайту жоспарда бар. Әсіресе ютубта қаралым көп. Әлеуметтік желідегі белсенді жұмыс жалғасады. Өткен жылы DIGITAL бөлімін құрдық. Оның құрамындағы мамандардың жұмысы тек әлеуметтік желіге негізделген.
Шығармашылық кәсіби мамандарыңызды шыңдап, жетістіктерге жету, сайыстарға қатысу жағынан қандай жетістіктеріңіз бар, бөлісе отырсаңыз…..
Шығармашылық жағынан өсу, кәсіби деңгейді көтеру, түрлі сайыстарда жеңіске жету жолында ұжым қызметкерлерінің көрсеткіштері жақсы. Марапат жағына келетін болсақ бүгінгі таңда 6 қызметкер «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Телеарнаның бас редакторы С.Қ. Нүсіпбаева «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталды, кезінде бізде қызмет атқарып, қазір Астанаға басқа қызметке ауысқан Маржан Нұрышева Президент грантын иеленді, Назерке Мұратқали «Жылдың жас журналисі» номинациясы бойынша Семей қаласы әкімі сыйлығының иегері атанды. Осы сияқты басқа да сайыстарға қатысып марапатталған журналистеріміз баршылық. Спортқа да ден қоямыз. Мәселен, телеарнаның футбол командасын құрдық, жарыстарға қатысып жүрміз, волейбол құрамасы облыстық турнирде ІІ-орынды иеленді, сондай-ақ редактор Азамат Кәлімбеков үстел теннисінен өткен облыстық турнирде ІІ-орын алса, Нұржан Байкетаев «SENAT OPEN» шахматыдан республикалық кезеңінің финалисі болды. Телеарна «Тұмар» байқауының шорт парағына енгенін айта кеткен жөн.
Телеарнаның құрылғанынан биыл 60 жыл екен. Бұл ретте қандай жоспарларыңыз бар?
Қазақ даналығы «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан»,- дейді. Өзіңіз атап өткендей, биыл Семей телеарнасына 60 жыл толады. Осыған орай жоспар құрған едік. 2018 жылы талантты тұлға, қазақтың Левитаны атанған – Әнуарбек Байжанбаевқа көше атын беру туралы ұсыныс көтеріп, газетке мақала жазғам. Кейін ономастика комиссиясы оң шешім шығарып, тізімге енгізген еді. Енді биыл жерлес ағамыздың атындағы жаңа көшені, телеарна ғимараты жанынан журналистер алаңын ашып, үйдің ғимаратына мурал салуды ойластырдық. Оның дизайны дайын. Шығармашылық тұрғыда «Жидебайдан-Жасыбайға» телеэкспедициясын ұйымдастыру, демеуші тарту арқылы «Дарабоз» телешоуын өткізгіміз келеді. Мұнан бөлек жастық жігерін, саналы ғұмырларын туған телевизиямызға арнап, қызмет еткен ардақты ардагерлерімізді құрметтеп, аға буын өкілдерін салтанатты жиында марапаттауды парыз санаймыз. Уақыт озып алға кетті, сондықтан дәстүрлі медиаға заман ағымынан қалмай алдыңғы толқын ағалардан үлгі ала отырып, бүгінгі күннің жаңашылдықтарын жылдам меңгерген абзал.
Cұхбатыңызға рақмет, сәттілік тілейміз!
Semeyainasy.media
1,054 всего, 3