Семей.13.03.”Semey Ainasy” – Кеше түс ауа Ертіс өзенінің оң және сол жағалауын жалғап тұрған, 2021 жылдан бері апатты деп танылған «ескі көпірдің» оң қапталындағы шарбақты қоршауы опырылып, шалқасынан су бетіне бір-ақ құлады. Қар еріп, жаңбыр себелеп ауа райы жайсыз сезілгенімен, бет қаратпастай дауыл жоқ еді. Құлаған сәті түспегенімен, көпірдің бір жақ қабырғасының қақырап қалған көрінісі әлеуметтік желіде дем арасында тарап кетті. Қала билігі жедел әрекетке кіріскен сыңай таннытып, дереу жол-көлік полициясын аттандырып, әп сәтте жаяу жүргіншілер өтетін тротуарды жапты. Ерсілі-қарсылы сырғақтаған жеңіл көліктер қозғалысын да қатаң бақылауға алды.

Алдымен айта кетейік, бұл нысан пайдалануға 1964 жылы берілген болатын. Бұны сол кезде Ленинградтық әлдебір студент инженер өзінің дипломдық жұмысы етіп алып, оны Мәскеу мақұлдап бекіткені де бір қызық. Кеңестік дәуір кезінде Семейдің басты беткеұстары саналған осы нысан 2000 жылы аспалы көпір (25 жылға таяса да әлі күнге дейін семейліктер «жаңа көпір» деп атайды) айқара ашылғанға дейін мызғымай мінсіз қызмет атқарды. Одан беріде біртіндеп автобус тасымалына тыйым салынып, жеңіл автокөліктерге ғана рұқсат етілді. 2021 жылы көпірдің әбден көнергені байқалып, арнайы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде «апатты» болып танылды. Бірақ, біртіндеп соңғы жылдары жаяу жүргіншілерге арналған көпір болып қалатындығы да қала билігі тарапынан жиі айтылып жүргенін жұрт жақсы біледі. Қазір қаланың бас жоспары талқыланып жатқанда жалпы Ертіс өзенінің үстінен салынған, салынатын көпірлер жайына алдағы уақытта да бір тоқталармыз.
Сонымен бір қабырғасы қаусап қалған «ескі көпірімізге» қайта оралайық. Расы керек, сағат 16-00 ден асқанда орын алған күрделі жағдай қала шенеуніктерінің екі аяғын бір етікке тығып, жұрттың алаңдаушылығын туғызды. Тап сол сәтте оқиға орнына алдымен жетуі тиіс Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың, не орынбасарынның төбесі көрінген жоқ. Бәлкім, жақында ғана Жаңасемей ауданының әкімі қызметіне ауысып кеткен Руслан Базарбаевтың орнына жіберетін адам таппай жүріп қалды ма екен? Әлде, жиегі жоқ көпірмен жаяу жүріп келіп, алып Ертіске қарауға дәті шыдамады ма, әйтеуір, өзі аяқ баспады. Есесіне, ел назарына әлеуметтік желідегі эфир арқылы Семей қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасилов ілігіп, көпірдің ағаш қоршауы қатты жел екпінінен құлап кеткенін естігенде, сөзінің шындығын қайдам, семейліктер құлақ-көздерінің өзінікі екеніне сенер- сенбесін білмей қалды. Өйткені, тап сол кезде сілбіреген жауын, аздаған ызғар ескені болмаса, қоршау құлатпақ тұрмақ, бөркіңді ұшырар дауыл жоқ еді. Осыны біле тұра эфир алдында бүлк етпеген Увасиловтың сөзіне қарап, қазақ ертегілерінің кейіпкерлері Тазша бала мен Алдар көсенің хикаяларын бала кезден жаттап өскен-ау деген ойға қалдық. Бірақ, Тазша баланың «Қырық өтірігі» де, Алдардың бай-манаптарды алдағандағы тапқырлықтары ертегі стилімен айтылса да елдің көкейіндегісін дәл табатындығымен тартып тұратыны баршамызға белгілі. Әсіресе, Алдар көсе хикаяларының желісімен түсірген мультфильмді де қазіргі ұрпақ буыны қызыға тамашалап, күлкіге кенеліп жатады.

Айтпақшы, Увасиловтың сөзі «Қаңбақ шал» ертегісін де еске түсірді. Жел бағытымен домалап бара жатқан қаңбақты көрген хан Жиренше шешенді оның қайда бара жатқанын сұрап келуге жіберетіні бар еді ғой. Қаңбақты әрең тоқтатқан Жиренше сөйлескен сыңай танытып, қайтып оралып хан сұрағына қалай жауап бергені есіңізде ме?.. Қаңбақтың «ұшарымды жел, қонарымды сай біледі. Соны сұратып жіберген хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па?» деген жауабы еріксіз ойға түскенде, семейліктер сезінбеген қатты желді айтқан Увасилов ақымақ па, әлде оған солай айтқызған қала басшысы Нұрсағатов ақымақ па? деген сұрақ туады екен.

Семейжан Ертісбайұлы, Абай облысы

Фото: @414.kz

 735 всего,  3 

от Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *