Семей.01.03.”Semeyainasy” – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3514 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері алғыс күнін атап өтті. Салтанатты шарада өзге ұлттың өкілдерінен құралған сарбаздар ұлттық киім нақышында киініп, айтулы мерекеге орай ана тілдерінде жылы лебіздерін жолдады. Олардың бірі Түркістан облысынан шақыртылған өзбек Якубжон Азатбеков. Сайрам ауданының тумасы мереке аясында шетте қалмай, белсенділік танытып көзге түсті. Өзбек тілінде сөз өрбіткен Отан қорғаушы қазақ жеріне табаны тиген сәттен бастап мамыражай күн кешкендерін алға тартты. Якубжонның ата-анасы Өзбекстаннан Қазақстанға жиырма жыл бұрын көшіп келген. Ала шапандылар үшін алғашында өзге елде күнелту ауырға соққанмен, жарасымды жанұя қу тұрмыстан мойымаған көрінеді. Бейтаныс маңдағы шелектеп төгілген еңбектің адал тері аздаған уақыттан кейін жемісін берсе керек. Бүгінде қатардағы жауынгердің әке-шешесі Түркістандағы бірнеше кәсіптің басын ұршықша иіріп отыр. Болашақта Алматы қаласынан да бизнес көздерін ашып, сол жаққа ойысуды да жоспарлап жүр. Мерзімді әскери қызметшінің ойынша, Қазақстан толайым мүмкіндіктер мекені. Талпынған жанның үміті ақталатын орта деп есептейді сарбаз. Сондықтан ата-анасы жерұйық санаған мекенде, адал қызмет етіп, үрім-бұтағын жайғысы келеді. Ол айтулы күні барша қазақ еліне шексіз алғысын білдіріп, Ұлттық ұлан қатарындағы Отан алдындағы борышын абыройлы өткеруге серт берді.
Қатардағы Құралай Жантоқова
3514 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімшесі бастығының аға көмекшісі

Semeyainasy.media

 557 всего,  9 

от Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *