Семей.21.12.”Semey Ainasy” – Қылышын сүйретіп қыс келгенде, онсыз да аяздан қалтырап, дегбірі қашқан «Қарағайлы» ықшамауданындағы12 үйдің тұрғындарынан мүлдем маза кетті. 2020 жылдың желтоқсанында жергілікті қала шенеуніктерінің қолынан пәтер кілтін алған отбасылардың қуанышында шек жоқ еді. Жекеменшікке берілу құқығынсыз, яғни, жалдамалы негізде берілсе де, коммуналдық төлемақысы арзан үйді тегін әрі біржола алғандай мәз болысты. Алайда, негізінен көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тіпті, мүгедек адамдардың тұруына арналған үйдің сырты жылтыр көрінгенімен, ішкі бейнеті алда екенін алданып қалғанда, бір-ақ түсінді.

Қазір мұндағы көпқабатты үйдің қайсының есігін қақсаңыз да, тіс-тісіне тимей зар қақсаған жұртты көресіз.

2020 жылдың 25 желтоқсанында кіргенімізде үйімізге берілген жылуда мәселе жоқ еді. Алғашқы екі жылы дұрыс өтті. Былтыр анда-санда жылу тоқтап қалатын. Биыл, жылумен жылап көрісіп отырмыз. Қайда барып, мұңымызды кімге айтарымызды білмейміз?! Жылу маусымы басталғалы үш күн,үш күннен екі рет өшіп қалды. Ақсақалым екеуіміз соғыс ардагеріне және көп балалы батыр анаға берілген баспана ретінде 2016 жылдан кезекте тұрып, кірген едік. Ол кісі дүниеден өткелі үш ай болды. Тоқпен жылытылатын пешті сүйреп кешкілікте жатын бөлмеге, таң атқанда ас үйге сүйрелеп жан бағып отырмыз. Жасым болса, сексеннен асты. Қартайып, денсаулық сыр бергенде, осындай жағдайға тап болам деп кім ойлаған?!Қан қысымым бар. Жылу атымен жоқ, бірақ, төлемқағазы келеді. Бұл қалай екенін түсіне алмай-ақ қойдым,-дейді 40 пәтер тұрғыны Нұршағи Жақыпбекова.

Қарт ананың бастанн өткеріп отырған бұл жанайқайы өзге де пәтер тұрғындарына ортақ. Көп балалы аналардың ішінде баласы ауырып, одан бетер тынышы кеткен отбасы илері де бар. Солардың бірі – 8 баланың анасы, Алтын алқа иегері Марал Жүнісова.

-Балаларымның ауырғанына қазір екі аптадан асты. Жылу жоқтығы өз алдына, су тоқтап қалатындығы да «жығылған үстіне жұдырық» болып тиді. Не жуында алмаймыз. Не ас дайындауға су жоқ. Құр сатып әкелген тамақтармен асқазан алдаймыз. Ыстық су дегенді ұмыттық. Коммуналдық төлемақыны төлеп отырғанымызбен, нәтижесі нөл. Сегіз баламның жетеуі 8 мектепте оқиды. Автобустың қатынауы өз алдына проблема. Біресе, таксименғ біресе, іліккен автобусқа жүгірем. Екі жерде жұмыс істеп, таксиге ақша тапқан боламын. Күндіз НЗМ асханасында, түнде жолдасыммен бірге №2 автобус паркіне барып, қоғамдық көліктерді жуып нәпақа табуға мәжбүр боламын. Үйге түн ауғанда бір-ақ келемін,-дейді М. Жүнісова.

Жанға батқан жағдай шыдатпаған 12 үй тұрғындарына қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов алқынып жетіп, жылу беру жайы алдағы қаңтар айынан бастап, жөнге келетінін айтып сендіріп қана қоймай, осы үйдің барлық жылу жүйесіне жауапты Мерхат есімді азаматтың сапасы көңіл көншітпейтін қызметіне көне тұруға шақырып, уәдені үйіп-төгіп кетті. Ал, қала әкімі «Қарағайлыдан» шыға бере исі қолқаны қабатын көпқабатты үйдің жертөлесіндегі жылу құбыры жарылып, тағы бір бейнеттің «құлағы қылтиып» шыға келді…

С. Кәріпбаев

 1,531 всего,  12 

от Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *