Семей.26.04.”Semeyainasy” – Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында ғұлама, ойшыл, ақын, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған «Ұлттық сана қайнары» атты көрменің ашылуы өтті.
Бұл шара Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі Басқармасы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мемориалдық музейі, Павлодар облыстық Шафердің музей үйі, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Абай музейінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған айтулы дүние.
Көрмеде аталған музей қорларынан ақынның қалта сағаты, бойтұмары, «Сарыарқаның кімдікі екендігі?», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал» атты ақынның Қазан қаласында 1907 жылы жарық көрген кітаптарының және қолжазбаларының тұпнұсқасы орын алды.
Бұған қоса Павлодар облыстық Шафер музей-үйінің қорынан А.Құнанбайұлы, Л.Хамиди, Б.Байқадамов, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов сынды композиторлардың әндері, күйлері, опералық ариялары және К.Байсейітова, Б. Төлегенова, Р.Жаманова, З.Қойшыбаевалардың орындауындағы әндер жазылған күйтабақтар қойылды.
Қуат Қазезұлы
Абай музейінің аға ғылыми қызметкері
1,585 всего, 6