Семей. 17.03. “Semeyainasy” – Тарихы тереңге бойлайтын Ақсуат өңірі – ел қамын ойлаған көсемдер, шешендер, әділ билер, жауға қол бастап шыққан батырлар, күйшілер, күміс көмей әншілер, ақындар, көріпкел әулиелігімен аты аңызға айналғандар, жауырыны жерге тимеген палуандар өмір сүрген, бүгінгі таңда да халықаралық, республикалық додаларда ел намысын қорғап жүрген спортшыларды, өнерпаздар мен ғалымдарды өмірге әкелген алтын құрсақты құт мекен. Дәл осы жерге Амал мерекесі қарсаңында «Шәкәрім керуені» жобасы жұмыс сапарымен келді.
Жоба барысында жылжымалы топ мүшелері былтырғы жылдың қазан айынан бастап осы уақытқа дейін облыстың барлық ауыл-аймақтарын аралауда. Оның құрамында университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, кәсіби бағдар беру және қабылдау бөлімінің мамандары, ProfUnit белсенділері мен шығармашыл жастар бар.
Университет ректоры Бауыржан Ердембеков өз сөзінде “ЖОО-МЕКТЕП” класстері аясындағы байланыс жайлы сөз етті.
– Керуеннің басты міндеті ЖОО мен мектеп, соның ішінде ауыл мектептері арасындағы байланысты күшейту, мектеп директорлары, орынбасарлары, мұғалімдердің біліктілігін көтеру. Осы тұрғыда ауылдың дамуы үшін не істеу керек деген сауал туындайды. Әрине, ауылға жас мамандарды тарту керек. Келесі сұрақ – түлектің өз мамандығын дұрыс таңдауы. Ата-аналар, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері – барлығы баланың мамандығын таңдауға үлес қосуы керек. Тағы да ойландыратын мәселе – ауыл мектептерінің жағдайы. Бұл ретте еліміздің алтын арқауы саналатын ауыл мектептерін жетілдіруіміз керекпіз, яғни, ауыл мектептеріне ғылымды әкеліп, бірлескен методикалық нұсқаулықтар жазуымыз тиіс. Сондай-ақ, жаңа мамандықтар, әр мамандықтың ерекшеліктері, гранттардың бөлінуі, әкім гранты т.с.с. сауалдарға жауап беруге келдік,- деді Бауыржан Аманкелдіұлы.
Сапар барысында ЖОО делегациясы мектеп түлектеріне мамандық таңдау бағытында кеңес берді. Жиыны 200-ден астам мектеп оқушыларына ҰБТ-дағы бейіндік пәндері бойынша шеберлік сабақтар, «Мамандықтар жәрмеңкесі», «Білім апгрейді», «Мамандықты дұрыс таңдайық» тақырыптарында тренинг-кеңестер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ауданның білім беру саласындағы басшылары мен мұғалімдеріне ғылыми-практикалық семинарлар, кәсіптік бағдар беруші мамандарға мектептегі кәсіптік бағдар беруді ұйымдастырудың әдіснамасы тақырыптарында тәжірибелік семинарлар, мамандық таңдауға байланысты ата-аналармен, мектеп бітіруші оқушылармен пікір алмасулар жүргізілді.
Барлық мектеп директорларына көшбасшылық, білім сапасын жоғарлатудың алғышарттары мәселелері турасында workshop өткізілді. ЖОО мен түлектердің өзара байланысын жандандыру мақсатында аталған ауданның дамуына үлес қосқан Шәкәрім түлектеріне, озат шәкәрімдік студенттердің ата-аналарына алғыс хаттар табысталды.
Университет түлегі, Ойшілік ауылының әкімі Серікқали Ығиев өз сөзінде киелі қара шаңырақтың сапалы маман даярлауда үлесі зор екендігін атап өтті.
«Оқуға құштар мектеп» жобасын қолдау мақсатында аудан мектептерінің кітапхана қорына Басқарма төрағасы, абайтанушы, профессор Бауыржан Ердембековтың «Абайтану» кітабы сыйға тартылды.
Мүмкіндігі шектеулі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасынан шыққан түлектерге, түрлі байқаулардың жеңімпаздарына «Шәкәрім гранты» табыс етілді.
Сапар соңында жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында аудандық білім бөлімімен меморандумға қол қойылды. Басқосуда білім беру саласын ілгерілетуге байланысты маңызды ойлар айтылды, болашаққа бағдарланған жаңа жоспарлар талқыланды. Меморандум аясында «ЖОО–МЕКТЕП» кластері аясында ауыл мектептеріне қолдау көрсетілетін болады.
“Шәкәрім керуені” жобасы Көкпекті, Абай, Бесқарағай және т.б. аудандарында жалғасын табады.
Semeyainasy.media
675 всего, 3