Семей.10.12.”Semeyainasy” – Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 31 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз бір жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз бір жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекетімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.

Тәуелсіздіктің отыз бір жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді.Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.

«Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.

Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауәіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды.

Үшінші онжылдық шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.

Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-иновациялық даму», сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік.

Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасындақол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік.

Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттық жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.

Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұдан анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістікері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы.

Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» , аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.

Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды.Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.

Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын брлмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Эконмикалық, әлеуметтік, экологиялық,биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп еткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі

5511 әскери бөлім командирі,подполковник Исенов Айбек Әскерұлы

 

 1,267 всего,  6 

от Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *