Семей.13.08.”Semeyainasy” – Қазақстан халқы осы аптада руханиятымызды әлемге танытқан Абай Құнанбайұлының 177 жылдығын тойлады. Ұлттық ұланда 6-15 тамыз аралығында «Абай жолы – болашаққа бағдар» тақырыбында «Абай онкүндігі» ұйымдастырылды. Халқына «Адам болам десеңіз…», бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болу керектігін айтып кеткен ұлы ғұламаның әр сөзі әлі күнге дейін өміршең.
Абай Құнанбайұлы әдебиеттің дамуына ғана емес, сонымен бірге елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосқан. Ұлы ақын, ойшыл, саяси қайраткер және біздің еліміздің тарихында өшпес із қалдырған, ұлтына ғана емес, жалпы адамзатқа ой салған ғұлама. Ақынның туған өлкесі – Семей қаласында орналасқан 5511 әскери бөлімінің жеке құрамы Абай күнін ерекше ықыласпен атап өтті.
Бөлім командирінен бастап, басқарма мамандары, офицерлер мен сарбаздарға дейін «Абай онкүндігіне» жоспарланған шараларды үлкен мерекедей қарсы алып, үлкен жауапкершілікпен атқарып шықты.
– Осыдан екі ай бұрын қаламыз ресми түрде Абай облысының орталығы болып жарияланғанын білесіздер. Бұл – семейліктердің 20 жыл бойы күткен қуанышы деуге болады. Соңғы жылдары тозығы жеткен нысандардың қайта қолға алынатыны, қордаланған мәселелердің оң шешім табатыны бәрімізді қуантады. Біз де өз тарапымыздан қаламыздың көркеюіне қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы атсалысатын боламыз. Қазақ халқы ғана емес, әлем құрмет тұтатын ұлы тұлғаның туған өлкесінде қызмет атқару – біз үшін үлкен мақтаныш. Бүгін баршаңызды әскеріміздегі «Абай онкүндігінің» ашылуымен және ақынның туған күнімен құттықтаймын! Ғаламдық тұлға қазақты білімге, жаңашылдыққа, жақсыны үйренбекке шақырудан, баулудан шаршамады. Жаңа Қазақстанға бет бұрған бүгінгі ұрпақ осы игі жолда Абайдың мұрасын бойына азық етіп сіңірсе, оны жаһанның ешбір теріс ағымы, батыстың болмысымызға жат үрдістері жыға алмасы анық! – деді подполковник Айбек Исенов.
Онкүндік аясында бөлімнің жас толықтырылымы қаладағы Абай музейіне арнайы барып, ақынның мұрасымен кеңірек танысты. Әрбір бөліністе «Абай туралы не білеміз?» тақырыбында викторина ұйымдастырылып, жауынгерлерге ұлы тұлғаның шығармашылығы насихатталды. Абайдың қара сөздерін дауыстап, өлең-жырларын мәнерлеп оқыған бастамашыл сарбаздар түрлі роликтер әзірледі.
Әскери ұжымдарда Абай бұрышы рәсімделіп, жеке құрамдарға «Абай» көркемфильмі мен «Тарих. Тағдыр. Тұлға» деректі фильмі көрсетілді. Тәрбиешілер буыны және кітапхана бастығының ұйымдастыруымен тақырыптық кештер өткізілді.
Сарбаздар да өз тараптарынан үлкен ықылас танытып, белсенділікпен атсалысты. Бұл олардың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болса ғана, үлкен жетістікке жететіндігімізді ұғынғандықтары деп білеміз.
5511 әскери бөлімнің штаттан тыс корреспонденті
1,758 всего, 3