Семей. 04.02. “Semeyainasy” – Қасиетті Шыңғыстау – шежірелі Абай елі ел руханиятындағы айрықша маңызы бар қастерлі орын. Үш бірдей ой алыбын тудырған киелі мекен – барша қазақ баласының тағзым етіп, бас иетін ең құтты ордасы.
Ұлт көшбасшысы, ҚР тұңғыш Президенті, елбасы Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы ұлы Абай елінде болып ұлы баба рухына тағзым етсе, елбасының дара саясатын жалғаған, елдің тізгінін ұстаған Президентіміз Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың сәуірінде елге келіп, ойшылдар рухына тағзым етіп, ақынның туған халқына, руханиятына айрықша құрмет білдірді. Алғашқы Жарлықтарының бірін ұлы Абайдың 175 жылдығын мерекелеуге арнады.
2020 жыл ауданымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Ұлы ақынның 175 жылдығын өткізу барысында рухани маңызы зор іс- шаралар арқылы болашаққа қызмет ететін тарихи құндылықтарымызға ерекше назар аударылды. Тауы мен тасы тарихқа тұнған шежірелі мекенімізде пандемия салдарынан мерейтой дүркіреп өтпесе де, облысымыздың басшысы Д.Ахметовтың ақын еліне көрсеткен ерекше қолдауының арқасында халықтың игілігіне жарайтын, ел болашағына қызмет ететін, ұрпағымызға үлгі болатын бірқатар игі істер жүзеге асырылды.
Елді көркейтуге бағытталған жұмыстар ең алдымен ақынның кіндік қаны тамған, ауданымыздағы тарихи маңызы зор мекен Сырт Қасқабұлақ пен қасиет қонған, құт дарыған Ақшоқыда жүзеге асырылды.
Ұлы Абай Құнанбайұлы дүние есігін ашқан «Сырт Қасқабұлақ» мекеніне кіреберіс жол орташа жөндеуден өтіп, асфальтталды. Абайдың домбырасының пішінінде жасалған нысан басына ақынның ұлағатты 45 нақыл сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылып, ерекше бір сезімге бөлейтін орынға айналды. Мәрмәр тастарды жағалай шырша, шынар ағаштары отырғызылды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең…» деп жазылған стелла тұрғызылды.
Одан соң елімізде алғаш рет ұлы Абайдың кемеңгер әкесі Құнанбай Өскенбайұлына арналып, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін дәріптейтін Құнанбай музейі салынды. Музей Құнанбай әулетінің шежірелі мекені болған Ақшоқы басында орналасқан.
Аудан орталығы Қарауылда 300 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі үлгісіндегі жаңа оқу ғимараты бой көтеріп, былтырғы жылы алғашқы түлектер 11 сыныпты тәмәмдады.
Абай мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың қолдауымен Қарауыл ауылындағы сонау 1976 жылдан бері жөнделмеген, тозығы жеткен су құбырларын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, жоба бойынша су жүйесі әр үйдің қоршауына дейін жеткізіліп, қазіргі таңда ауыл тұрғындары таза ауыз сумен толығымен қаматамасыз етілген. Сонымен қатар, Қасқабұлақ пен Архат ауылдарындағы су құбырлары да назардан тыс қалмады.
Мемлекеттік бағдарлама Қасқабұлақ, Орда, Архат елінен бастау алып, Қарауыл, Саржал, Медеу, Тоқтамыс, Кеңгірбай би, Көкбай, Құндызды ауылдарын толық қамтып, ауданның көрікті орындарының санын арттырды. Аталған жоба барысында ерекше жөндеу жұмыстарына ие болған Мамай орта мектебі толықтай жөндеуден өтсе, ал С.Бекбосынов, Көкбай, Медеу орта мектептерінің шатырларына жөндеу жұмыстары жүргізілді, Медеу, Ш.Әбенов, М.Әуезов пен Ж.Молдағалиев атындағы мектептердің оқушылар жуынатын бөлмелері толықтай жөндеуден өтті.
Мерейтой қарсаңында Қарауыл ауылының сырт жағынан «Абай» саябағы ашылып, абаттандырылып, көркейтілді. Саябақтың ашылуының арқасында ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды.
Жидебайдағы баба рухы мәңгілік тыныс тапқан Абай- Шәкәрім мемориалдық кешені және ақынның музей- үйі ел мақтанышы боларлықтай нысанға айналды. Нысан замануи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай гранит таспен көмкерілді.
Атқарылған істерден бөлек ауылшаруашылық, өнеркәсіп салаларында да игі жұмыстар атқарылып, назардан тыс қалмады.
Абай атамыздың 175- жылдығынан кейін де ауданымызды дамыту жұмыстары ары қарай өз жалғасын тапты. Мысалға, 2021 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс әкімдігі тарапынан берілген квотаға сәйкес тұрғын үйлер салынып, кезекте тұрған тұрғындар және аз қамтылған, көп балалы отбасылар баспанамен қамтамасыз етілді.
Қарауыл ауылында «Құнанбай Қажы» атындағы мешіттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда, Абай атамыздың арқасында Абай елі әлеуметтік-экономикалық жағынан зор серпіліске ие болды. Ұйымшыл да, берекелі Абай елі алдағы 2022 жылы да еселі еңбек үлгісін көрсетіп, жаңа белестерден көріне береді деген сенімдемін.
Кәкімова Жұлдызай Маратқызы
Семей қаласының Шәкәрім атындағы
университетінің филология факультеті
журналистика мамандығының ІІ курс студенті
828 всего, 12