Семей. 14.12. “Semeyainasy” – Айтулы мереке қарсаңында, Тәуелсіздік жылдарында ел дамуына үлес қосқан қала белсенділері мен қоғам қайраткерлері марапатталды.
Жиналғандарды ШҚО әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділов құттықтады.
– Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар, қадірлі жерлестер! Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қуатты Қазақстанның негізі қаланып, халықаралық аренадағы беделі артты.Тәуелсіздік жылдары тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық саяси реформалар қабылданды. Халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмыс саласы артты. Шығыс Қазақстан облысында өмірдің барлық салаларында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Жан басына шаққанда жалпы өмірлік өнім көлемі 33 есе өсті, сыртқы сауда айналымының көлемі 9 есеге артып, өңірді дамытуға 5,3 трлн теңге инвестиция тартылды.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыстардан аман-есен өткен біздің ірі кәсіпорындарымыздың өнімі 30 жыл бұрын 28 млн теңгені құраса, бүгінгі күні жылына 2 трлн теңгеге жетті. «Қазмырыш» АҚ мыс балқыту зауыты, «Өскементитан-магний комбинаты» АҚ титан құймалары мен қорытпаларын өндіру зауыты әлемдік заманауи өнідірістер іске қосылды. Сонымен қатар Ақтоғай, Бақыршық тау-кен байыту зауыттары іске қосылды. Біздің агроөнеркәсіп кешеніміз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, облысымыздың ғана емес республикамыздың экономикасына да қомақты үлес қосты. Осы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдері 9 есеге ұлғайды. 8 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, 88 мыңнан астам адам жаңа қоныстарға ие болды. Семей және Өскемен қалаларының әуежайлары қайта жаңартудан өтті, сондай-ақ Үржар әуежайы қайта жаңартылуда. Үш мың шақырымнан астам жолдар жөнделді, 41 көпір салынды, қазіргі уақытта Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Осы жетістіктердің барлығы – шығысқазақстандықтардың күнделікті еңбегі, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруларының нәтижесі, – деді өз сөзінде Нұржан Жұмаділов.
– Біз жалпыұлттық мерекені өз елімізге деген ерекше мақтаныш сезімімен атап өтудеміз. Осы барлық жетістіктерге Елбасымен жүргізіліп және оны одан ары жалғастырып келе жатқан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты, реформалары арқасында қол жеткізіп отырмыз. Солардың арқасында Қазақстан халқының сан ғасырлық арманы орындалды, күшті және тәуелсіз мемлекет қалыптасты, – деді Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды.
Семей қаласындағы ақпараттық орталығы
1,290 всего, 9