Семей.02.08 “Semeyainasy” – Мемлекет басшысы, Жоғары Бас қолбасшымыз «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»» атты халыққа арналған кезекті жолдауын қазіргі күрделі кезеңді еңсерудің жаңа бағыттарына арнады.
Әлемде белең алған эпидемиялық ахуал еліміздің барлық саласына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Президентіміз мемлекеттегі саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыс орындарын және халықтың табысын арттыру үшін 5 негізгі бастамасына кеңінен тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы ең әуелі алдағы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл 1 млн қазақстандыққа тікелей, ал еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді деген сөз. Бұл әлеуметтік қолдау Ұлттық ұландықтарды да сырт айналып кеткен жоқ. Мәселен, 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады.
Қазірдің өзінде Ұлттық ұландықтардың айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. Сонымен қатар, еліміздегі 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы жасақ құрамындағы келісімшарт бойынша қызмет атқаратын барлық әскериге офицер шенін беру жоспарланғанын атап өту керек. Яғни, бұл офицерлік шенге байланысты жалақы мөлшері де өседі деген сөз.
Бұл біздер үшін маңызды әлеуметтік қолдау болмақ. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тамыз айында “Қайсар-2021” оқу-жаттығуында әскерилер алдында сөйлеген сөзінде: «Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді» деген еді. Яғни, жоғарыда аталған әлеуметтік қолдаулар елдің ішкі тыныштығын сақтау жолындағы бізге артылған үлкен сенім деп түсіну қажет. Сол сенімді ақтау үшін ел мүддесі жолында бар күш-жігерімізді аямай қызмет ету керекпіз.
Мемлекет басшысы өз жолдауында Қорғаныс қабілетімізді күшейтуге ерекше тоқталды. Ол үшін тіпті, Әскери доктринамызды толықтай қайта қарастыруға міндеттіміз дегенді айтты. Меніңше, бұл дер кезінде көтерілген мәселе. Себебі, әлемдік шиеленіс Таяу Шығыстағы Ауғанстанға да келіп жетті. Ол елмен ортақ шекарамыз болмағанымен, көршілес елдердегі тұрақсыздықтың салқыны бізге де тиері анық. Сондықтан, президентіміз өз жолдауында сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие екенін тілге тиек етіп, Стрес-тест өткізіп, сценарийлер дайындаған жөн деді. Яғни, бұл еліміздің барлық қарулы күштерін сырттан келетін қауіп-қатерге дайын болуға міндеттейді.Өз кезегінде Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары мен әскери бөлімдерінде жауынгерлік, штабтық жаттығулар кешенді түрде өткізіліп тұрады.
Қолжетімді әрі сапалы білім мәселесіне тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыру мақсатында мектептен бастап жоғарғы оқу орындарына дейін «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізу керек деді. Қазіргі нарықтық қоғамда бұл нағыз қажетті ілім болатыны сөзсіз. Себебі білім беру саласы бір орында тұрмауы қажет. Осы ретте әскери салада мамандық алудың мүмкіндігі де сөз болды.
Мемлекет басшысы сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын алуға мүмкіндік беру қажет деді. Демек, бұл мақсат жүзеге асса, жедел шақырылымдағы сарбаздар әскерден кейінгі жұмысқа орналасу мәселесіне алаңдамай, өзіне қажетті мамандықты да игеруге мүмкіндік алар еді.Меніңше, бұл жастар арасында жұмыс мәселесін шешіп қана қоймай, әскерге баруға деген ынтасын арттыруға өз септігін тигізуі әбден мүмкін.
Президент жолдау соңында: «Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз.Бұл біздің қолымыздан келеді.Мен бұған кәміл сенемін.»- деді.
Ендеше, мемлекет басшысының жолдауында қойылған көптеген әлеуметтік-экономикалық бағыттағы талаптар мен тапсырмалар сіз бен біздің адал әрі қажырлы еңбегіміздің арқасында ғана жүзеге асып, өз жемісін берерін қаперге алуымыз қажет.Себебі, мұқым мемлекеттің дамуы тек бір адамның ғана емес, тұтас халықтың бірлігімен қол жеткізуге болады.
Полковник Берік Тоқтаров,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы,
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие жөніндегі орынбасары.
1,731 всего, 3