Семей.14.05.”Semeyainasy” – Мамыр айының алғашқы күндері Тайланд астанасы Бангокта ММА аралас жекпе-жектен Азия чемпионаты өтті. Сары құрлық үздіктері жиналған байрақты бәсеке, Қазақстан құрамасының жалпы есептегі жеңісімен аяқталды. Ұлттық құрама намысын қорғаған Шәкәрім университетінің студенті Жұматаева Талшын Азия чемпионы атанса, Қазақ иновациялық гуманитарлық-заң университетінде білім алатын Жүсіпова Шынар қола жүлдені қанағат тұтты. Баспасөз мәслихатында жарыстан алған әсерлерімен бөліскен бұрымдылар, жеңістің оңай келмегенін атап өтті.
-Спортқа бала күнімнен бері қызығам. Оқу бітіргеннен кейін де спортта қалсам деген ойым бар. Осы спортқа деген махаббат мықты қарсыластарға төтеп беріп, алға қарай жылжуыма мүмкіндік берді деп ойлаймын,- деді Азия чемпионы Талшын Жұматаева.
Спортшылардың жаттықтырушысы Сансызбай Саельдинов бұл нәтиже ШҚО ММА федерациясының жалпы жеңісі екенін атап өтті.
-Осы жарыста бізді қолдаған азаматтарға алғысымды айтқым келеді. Жаттығу үшін барлық жағдайлар жасалды. Осы қыздардың жеңісің көріп жаттығу залына көптеген жастар келіп жатыр. Алда болатын әлем чемпионатына тыңғылықты дайындық жүргізіп, ел намысын жоғары деңгейде қорғауға тырысатын боламыз.
Азия біріншілігінде топ жарған Талшын Жұматаева жаз айларында өтетін ММА-дан Еуропа және Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, ШҚО спортшылары тарихта алғаш рет ММА бойынша Азия чемпионатынын жүлделеріне қол жеткізіп отыр.
Семей қаласының ақпараттық орталығы
Фото; Семей қаласының ақпараттық орталығы
1,006 всего, 12