Семей.25.04.”Semeyainasy” – Семейде “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ өкілдері мердігер фирмалар,Құрылыс және сәулет бөлімдерінің мамандарымен бірлесіп баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесу барысында Қарағайлы шағын ауданында “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы аясында 118 пәтер және “Өз үйім”бағдарламасы бойынша 32 пәтер сатылғаны белгілі болды.
“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ Бизнесті дамыту бөлімінің бастығы Меруерт Ахметуллинаның айтуынша “Нұрлы жер” бағдарламасымен Қарағайлы шағын ауданында 368 пәтер ұсынылған.
– “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы төлем қабілеті төмен топтарға кредит беруді көздейді. Мұнда несие беру мөлшерлемелері жеңілдетілген. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20 пайызы болса, пайыздық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Бірақ қатысушыларда соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйдің меншік құқығы болмауы тиіс, – деді М. Ахметуллина.
Құрылыс компанияларының өкілдері көпқабатты үйлер сапалы құрылыс материалдарынан салынатынын айтты. Кепілдік мерзімі 3 жыл. Кепілдік аяқталғаннан кейін тұрғындар пәтер иелерінің кооперативімен бірлесе отырып үйлерді бақылауға алатын болады.
– Тұрғындар сатып алу-сату шартын рәсімдеп, барлық құжаттарды қолға алғаннан кейін компания өкілдеріне қоңырау шалады. Біздің мамандар пәтер иелерімен бірге пәтерді тексереді. Егер қандай да бір ескертулер мен өтініштер болса, жеке тәртіпте қаралып шешімін табады. Басым көпшілігінде пәтер иелері ескерту айтпайды,-деді “Азия” ЖШС өкілі Арлан Күзбаев.
БАҚ өкілдері құрылыс салушылардан көп қабатты үйлердің құрылысына берілген жердің қаншалықты жарамды екенін сұрады, себебі ықшам аудан құмды негіз ретінде белгілі.
– Жобалау ұйымы жобаны әзірлемес бұрын геологиялық зерттеулер жүргізеді. Мамандар топырақ сынамасын алады,жер асты суларының тереңдігін өлшейді және осы деректерге сәйкес құрылыс шешімдері қабылданады. Сондықтан ешқандай алаңдаушылық болмауы керек. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Сарапшылар тексеруде және қайта тексеруде, – деп атап өтті А.Күзбаев.
Сонымен қатар, Қарағайлы жаңа шағын ауданында 4 орта мектеп пен 5 балабақша салу жоспарлануда. Кейбір әлеуметтік нысандарға жер телімдері бөлінген.
Семей қаласының ақпараттық орталығы
657 всего, 6