Семей.29.03.”Semeyainasy” – Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев Семей қаласының жаңа туристік логотипін таныстырды .
М. Құржықаев биылғы жылдың ақпан айында қаланың үздік туристік логотипіне конкурс жарияланғанын айтты. Конкурсқа 20 эскиздік жұмыс келіп түсті. Мамандардың шешімі бойынша Әділбек Қайсеновтың жұмысы үздік деп танылып, жас дизайнерге туристік фирмалар атынан 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді .
– Логотип көп түсті болмауы керек. Үш түс жеткілікті. Логотип қысқа және біздің қала туралы ақпарат беруі тиіс, – деп нақтылады М. Құржықаев.
Туристік логотиптің негізгі түсі-жасыл. Ол біздің қаланы қоршап тұрған қарағайлы орманды бейнелейді. “Е” әріптерінің бірі қолындағы пиаласы бар адамның бейнесіне ұқсайды. Бұл қонақжайлықтың символы. “М” әрпі – біздің аспалы көпір. Сонымен қатар логотипте елдің символы-күн бар.
-Біз қазір Семей туралы жарнамалық бейнероликтер дайындаудамыз. Оларды әлеуметтік желілер, соның ішінде шетелдік платформалар арқылы таратамыз. Ол жақтағы әріптестермен келісім бар. Жаңа туристік логотип барлық бейнероликтерге орналастырылады , – деді М. Құржықаев.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басында қалалық спорт бөлімі жанынан туризм секторы құрылды. Қазір мамандар біздің өңірге шетелдік туристерді тарту бойынша жобаларды әзірлеуде. 2018 жылы Семей қаласына 7 500-ден астам турист келген болатын.
Семей қаласының ақпараттық орталығы
Фото: Семей қаласының ақпараттық орталығы
928 всего, 3