краеведческий

Халқымыздың өз еркіндігі үшін күрес жолында мәңгі өлмейтін терең із қалдырған белгілі қайраткерлердің бірі, ағартушы, Алаштың қыраны – Отыншы Әлжановтың туғанына 145 жыл толып отыр.

Кешегі отаршылдық кезінде осынау орасан құндылықтарымыз құрдымға кете жаздады. Асқақ рухынан адасқандай аянышты күй кешкен Ұлы Дала ұландарының басына бұлт үйірілді. Тарихтың тар кезеңіне тап болған қара түнектегі қазаққа жол көрсетіп, жөн сілтер көзі ашық, көкірегі ояу көшбасшылар қажеттігі туындады дәл осы тұста. Жиырмасыншы ғасырдың бас жағында қараңғылықтың көгінде жұлдыздай жарқыраған Алаш арыстары сол соқталы міндетті өз мойындарына алды. Ұлт көсемі Әлихан бастаған, ақылды Ахаң, Жақаң және басқа жақсы-жайсаңдарымыз қостаған ағартушылық бағыттағы оқығандарымыз озбыр қоғамның оңбаған саясатын аяусыз сынға алды. Езілген елінің еңсесін көтеруге көп еңбек сіңірген ерек тұлғалардың бірі Отыншы Әлжанов болатын. 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысына қарасты №6 ауылда туған ол айналасынан ат оздырып, Алаш қозғалысының нағыз наркескеніне айналды. Ауқатты отбасында тәрбие алып, қаршадайынан хат таныған талапты жас алдымен Зайсандағы орыс-қырғыз училищесін, одан соң Омбыдағы қалалық училищені, мұғалімдер семинариясын үздік бітіріп, біраз уақыт

мұғалімдікпен айналысқан. Кейінірек Ақмола округтік сотының аудармашысы, Көкпекті қаласындағы орыс-қырғыз училищесінің директоры болып жұмыс істеген. Айрықша атап өтерлігі, 1897 жылы бірінші бүкілресейлік халық санағына қатысады. Ал, 1907 жылдың қазан айында Санкт-Петербургте Ресей халық ағарту министрлігі тарапынан құрылған «Бұратана халықтардың оқу ісі мен мектептері туралы заң жобаларын қайта құру» комиссиясының жұмысына Дала генерал-губернаторына қарасты қазақтардың өкілі ретінде тартылған. Қазағының қамын ойлаған қайраткер «Дала уәлаятының газетіне» өлкеміздегі өзекті мәселелерді көтеріп мәнді мақалалар жазып тұрған. Әсіресе, оқу-ағарту саласының проблемаларын саралап, қанаудағы қандастарының тұралаған тұрмысын талдаған, патшалық режимнің сұрқия әрекеттерін әшкерелеген, қаперсіз қалғып-шұлғыған жерлестерін қалың ұйқыдан оянуға үндеген публицистикалық пайымдары қ-аламгердің қарымды шығармашылық қабілетін танытқаны талас тудырмаса керек. Мәселен, автордың «Ғылымға қарай тағы бір қадам», «Қазақ балаларын тәрбиелемек тұрғысынан өсиет әңгімелер», «Қазақтарға пайдалы кітаптар», «Қазақтардың медресе ашқандары», «Қырдағы Рамазан айты», «Билердің бітімдері» секілді т.б. жарияланымдары танымдық тұрғыдан ерекше маңызға ие екендігін айта кеткеніміз абзал. Демократия «дертіне» ұшыраған дегдар жігіттің «сенімсіз» саяси көзқарасынан сескенген жандармерия жандайшаптары оны Жетісу облысындағы Лепсі уезіне жер аударады. Сонда қуғын-сүргінде жүргеніне қарамастан қарағайдың қарсы бұтағындай талай қайсар достар тауып, ұлтжандылық қасиеттерін одан сайын ұштай түседі. Монархиялық билікті тақтан тайдырған 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Уақытша өкіметтің өкілетті уәкілі ретінде аз-кем қызмет атқарады. Ең бастысы, Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесінің мүшелігіне сайланады. Құрылтай қа-рарындағы өзіне жүктелген міндетті өтеу мақсатында Жетісу аймағында Алаш милициясын жасақтауға бел шешіп кіріседі. Атыс-шабысқа толы аласапыран уақыттың айықпас тұманына кезіккен халқымен бірге «Алаш» серкелері де сергелдеңге түсіп, қай жолды таңдарын білмей аңырып қалғандары жасырын сыр емес. Содан біресе Советтермен, біресе Колчак, Дутов, Анненковтардың әскерімен одақтасып, Қазақ автономиясын құрудың бар амалын қарастырған ғой басқа мүмкіндіктері қалмағандықтан. Бұлғақ заманның бұл қан қасабы қазаққа қандай зардап әкелетінін түсініп, ақтан да, қызылдан да түңілген Отыншы Әлжанов қасына сенімді серіктерін ертіп, туған ауылына қайтады. Ағайын арасындағы беделді ақсақалдармен әрі-бері ақылдасып, Қытай шекарасына асуды жөн көреді. Екі жақты шапқыншылықтан есепсіз қырылған қазақтарды көріп қатты қамығады. Арғы

бетке ауғалы отырған ауылға бірде Мамонтовтың қызылгвардияшылары қырғидай тиеді. Бейбіт елді бөріктірген безбүйректерге қаны қайнаған өр мінезді Отыншы өзінің отрядымен қорғанысқа көшеді. Ағаш диірменнің төбесіне қол пулеметін құрып тастап, жауына оқ жаудырған есіл ер ақырында отқа оранып опат болады. Қайғылы қазаға байланысты Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінде: «Қызықты ғұмырыңның көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбатты Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас» деп жазғаны белгілі. Иә, Міржақып Дулатұлы көрегендікпен дұрыс болжағандай, алаштықтар армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан бүгінде бүкіл төрткүл дүниеге танылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен өркениет өріне беттеп барады. Алаштың ар-намысы атанған асылдарымызды ардақтау арнасын тапты. Бүгінде Үржарда орнатылған Отыншы Әлжановтың бюсті осы ойымызды айғақтары анық. Міржақып Дулатовтың мына бір сөзінің атан түйені қайыстырардай астарына үңілсек: «Алаш біріксе, алынбайтын қамал жоқ, егер бірікпесе, құл болудан басқа амал жоқ». Түсінгенге түпсіз терең афоризм.

Отыншы Әлжанов тек шырайлы Шығыстың ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ қадірлі қайраткері. «Қаншама жылдар бойы бұл кісі жайында ештеңе айтылмады, елеулі еңбектер жазылмады. Осы олқылықтың орны енді толуға тиіс. Баспасөз беттерінде Әлжановтың публицистикасын там-тұмдап болса да жарияласа қандай ғанибет. Оларды іздеу, жинау, деректанулық талдау жұмыстары үздіксіз жалғаса берсе нұр үстіне нұр. Қазақтың қабырғалы ақыны Серік Тұрғынбекұлы жырында: «Ел намысын бермеген, Қара қылды қақ жарып. Арыс болса өлмеген, Ол – Отыншы Әлжанов» – деген болатын. Отыншының Міржақыпқа жазған хатындағы «Халықтың басына қиямет-қайым туды. Қатын-баламды алып кетіңдер. Мен не көрсем де халықпен бірге көрем, өлсем де, тірілсем де» деген жолдар жүректі қатты тебірентеді. «Қиын-қыстау шақта біз осылай айта аламыз ба, жоқ па?! Сондықтан Отыншы атамыздай арыстарымыз ешқашан ұмытылмақ емес!» Алаш қозғалысының тарихы – отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Қазақтың тәуелсіздігі мен өрелі ұлтқа айналуына қызмет еткен тұлғалардың әрқайсысы тарихта өз орнын алуға тиіс.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің

«Ғылыми-әдістемелік және көпшілікпен экскурсиялық жұмыстар»

бөлімінің меңгерушісі Тортенова Гүлнұр Шалатайқыз

 802 всего,  3 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *