Семей. 07.03. “Semeyainasy” – Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап Елбасы білім саласына ерекше көңіл бөліп, әлемнің ең беделді көптеген жоғарғы оқу орындарымен түрлі келісімшарттарға қол қойысып, ел жастарының шет елдерде білім алуларына жол ашып, екі жақты интеграцияны күшейткен болатын.
Көреген көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев оқуға, ғылымға қай кезде болмасын басты назар аударып қана қоймай, іс жүзінде бірталай игі бастамалардың себепшісі бола білді. Президентіміздің «Қара суда қаймақ болмайды, хас шеберде оймақ болмайды, оймақсыз-ақ халықтың ойынан шығу үшін тағы да білім керек.», – деген қанатты сөздері мені әрқашан жігерлендіріп, шабыттандырып,алға қарай ұмтылдырды.
Жастайымнан Түркі елінің мәдениеті, халқының тұрмыс-тіршілігі, олардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы шыны керек мені қатты қызықтырды. Сол себептен болар Туркия мемлекетіне барып, болашақта сол жерде оқысам деп армандадым. Есейе келе ол арманым мені алға жетеледі.
Шәкәрім университетінде 1 курс оқып жүргенімде Философия және саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры , тарих ғылымдарының кандидаты Арафат Мажитұлы шет елдерде «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы кез-келген мемлекетте білім алуымызға толыққанды мүмкіндігіміз бар екендігін жиі айтатын. Сөйтіп Арафат Мамырбековпен жолығып, барлық талаптарды жан-жақты зерделеп, осы кісінің қолдауымен Түркияның Денизлі қаласындағы Памуккале университетінде қатарынан екі мәрте алты ай көлемінде, түрік тілінде өз ісінің нағыз майталман профессорларынан білім алу бақыты бұйырды.
Денизлі шаһары студенттер қаласы деп айтсақ та артық айтпағанымыз. Қазіргі таңда Памуккале университетінде жыл сайын өздерінің білімдерін жетілдіру мақсатында Германия, Польша, Румыния, Норвегия, Молдавия, Иран, сондай-ақ Африка елдері мен Орта Азияның бірқатар мемлекеттерінің жас азаматтары ағылып келіп жатады. Бұл жоғары оқу орнында оқимын деген адамға барлық жағдайлар жасалған. Кампуста жатақханалар, кітапхана, ғылыми-зерттеу орталықтары, үлкен асханалар мен кафелер, тіл орталықтары мен жаттығу залдары, саябақтар, тіптен театр залдары мен спорт алаңдары да бар.
Түрік халқының қазақ жұрты сияқты қонақжай екенін айтпасам да түсінікті шығар. Денизліде оқып жүрген уақытта мені құшақ жая қарсы алған, екінші ата-анамдай болып кеткен Байсал әулетін еш ұмытпаспын. Неге десеңіз, Хасан мырза мен Шефрика ханым бізге ерекше қамқорлық көрсетіп, үйінің жоғарғы қабатына орналастырып, барлық жағдайымызды жасауға тырысты. Ол шаңырақ тек қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп қана қоймай, Семей мен Денизлі арасындағы шағын елшілік мекеніне айналды десем қателеспеспін. Себебі біз олардың үйінде тұрған алғаш қазақ қыздары едік. Бізді бауырына басып, отбасымыздан жырақта жүргенімізді мүлдем сездіртпеді. Байсалдар әулеті мен елге оралар тұста, бұдан былай Семейден келетін қазақ студенттеріне үнемі есігіміз әрдайым ашық болады деп уәде еткені бар еді… Бүгінгі таңға дейін Денизлідегі Шефика анамыз бен Хасан әкеміздің шаңырағына Қазақстаннан елудей студент-магистрант, докторанттар ат басын бұрғаның сөзге тиек еткен жөн болар. Олардың мейірімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, тіпті біздің диплом алу кешімізге де сонау Түркиядан келгені шын мәнінде үлкен ерлікпен пара-пар. Иә, шынымен жақсы адамдар бар ғой… Тек көрсетілген жақсылықты байқай біліп, қадірін түсініп, бағалай білсен болғаны. Менің әлі күнге дейін араласып тұратын Байсал жанұясына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Шетелге шығам деуші жастарға айтарыңыз?
— Қазақта әдемі сөз бар: «Қарағайдың қырық бұтағы болғанымен біреуі ғана түзу таяқ болады, қалғаны ит таяқ пен саптыаяқ болады» деген. Ал біздің заманымызда еліміздің әр перзенті түзу таяқтай халықтың кәдесіне жарауы тиіс. Шетелге шығатын әрбір қазақ баласы ұлтының айнасы екенін естен шығармағандары абзал. Ұлттың айнасы болу деген мойындағы үлкен жауапкершілік. Өзіміздің тілімізді, ділімізді, салт дәстүрімізді жүз пайыз білуі керек. Елден білім алу мақсатымен кеткеннен кейін сол парызды толыққанды орындаса, әр басқан қадамдарында мен елімнің жауапкершілігін арқалап жүрмін деп іштей сезінсе бәрі жақсы болары анық. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанымызды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған біздер үшін алға қойған мақсат анық – ол білім жолында аянбай еңбек ету.
Шырын Қауанова
Ғанибек Түсіпбек
482 всего, 3