Семей. 01.03. “Semeyainasy” – Сәрсенбінің сәтті күнінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде ұлы Абайдың жиені, филолог, этнограф, Семей қаласының және Абай ауданының құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Балтабек Ерсәлімовтың 80 жас мерейтойына арналған «Ұлағатты істердің ұйытқысы» атты кеш өтті.
Әдеби-сазды кеште Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филормонияның өнер иелері домбырамен күмбірлетіп ән салса, ал Балтабек атамен осы уақытқа дейін тығыз қарым-қатынас орнатып келген достары, шәкірттері, бірге қызмет атқарған әріптестері сахна төріне шығып сөз сөйлеп, өткен шақты еске алды. Сондай-ақ Балтабек Бәзілұлын республикалық «Абай» қорының қазіргі президенті Отантай Кәріпжанұлы өз атынан құттықтап, «Абай» медалін кеудесіне тақты.
Ұлылар мекені Семей шаһарына кімдер ат басын бұрмаған! Оларға Балтабек атамыз асылдың тұяғы, қаламыздың гиді мен паспорты да бола білді. Заманының біртуар тұлғаларымен сырлас болған Балтабек Ерсәлімовты танымайтын қазақ кемде-кем, содан да болар залдың іші лық толы болды.
«Абайдың көзі» атанған Балтабек атамыз бен «Адал келін» атанған Күлжікен апамыздың жанұясына «Семей Айнасы» ақпараттық агенттігінің ұжымы тек жақсылық тілейді. Қазақтың осындай дархан пейілді азаматтары көп болғай.
Ғанибек Түсіпбек
1,155 всего, 9